27 Маусым, 2019

Қостанайда қоян-қолтық ұрыстан еске алу турнирі өтті

694 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Полиция департаменті мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы қоян-қолтық ұрыстан Нұрлыбек Сәкенұлы Омаровты еске алуға арналған облыстық жарыс өткізді. Спорт бәсекесіне өңірдегі әскери мекемелер мен әуесқой споршылар да қатысты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанайда қоян-қолтық ұрыстан еске алу турнирі өтті

    Қоян-қолтық ұрыс тартысқа толы болды. Өйткені, турнирге спорт шеберлері мен үміткерлер де қатысты. Қаладағы әскери және спорттық клубтардан іріктеліп алынған кіл мықтылар арасындағы сайыс жоғары деңгейде өтті.

    Нағыз сайыпқыран жігіттердің айқасы деп қоян-қолтық жекпе-жекті айтуға болады. Оның үстіне осындай спорт түрін серік еткен еліміздің сыртқы және ішкі тыншытығын қорғап жүрген азматтарымыздың мықты да епті болғаны елдің де көңіліне медет. Қоян-қолтық жекпе-жекте қарсыласыңды, қол-аяқ былай тұрсын, оңтайы келсе күресе кетіп, құлаған сәтте тырп еткізбей, 20 секунд ұстаған соң, артынша ауырту әдісін қолдану арқылы жеңілгенін мойындатуға болады. Ашық жарыста тоғыз команда сапында 100-ге жуық әскери қызметші 9 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

    Бұл спорттық шараның мақсаты – қоян-қолтық ұрысты әскери-қолданбалы спорт түрі ретінде дамыту, әскери оқытудың маңызды құралы ретінде саламатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың кәсіби шеберлігін және төрешілердің біліктілігін арттыру. 

     Бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат тұтқан доданың жеңімпаздары марапатталды.

     Жалпыкомандалық есепте Арнайы жедел әрекет ету жасағының жігіттері үздік шықты. Олардың қанжығасында 3 алтын, 1 қола медаль бар. 65 келі салмаққа дейін Аманбек Жаманқараев, 85 келіде Саламат Алматов, 90 келіде Ернар Халықов қарсылас шыдатпаса, Асқар Абдулла 3-орынды қанағат тұтты. Енді жүлдегерлер республикалық кезеңде Қостанай намысын қорғайтын болады.

– Спортшылар бір-бірін жақсы біледі, сол себепті турнир тартысты өтті, осал жігіт жоқ. Біз тыңғылықты дайындықтың арқасында жеңіске жеттік, жеңімпаздарды құттықтаймын. Алда Тобыл-Торғай намысын лайықты қорғаймыз деп сенемін, – дейді Арнайы жедел әрекет ету жасағының жаттықтырушысы Қуаныш Бабақаев.

Жекпе-жек – бабалар үрдісінің жалғасы, білектілер мен жүректілер сайысы. Елдің шетінде, желдің өтінде ел қорғаны болып жүрген қатардағы жауынгерлер құрыш білекті, ер жүректі болулары тиіс. Сайыстың жеңімпазы атанғандар алдағы ел көлемінде жалауын көтеретін додада бақтарын сынап, өңір намысын қорғайтын болады.