16 Наурыз, 2013

Жұмыс өзегі – халық сенімі

364 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұмыс өзегі – халық сенімі

Сенбі, 16 наурыз 2013 2:03

Тәртіп дегеннен шығады. Қазір билік қоғамда тәртіптің жоғалып бара жатқанын байқады ма, жаппай қамданып жатыр. Бірақ бір қозғалып кеткен заң бұзу үрдісі қалыпты ырғағынан жаңылар емес. Тіпті, мемлекеттік биліктің нағыз көрінісі, қолы болып табылатын жол полиция қызметкерлерінің өзі тәртіптің жоқтығынан кейде не істерін білмейтін секілді.

 

Сенбі, 16 наурыз 2013 2:03

Тәртіп дегеннен шығады. Қазір билік қоғамда тәртіптің жоғалып бара жатқанын байқады ма, жаппай қамданып жатыр. Бірақ бір қозғалып кеткен заң бұзу үрдісі қалыпты ырғағынан жаңылар емес. Тіпті, мемлекеттік биліктің нағыз көрінісі, қолы болып табылатын жол полиция қызметкерлерінің өзі тәртіптің жоқтығынан кейде не істерін білмейтін секілді.

Бірде көлікті тоқтатқан жол полиция инспекторы жүргізушінің құжаттарын әрі-бері тексеріп, түк таба алмаған соң: «Сіз барлық жарықты жағып алыпсыз, бұл – заң бұзушылық» депті. Мұндай тырнақ астынан кір іздейтін тәртіп сақшыларының дәрменсіз әрекетіне не күлеріңізді, не күлмесіңізді білмейсіз. Осындай жауапсыз әрекеттерден кейін халық құқық қорғаушылардан құқын қорғау туралы көмек күту түгілі, атшаптырым айналып өтуді қалайды.

Ал осындай күнде кездесетін келеңсіз жағдайлар­дан кейін құқық қорғаушылар арасында бір құмалақтар көп дейін десек, кеше ғана елімізде тәртіпті жақсарту үшін бұрын-соңды болмаған кең көлемді құқық қорғау органдарын аттестаттау жүргізілді. Алайда, жасыратыны жоқ, одан қазір нәтиже де көрінбей тұр. Қайта керісінше құқықты бұзушылар емес, құқық бұзушы құқық қорғаушылар көбейіп кеткен тәрізді. Әсіресе, мына жол полициясы қызметкерлерінің ала таяқтарын асыра сілтеуі жұрт наразылығын күшейтіп отыр. Бірақ соған қарамастан бұл кемшіліктің Жол полициясы комитеті тарапынан түзетілу жағы көрінбейді. Олардың тәртіпті, заңды өкілеттіктерін асыра сілтеп бұзып жатқандығы туралы көптеген мысалдар бар, бірақ одан не пайда? Көрер көз, естір құлақ болғанмен, жағдайды сауықтыруға нақты әрекет болмаса не істейді жұрт. Сондықтан да қазір құқық қорғау органдарына деген халықтың сенімі жоқтың қасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кеңесте ашық айтты. Алайда, «Баяғы жартас, бір жартас» деген амалсыз күрсіну артып барады.

Енді құқық қорғау органдарын осы тығырықтан шығарудың жолын қарастырған Бас прокуратура Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобына жетекшілік етіп, құқық қорғау жүйесін жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуге кірісіп кетті. Міне, осы аталған тапсырманы жүзеге асыру бойынша жүргізіліп отырған жұмысты кеңінен жария­лап және оған ғалымдарды, Парламент депутаттарын, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерін, қоғам қайраткерлерін тартып, аталған бағдарлама жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Онда Бас Прокурор атап өткендей, бүгінгі таңда жүйені түбегейлі реформалау, құқық қорғау органдарының жұмыс нысандары мен әдістерін, адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, стратегиялық құжат қоғамдық қауіпсіздіктің және ішкі саяси тұрақтылықтың тиімді жүйесін құруға, оның құқық қорғаушылық функция­сын арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық және заңнамалық шараларды қабылдауды қамтамасыз етуді көздейді.

Дөңгелек үстелде сөз алған Бас Прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына айрықша назар аударып отыр, деді. Жыл сайынғы Жолдауларында Президент құқық қорғау органдарын жаңғырту – елдің басым бағыттарының бірі ретінде саналатындығын, сондықтан адамдардың құқын қорғау жоғары тұрғандығын, бұған өте жауапты қарау қажеттігін айтады. Бұл орайда, басқа да заңды құжаттармен қатар, әсіресе, мына тәртіп сақтау саласындағы алғашқы өзгерістің баспалдағы болып «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Елбасының Жарлығын атар едік. Оны орындау үшін құқық қорғау органдарының қызметін айтарлықтай өзгертетін 19 заң қабылданды. Енді жаңа міндетті орындау үшін де бірқатар заң жобалары дайындалып жатқандығын И.Меркель тілге тиек етті. Дегенмен, ол бұл міндеттерді тиімді шешу үшін барлық құқық қорғау органдар жүйесін жаңғырту керектігін жасырмайды.

Бұл үшін не істеу керек? Қайткенде халық полицияға сенім артатын болады? Ол үшін баяндамашы атқарылған жұмысты бағалау деңгейін өзгерту қажеттігін алға тартты. Егер атқарылған жұмысты бағалау сипатын түбегейлі өзгертіп, негізгі индикатор ретінде халықтың сенім деңгейін алатын болсақ, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі туар еді. Өйткені, мұндай жағдайда органдар қылмысты ашу мен жәбірленгендердің зардаптарының орнын толтыруға күш салады. Мәселен, өткен жылы әр екінші жасалған қылмыс – ұрлық болған екен, соның тек әр бесіншісі ғана ашылған. Әрине, мұндай жағдайда қылмыстық қудалау органына ешқандай сенім артылмайтындығы сөзсіз. Сондықтан, қазіргі уақытта Бас прокуратура азаматтардың сенім деңгейі жолдарының әдістері мен формаларын қарастырып жатқан көрінеді. Азаматтардың сенім деңгейін көтеру үшін учаскелік, патрульдік және жол полициясы инспекторларының жұмысын жақсарту бағыттарындағы сауықтыру шаралары қолға алынған.

Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары кеңесінде ішкі істер органы қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарауды тапсыра отырып, дамыған елдерде полиция саны 100 мың тұрғыны бар жерде екі есе аз болса да жұмыс тиімділігі әлдеқайда жоға­ры екендігін мысалға келтірді. Осыған байланысты са­раптама топтары алдыңғы қатарлы шетелдік құ­қық қорғау органдарының реформа жүргізу тәжі­ри­бе­лерін зерттеуге кірісіп кетіпті. Алдын ала зерттеу көр­сеткендей, дамыған елдерде халық сенімі құқық қорғау органдарының қызметін бағалаудың негізгі өзегі болып табылады. Бұл сенімге қол жеткізу үшін полиция қызметкері өзінің басым уақытын жұ­мыста өткізеді. Ал мұндай жұмыс балабақшадан бас­та­ла­тын көрінеді. Негізгі мақсат – полицей жау емес, ке­рісінше, қысылтаяң шақта көмекке келетін, қол­ұшын беретін дос, қорғаушы екеніне көз жеткізу. Осын­дай міндетті біз де алдымызға қойып отырмыз, дейді И.Меркель.

Осылайша, маңызды мәселе көтерілген отырыс барысында құқық қорғау қызметінің кемшіліктері, реформалаудың негізгі бағыттары туралы талқылау, пікір және ұсыныс алмасулар болды. Жиналысқа қатысушылар жауапкершілігі мол үлкен жұмыстың алда тұрғанын, оның басты мақсаты – еліміздегі тиісті заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, адамды, қоғамды және мемлекетті қорғау, сөйтіп, халықтың сенім деңгейін арттыру болып табылатынын атап өтті.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».