Руханият • 27 Маусым, 2019

Алдан Смайыл: «Семсер» әдеби конкурсы жаңа заманға сай бәйге

1038 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда «Мәдениет порталында» жарияланған «Семсер» әдеби конкурсы аз уақыт үшінде жас қаламгерлер арасында кеңінен танылып, әдеби ортада үлкен резонанс тудырды. Маусым айының соңына қарай қорытындысы шығып, жеңімпаздары анықталатын конкурстың өту барысы туралы әділ қазылар алқасының төрағассы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Семсер» әдеби конкурсы әділқазылар алқасының төрағасы, жазушы Алдан Смайылдан конкурс туралы аз-кем сұхбат алған едік.

Алдан Смайыл: «Семсер» әдеби конкурсы жаңа заманға сай бәйге

- Жуырда «Мәдениет» порталында жарияланған «Семсер» әдеби конкурсы көптеген қаламгер жастардың қызығушылығын тудырып, әдеби ортада жақсы танылып үлгерді. Осы орайда әділқазылар алқасының төрағасы ретінде аталмыш конкурсқа толығырақ тоқталып өтсеңіз... Ұйымдастырушы мен демеушілер кім? Қорытындысы қашан шығады?

- Иә, шынымен, «Семсер» әдеби конкурсына деген жастардың қызығушылығы зор. Оны өзіміз де «Мәдениет» порталына күнде жарияланып жатқан шығармалардан көріп отырмыз. Бұл конкурсты былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған «Жастар жылына» орай «Мәдениет порталы» ұйымдастырып отыр. Бас демеушісі – ERG  деген компания екен. Бұл өзі еліміздегі тау-кен өндірісі, энергетика, логистика салаларындағы ең бірі компаниялардың бірі екен. Мені қуантып отырғаны, мәдени саламен мүлдем байланысы жоқ корпорация болса да, өздері қызығушылық танытып, осындай рухани-мәдени шараларға демеуші болып, жастарды, әдебиетті қолдап жатқандары керемет бастама. Елімізде осындай мәдениетке қолдау көрсететін алпауыт компаниялар көп болса, әдебиетіміз де, мәдениетіміз де, рухани өміріміз де едәуір еңсесін тіктеп, қанатын кеңге жая түсуіне үлкен көмек болар еді деген үміт ұялайды.

Енді конкурсқа келер болсақ, бұл өзі бұрын мен көп кездестірмеген конкурс болып отыр. Онлайн түрде өтеді, жюридің төрағасы болып беріңіз деген соң, қызығып, сайтты біраз ақтарып көрген болдым, шама-шарқымша. Шынымен де, бұрынғы конкурстардай ақ конвертке салып, поштамен жібере салып, ол оқылды ма, оқылмады ма, тіпті ашылды ма, ашылмады дегенді біле алмай пұшайман болып отыратын дүние емес, сайтқа тіркеліп, шығармаңды өзің орнатсаң, бірнеше уақыттан кейін жарқ етіп бүкіл елдің алдына шыға келеді. Елдің бәрі оқып, өз бағаларын беріп жатады. Мұндай конкурсқа қатысқан шығармалардың бағы бар екен деген ойға қалдым. Сондықтан да, мұндай ешқандай да бармақ басты, көз қысты болмайды, барлық шығармалар әділ бағасын алады, патша көңіл оқырманның көз алдында өтеді деген соң, соған атсалысып, ақыл-кеңес қосуға келісім бергеніміз рас.

Қорытындысына келер болсақ, «Мәдениет порталында» барлық талап-шарттары жазылып тұр. Қателеспесем, шығармаларды қабылдау маусым айының 24-іне дейін жүргізіледі. Одан кейін біз тағы бір пысықтап, қорытындысын шығарамыз.  Бас жүлдесі 1 млн. теңге, ал проза, поэзия, әдеби сын аталымдарының жеңімпаздарына 500 мың теңгеден жүлде тігілген. Оларға қоса «Семсер» әдеби сыйлығы деген алтын төсбелгісі болады деп жатыр ұйымдастырушылар, сондықтан, бұл болашақта жалғасын табуға тиіс жақсы үрдіс деп ойлаймын.  

- Онлайн өткізіліп жатқандықтан конкурсқа қатысушылардың шығармаларын барлық оқырман жіті бақылап отыр дедіңіз ғой жаңа бір сөзіңізде. Конкурстың ережесінде қазылар алқасының шешімімен қатар оқырмандардың берген дауысы да ескеріледі делінген екен. Осы ретте сіздер шығармаларды қалай бағалайтындарыңызды айта кетсеңіз...

- Әрине, патша көңіл оқырмандардың берген бағасы міндетті түрде ескеріледі. Дегенмен біздің міндетіміз белгілі бір қаламгердің қызуқанды фанаттарынан келіп түскен көп дауысты салқынқандылықпен сараптай отырып, шығарманың өзіне баға беру! Өздеріңіз де білесіздер, қыздар қауымына ерекше сүйкімі бар ақындар да болады, сондықтан олардың жеке бас сүйкіміне берілген бағалар мен нақты шығармаға берілген бағалардың да аражігіт ажырату үшін әділ қазылар алқасы сайланып отыр емес пе? Сол себепті, оқырманның дауысы ескеріледі, бірақ бұл ең көп лайк жинаған ақын міндетті түрде бас жүлде алады деген сөз емес, біз туындының айтар ойына, концепциясына, идеясына, көркемдігіне жан-жақты зер салып, зерттеп қарайтын боламыз.

Оқырмандардың дауыс беру мүмкіндігі сияқты, бізге де жұлдызша басып, баға қою мүмкіндігін беріп қойды ұйымдастырушылар. Оған тек өзіміз ғана кіре аламыз. Сөйтіп, осы жақсы-ау деген шығармаларымызды белгілеп кетіп отырамыз. Шығармаларды қабылдау уақыты біткен соң, сол жұлдызшаларымыз арқылы бір шешімге келеміз.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір жастар жағынан әдеби сын жазу үрдісі ақсап тұрғаны айтпас да түсінікті. Бұрынғыдай шығарманы жіліктеп, түп-тұқиянына дейін талдап жазылатын сын тым аз. Болса да сол сынның өзі сын көтермейді. Мен өзім Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің комиссия құрамындамын ғой. Сонда студенттердің әдебиет бойынша жазған ғылыми зерттеу-мақалаларын тексеріп тұрамыз. Бұрынғы деңгей жоқ! Өте таяз. Міне, осы әдеби сын аталымына да қатты назар аударып, әлі де болса сапалы сыни мақалалар келіп қалар деген үмітпен отырмыз. Қазір де аздап түсіп жатыр, арасында жақсылары да жоқ емес, бірақ біз одан да жақсы, одан да көбірек болса екен дейміз.    

- Қазіргі сәтте конкурсқа 200-ден астам қатысушы тіркеліп, қатысып жатыр екен. Сіздің ойыңызша басқалардан шығармасы оқ бойы озық келе жатқан қатысушылар бар ма? Олар қандай шығармалар?

- Дәл қазір кімнің шығармасы оқ бойы озық келе жатыр дегенді тап басып айту қиын. Оны әлі салмақтап қарау керек. Түсіп жатқан шығармалардың барлығы да жақсы, өздеріңіз көріп отырған шығарсыздар, жаңа есімдермен қатар, елге көптен танымал, өзіндік қолтаңбасы баяғыда қалыптасып үлгерген талантты ақын-жазушылар да молынан қатысып жатыр. Аттарын атамай-ақ қояйын, дәмеленіп қалып жүрер. Жаңа айттым ғой, біз шығарманың авторына емес, айтар ойына, құдірет-күшіне қараймыз. Сондықтан, ақтық мәреге қай шығарманың оқ бойы озық келетіні, қайсыларының үзеңгі қағыстыра келетіні нақты бағалаудан кейін белгілі болады.

- Осындай ашық түрде өткізілетін конкурс пен бұрынғыдай конверт арқылы келіп, жабық түрде қорытындысы шығатын конкурстардың айырмашылығы туралы не ойлайсыз?

- Азды-көпті өмірімізде біраз конкурстарға қазылық жасап көрдік. Олар жабық түрде, конвертпен келетін. Қал-қадірімізше, нақты, әділ бағасын бердік те. Ал осындай онлайн конкурсқа бірінші рет қазылық жасап отырғандықтан бұл маған әрі қызғылықты, әрі жауапкершілікті іс. Жарты қадам қалт кетсең де, қырағы оқырман көріп отыр. Қасақана тұрмақ, абайсызда шалыс басуға қақымыз жоқ. Қара қылды қақ жаруға тиіспіз! Ол әлмисақтан солай болған, солай болуы да заңдылық. Бар айырмашылығы, бұрынғы конкурстарда өз арыңмен жеке қалып, Алла алдында  жауапкершілігіңді сезінсең, бұл жолы халықтың алдына шығып, әділ төрелігін айтып отырған төбе бидей тура болуым керек екенін бағамдаймын.

Қалай дегенмен де, конкурсты технологиялық заманға сай ұйымдастырып отырған жігіттердің ісіне сәттілік тілеймін. «Сесмсер» әдеби конкурсы дәстүрлі түрде жылда өткізіліп тұратын үрдіске айналса екен деймін.

-     -  Әңгімеңізге көп рахмет!


Әңгімелескен Индира Жуазбай