Аймақтар • 28 Маусым, 2019

Қыз алып қашамын деп сотталып тынды

698 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында қыз алып қаш­пақ болған үш жігіт сотты болды. Осындайда еске түседі... Сырттай ұнатқан қыз­ды алып қашу бір кездері жігіттікке ба­лан­ған уа­қыт та болған. Көне­көз кейуа-на­лардың өзі «күйеуім­нің үй­ленгенге дейін тү­рін де көр­ген емеспін. Алып қашты. Ба­ла­лар дүниеге кел-геннен кейін бір-бірімізге үйренісіп кеттік. Ба­қыт­ты өмір сүрдік. Бұған түк те өкінбеймін» деген әңгі­мелерін талай рет естідік.

Қыз алып қашамын деп сотталып тынды

Біздің ауыл малды ауыл еді. Шаруа­­шылыққа бай­ланысты­ қой­шы, тракторшы, шопырға жұмыс бар болғанымен, қыз балаға жоқ­қа тән. Контордағы үш-төрт хат­шылық, кеңселік қызмет кім­ге жет­сін? Сон­дық­­тан мектеп бітір­ген қыз­дардың дені оқуға, болмаса аға­йын­дарын жағалап қалаға кететін.

Ауылда қыз жоқ. Қой­шы, шо­пыр және трактор­шы жігіт­тер­ге қиын. Бірақ құды­реті күшті Құдай олар­­­дың басын екеу етуді ой­лас­тырып қо­йып­ты. Көк­­­темгі сақман, күзгі қыр­­­­қым кезінде аудандағы учи­­ли­щенің қыздары біз­дің ауылға аспан­нан түс­кен пе­­ріш­телердей болып сау етіп келе қалады. Содан ара­ға апта салмай жа­тып үй­ле­ну маусымы басталады. Қыз­дармен бір ауыз сөйлескен жігіт­тер кешкісін әбден қыз алып қа­шып үйреніп қалған күр­­кілдек «Москвич», есі­­­гін қат­ты жапса іш­тен ашыл­май­тын, дөңге­легінің бүрі кеткен «Жи­гу­лиге» көздеген аруын­ ар­қа­лап мінгізіп, үйіне бір-ақ түсіреді. Сол қыз­дардың көн­­­­­бе­гені некен-саяқ. Ал бү­гін­­­де сүйіп-күйіп қо­сыл­­ған­дар­дың жартысы жыл айналмай жатып, ажы­расып жатыр. Бір қызығы, сақманға келген және пойыздан түсі­ріп ал­ған сол жеңгелеріміздің бәрі қоса­ғымен жақсы өмір сүр­ді. Ауыл­дың маңдай­алды келін­дері болды. Үл­­кендерден осындай, «ба­сы қатты, аяғы тәтті» оқи­ғалар­ды әбден естіген болу керек, Қызылорда облысының үш жігіті қыз алып қашу «операция­сына» алаңсыз-ақ барған екен. Бірақ соңы өздері үшін өте ауыр аяқталарын біл­меген сыңайлы.

Басы жақсы-ақ болған. Қа­лыңдық алып қашуға бекін­ген жігіт екі ауыл­дасын ертіп қалаға ке­леді. Бұ­рын сөз байласып, кейін хабарын үзген бой­жеткеннің үйін торуылдайды. Таңертең жұмысқа бар­мақ­қа шыққан қыздың алдын кес-кестеп, машинамен апа­рып тастамақ ниеттерін айтады. Жағ­дайды түсінген бойжеткен қыз­­меттерінен бас тартқанымен, елі­­ріп алған үшеу көлікке күшпен отыр­­ғызады.

Құйындап өз аудандарына қа­рай тартады. Сорына қа­рай, жел­дей есіп жыл­дамды­ғын асырып келе жатқан маши­наны жергілікті полиция қыз­меткерлері тоқтатады. Ар жағы белгілі. Ботадай боздап отырған қыз, репеті кеткен үш жігіт. Қыз алып қашқыш бо­зым­­байлар полиция бөліміне жет­кізілген. Өткен жылдың ор­та­­­сында қозғалған іс жуырда аяқ­­талды.

«Аталған қылмыстық іс Қы­зылорда қаласының №2 со­тын­да қаралды. Олардың үсті­нен Қыл­мыстық кодекс­тің 125-бабының 2-бөлігі 1-тар­ма­­ғы­мен іс қозғалды. Сол бо­йын­­ша кінәлі деп та­нылған сот­та­лушыларға 7 жылға шарт­ты жаза та­ғайындалды», дейді Қы­зыл­ор­­да қаласы сотының бас­па­сөз қыз­меті.

«Ойнақтаған бота от­ басады» дейді халық да­на­лығы. Кез­інде сөз бай­ласқан қызы­ның көн­бе­геніне қарамай алып қаш­қан жі­гіт өзімен бірге дос­тарын да темір торға сүйреп кетті. Өкі­нішті...

Жоғарыда айтқаны­мыздай, бұ­рын­ғының оқи­ғалары ғой. Қазір заман басқа, заң басқа. Қызды ер­кі­­нен тыс алып қа­шу адам өмі­ріне қастандық жаса­ғанмен бір­дей. Қыл­мыстық кодекстің арнаулы бабы бар.

«Атам алып қашып ке­ліпті. Әжем ләм демей ке­лін болып түсіп­ті» деген бүгін­де өт­кеннің ертегісі бо­лып қал­ды. Қыз алып қашудың қаһар­ман­дарына үш жігіт­тің оқиғасы са­бақ болса, қанеки.

 

Қызылорда облысы