Бүгін ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифинг барысында ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдаудың қабылданып жатқан шаралары туралы айтып берді.
А. Аймағамбетов 2019–2020 оқу жылына ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көп балалы отбасылардың балалары мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қосымша 5 мың грант бөлетінін айтты. Аталған білім беру гранттары жалпы сипаттағы трансферт арқылы жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Гранттар биылғы 1 қыркүйектен бастап бөлінеді. Негізгі шарт — ҰБТ тапсырған және оның нәтижесі бойынша ұлттық ЖОО-ларға — кемінде 65 балл, «педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша — кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ларға — ең азы 50 балл жинаған түлектер болуы тиіс.
Гранттар ҰБТ нәтижесі бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Облыстардың, республикалық маңыздағы қалалардың және елорданың әкімдері конкурстық комиссиялар құрады. Сонымен қатар, гранттар бөлінетін дайындық бағыттарының тізімін жергілікті атқарушы органдар өңірдің жоғары білімі бар мамандарға деген сұранысын ескере отырып, дербес анықтайды. Білім грантының иегерлері үшін 20 949 теңге мөлшерінде шәкіртақы қарастырылған. ЖАО білім беру гранттарының иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
А. Аймағамбетов алдымен гранттар жалпы бөлінетінін айтты. Биыл 53 700 грант беріледі. Шамамен 1 тамызда грант иегерлерінің тізімі белгілі болады. Бұдан кейін грант алмаған, алайда азаматтардың әлеуметтік әлсіз тобына жататындар өз өтінімдерін бере алады. Қосымша білім гранттарын тағайындау конкурсына өтінімдерді қабылдау 5-10 тамыз аралығында болады. Грант беру – 25 тамызға дейін.
«Азаматтар санаты анықталды, шегі бар, енді дайындықтың белгілі бағыттары бойынша қандай баллдар жинағанына байланысты болады, яғни сараланады. Мұнда ешқандай да жемқорлық қауіптеріне жол берілмейді», — деп түйіндеді министр.