Руханият • 28 Маусым, 2019

Қайнауы бөлек Тайқазан

787 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1996 жылдың басы. «Халық кеңесі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезіміз. Бір айдан кейін «Егемен Қазақстанға» келеміз деген ой қаперімізге де келмеген. Кейде өмірдің өзі күтпеген жерден тарту жасап, ағысы асау арналардан бір-ақ шығарады екен. Ағысы асау дегенім, «Егемен Қазақстан» мен үшін дәл солай елестейтін.

Қайнауы бөлек  Тайқазан

Депутаттар таратылып, «Ха­лық кеңесі» газеті жабылған күн­нің ертеңіне, сол кездегі Ақпа­рат министрі Алтынбек Сәрсенбаев осында қызмет істеген журналистерден бастап, техникалық қызметкерлерге дейін түгелдей жұ­мыс­қа орналастырды. Мей­рам­бек Төлепберген, Тал­ғат Сүйінбай, Самат Мұса, Жаңа­берген Тойбазар бар, «Егемен Қазақ­станның» табал­дырығын аттадық. Газеттің бас­шысы Нұр­­лан Оразалин бізді жылы қабыл­дап, ұжыммен таныс­тырды.

Редакцияның қайнап жатқан қазанына түстік те кеттік. Жур­налистер көпшіл халық қой, жат­­­сына қойған жоқ. Әйтсе де сы­най қарайтындар аз болмағаны рас. Мамадияр Жақып, Аян Нысаналин, Әділ Дүйсенбек се­кілді аға ұрпақ, майталман жур­налистермен бірге жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Алдыңда көпті көрген ақсақалдардың жүр­генінің өзі жастар үшін үлкен тәрбие мектебі. Соларға қарап өсесің, үйренесің, олардың айтары да, берері де көп. Аян ағаның терең біліміне тәнті боласың, Мамадияр ағаның еңбекқорлығы мен жастарға деген ерекше қам­қорлығына риза болып, Әділ ағаның ақсүйек мінезі мен мә­дениетіне таңғаласың. Өмір жо­лында көптеген адаммен жо­лығасың, солардың арасында көңіліңнің түкпірінен орын алатын жандар да аз болмайды. Рыс­бек Сәрсенбайұлы, Жанат Елшібек, марқұм Марат Аққұл, Жамалдын Ахметов, Күлтай апай, Әсем, Шынар – бұлар­дың бәрі менің әрқашан сыйластықпен еске алатын әріптестерім.

Мен жұмыс істеген жылдары газетке Нұрлан Оразалиннен кейін Уәлихан Қалижан, Ер­жұ­ман Смайыл, Сауытбек Аб­драхманов басшылық етті. Жур­налистиканың барлық сатысынан өтіп келген олардың қай-қай­сысы да бұрынғы алыптардың соңғы өкілдері секілді көрінеді де тұрады. Уәлихан Қалижан – Уәкең білікті басшы ретінде де, адамгершілігі жоғары азамат ретінде де әрқайсымыздың кө­ңілімізден жылы орын ал­ды.Оның бастықсынып, қызмет­кер­леріне жоғарыдан қарағанын байқаған емеспіз. Кіммен болса да тең сөйлесіп, қолынан келсе көмегін аямайтын. Сондай үлкен көмегін көргендердің бірі – менмін. Ондай жақсылықты кей жағдайларда туғаның да жасай алмайтын еді. Уәкең басшы ретінде оқырмандардың газет бетінен қандай мақалаларды күтетінін сараптап, соған орай елге қажетті мәселелерді ауылдағы, қаладағы өмірден өрбіте отырып жазу ке­рек­тігін жиі еске салып, әр жур­­налиске жеке-жеке тапсырма жүк­­тейтін. Нәтижесінде, біздің бірі­­міз қаладағы жұмыссыз жас­тардың проблемасын мәселе етіп көтерсек, біріміз ауылдағы шаруа тірлігінің тынысын тарылтып тұрған нақты қандай мәселелер екендігін зерттеуге кірісетінбіз. Осылай ойдан ой туындап, басқа да келелі мәселелер тармақталып жататын.

Менің әр басшыға мінездеме бермек ойым жоқ. Әйтсе де, өмір маңдайға тұлғалы азаматтар басшылық еткен басылымда қызмет етуді жазған екен, өз ойым­ды кезінде жеткізе айта алмаған рахметімді айтқым келген.

Сауытбек Абдрахманов – Сә­кеңнің Елбасы сапарлары туралы жазған сараптама-ма­қалаларын оқыған сайын, мен «Ресми ма­қалаларды да осылай құл­пыр­тып беруге болады екен-ау» деп шеберлігіне, білімділігіне там­са­натынмын. Елбасы барған әр мем­лекет туралы бай мәлімет, та­нымдық ақпарат, көтеріліп отырған мәселенің қатпарлы сырлары Қазақстан Президентінің алып мемлекеттер басшыларымен жүргізген келіссөздерінің шешімімен үйлестіріле берілген репортаждар мен сараптамаларды оқып шыққан сайын әрі көр­кем әрі деректі фильм көріп шыққандай әсерге бөленесің. Менің ойымша Елбасы сапарларын дәл осындай әсерлі жазып, оның мағынасын жан-жақты ашып бере алған елімізде екі-ақ журналист болды. Біріншісі – Сауытбек Абдрахманов, екіншісі – Лев Тараков. Бұл енді – менің пікірім.

Ержұман Смайылмен универ­ситетті бірге бітірдік. Сол сту­дент­­тік жылдарда да оның еңбек­қорлығында шек жоқ болатын. Соның арқасында Лениндік сти­­пендиат болды. Семестр та­қа­ғанда ғана жанталасатын біздер Пушкин кітапханасына қай уа­қытта бармайық, Ержұманды кө­ре­тінбіз. Таппай жүрген кіта­бымыздың қай қатарда, не­шінші сөреде тұрғанына дейін айтып беріп, кейбір білмеген та­қы­рыбымызды талдап тұрып тү­сін­­діруден жалықпаушы еді. «Егеменде» оның сол ең­бек­қор­лығы өз апогейінен асып кет­ті-ау. Өзгелерден де соны талап етті. Оның мінезі де, ең­бек­қорлығы да сирек кез­десетін құбы­лыс еді. Сол үшін де оны жур­­налистер қауымы «Ер-аға» деп сыйлады.

Жалпы, «Егемен Қазақстан» газеті журналист үшін үлкен мектеп. Классицизм дегеніміз – көркем шығармашылықтың стилі мен бағыты десек, идеясы – мем­­лекет мүддесі мен оның за­ңы үшін қызмет жасаудың маңызды екендігін нықтайтын ақыл-ойдың сезім мен эмоциядан жоғары тұруын қамтамасыз етуге құрылуы тиіс екен. Олай болса «Егемен Қазақстан» осындай клас­сикалық басылым.

«Егеменде» он шақты жылдай жұмыс істедім. Сол жылдардың мен үшін ең бір жақсы кезең бол­ғанын араға біраз уақыт салып түсіндім. Себебі ол өмірімдегі есею, оң мен солды ажырата бі­лу, ұмытылып кеткен бала кез­де­гі армандарымның орындалу жыл­­дары болды. Армандарым демекші, алтыншы-жетінші сыныптарда оқып жүрген кезімде «мектепті бітіргеннен кейін жур­­налист болып, әлемді араласам» деп қиялға бататынмын. Өзім­нің Америкада, Египеттегі пирамидалардың арасында­ жүргенімді елестететінмін. Өмір­­де ғажайыптар болатынына,­ ар­мандардың ерте ме, кеш пе­­ орын­далатынына көзімді «Еге­мен Қазақстан» жеткізді.

1999 жылы Американың Луизиана штатының Жаңа Ор­леан қаласындағы қонақүйдің 12-қабатынан түнгі қаланың көр­кін тамашалап тұрып, ойыма бала кездегі арманым сап ете түсті. Америкада тұрғаныма сенбейтін секілдімін. Әлдеқашан ұмыт болған балалық қиялдың араға ұзақ жылдар салып, жүзеге асқанына қайран қалдым. Одан кейін де журналистік сапарлармен өзім армандаған талай шет мемлекетте болып, олар­дың мәдениетімен, тарихымен таныстым. Осының бәрі елі­міз­дің егемендігінің, «Егемен Қазақ­станның» арқасында екенін ішімнен сан қайталап, мерейім өсетін.

Менің бірге жұмыс істеген әріптестерім – Жұмагүл Солтиева, Мейрамбек Төлепберген, Гүл­зейнеп Сәдірқызы, марқұм Әзиз Алдаберген, Айнаш Есали, Сая­сат Бейісбай, Қарашаш Тоқ­санбай, Серік Жұмабек, т.б. жур­налистердің отыз жылдан бері жазған мақалаларын жинақтаса, тәуелсіз еліміздің тәй-тәй бас­­­қан алғашқы қадамдары мен қа­лып­тасу кезеңдерінің тарихын құ­растырып шығуға болады.

Экономика бөлімінің тілшісі бол­ғандықтан мемлекетіміздің осы сала бойынша келелі-келе­лі мәселелеріне арналған үлкен форум­дар мен жиындарға қа­ты­­сып, жедел репортаждар,­ са­­рап­тамалар жазған жыл­­да­рым­­­ды бүгінде сағына аң­сай­мын. Инвестфорумдар, медиа­фо­румдарға газеттің Алма­ты­дағы бөлімшесінен Мейрам­бек Төлепберген екеуміз қаты­сып, таңертең кеткеннен, редакцияға кешке бір-ақ оралып, компьютерге отыратынбыз. Жанталасып енді жазуға кіріскенімізге 15 минут өтпей жатып, алдымыздағы телефон шар еткен кезде, жүрек зырқ етуші еді. Әдеттегідей Ер-ағаң екенін, тұтқаны алмай-ақ түсініп қоясың. Ар жақтан «Нөмір күтіп тұр ғой, тездетпейсіңдер ме?» деген дауыс естіледі. Осы дауыстың арқасында ойымыз­ды редакцияға жеткенше жи­нақ­тап, неден бастап, немен қо­ры­тындылайтынымызды ай­­­қындап, материалды жедел беру­дің шебері болып алдық десек артық болмас.

Қазір жүріп өткен жылда­рымызға көз салсақ, газеттегі жұ­­мы­сымыздың арқасында елі­міздің тәуелсіздік алғалы бергі барлық кезеңінен оқырмандарға ақпарат беріп, сол кездегі жас­ мем­лекетіміздің бүгінгі дең­гей­­ге жетуге дейінгі бастан өткер­ген небір қиыншылықтары мен жетістіктерінің куәсі болға­ны­мызды, сөйтіп елімізбен бірге өзіміздің де өсіп, кемелден­ге­німізді байқар едік.

 

Алма МҰХАМЕДЖАНОВА