Қоғам • 28 Маусым, 2019

Ой үстінде жүретін бір қауым бар...

948 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстың «жұлдызы» амери­калық Чарльз Сонни Листонның журналистер туралы ертеректе тұжырым­даған бір қызық сөзі бар.

Ой үстінде жүретін бір қауым бар...

Ол былай дейді: «Газет тілшілері нағыз алаңғасарларша сауал қойып, не болса соны сұ­райды. Күнге қарап тұрып, осы күн шапа­ғын шашып тұр ма дейтінін қайтерсің?» Дене бітіміне қолының ұзындығы сәйкес кел­мейтін, 213 см шеңберде кез келген қарсы­ласын шақ келтірмейтін Чарльз күндіз-түні со­ңына ере жүріп, мазалайтын репортерлерге осылай баға берген. Әттең, небәрі 38 жыл ғана ғұмыр кешкен атақты Сонни Листон журналист қауымының ақымақ та емес, алаңғасар да емес, кейіпкері туралы болашақ мақаласының мазмұнын ашу үшін «миы ашып», ой үстінде толғатып, жұлдыздың алдында бірнеше бағытта «әмбебеп қызмет атқарып тұратын» ерекше қасиеті барын білмей кетті...

Үнемі ой үстінде жүретін журналист деген қауым бар. Ойсыз пенде болар ма? Алайда, журналист қауымының ерекшелігі – оның тәулік бойындағы ойлау қабілетінің әмбебаптығы мен жеделдігі. Нөмірге салынатын репортаждың бүтінделген бас-аяғы, тақырыбы, ертеңгі мақаланың жобасы мен ауқымы, жарыққа кешегі шыққан мақаласының «буы», дәл осы тұста аяқастынан келе қалатын нөмірдің кезекшілігі... толып жатқан тағы басқа да тіршілікте жиі кездесетін қолбайлаулар мен ой ойлаулар кейде, сұхбат алуға келген кейіпкерінің алдында оны, Сонни Листон айтқандай, «біртүрлі» мінезде көрсетіп, таңғалдырып танытары анық! «Әдеби стиль мен көркемдеп жақсы жазу журналистің ұлан-асыр қызметінің титтей бір бөлшегі ғана» дегенді баспасөз сала­сының керемет білгірі әрі кеңесшілігі зор бри­тандық журналист Дэвид Рэндалл да бекер айтпаған-ау!

Үкімет қайтадан даралап ресми күнді бекітіп берген кәсіби мереке үстінде жоға­ры­дағыдай «күннің шапағы» туралы тарихи дерек еске тектен-тек түскен жоқ. Оның үстіне бүгінгі көбіміз – екі дәуір журналистикасының куәгеріміз. Ол кезде астанамыз – Алматы. Бұрын-соңды ой түгілі санамызға кірмеген жур­налистермен өткізілетін «пресс-кон­фе­ренция» – баспасөз мәслихаты деген құ­былыс шықты. Сирек көрсетілетін шетелдік кинофильмдер арқылы ғана көзтаныс болған сол пресс-конференцияларға қатысып, «жа­ңаға бейімделіп, еркін журналистика де­геннің қыр-сырына үйрене бастағандай» болып қалғанымызбен, мұндай жиында қа­зақ тілінде бір сұрақ қойылып, оған жауап қайтарылса, соның өзі үлкен жеңіске баланатын. Әдеттегідей ол жылдары да орыс тілі алда жүрді. Президент Назарбаевтың өзі бастап қазақша сөйлегеннің өзінде бұрын-соңды мұндай «шаршы алаңға шығып бағын сынамаған кешегі кеңестік тілшілер», әйтеуір, еңсені басқан бір тылсым күш кедергісінен өте алмай, кібіртіктеп жатар едік, өтірік емес. Марат Тоқашбаев, Өмірсерік Жұман, Әшірбек Көпішев, Тілекқабыл Мыңжасар сынды әріптес ағалар – «мұзжарғыш кемелер» қатыспаған кейбір жиналыстар «қазақ тілінсіз» өтетін. Қазақстанға тәуелсіздік шапағатын шашқан тұста бірге келген түріктің ақмылтық тілшісі Енес Жансевер біз секілді күніне Президент резиденциясынан бастап, кем дегенде екі-үш жерде үздіксіз өтіп жататын әлгіндей пресс-конференцияларда көшті қазақша бастап, сауалды қазақша қоятын. Қандай жиын болмасын, қандай шетелден келген қонақ болмасын ол сауалды қазақ тілінде жолдайтын. Мұны көрген «Біз де ояна бастадық». Бірде сол Енесіміз Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне әдеттегідей майда қоңыр даусына салып сауал жолдар тұста «Күрметті Президент...» деп «жаңылысты». «Президент емес» генерал тілшінің бұл қылығына тулап қалды. Сасып-салбырайтын ол емес, екінші сауалын да қазақша қойды. Қазақша біліп тұрғанымен намысқой министріміз алған бетінен қайтпай «баршамызға түсінікті тілде» жауап қатты. Қарашадай ғана түрік баласының тәуелсіздік таңында қазақ тілінің қамын жеп тұрғанын бізден, қазақ тілді журналистерден басқа ешкім шын бағалай алмады. Ең болмаса «біз секілді де» орысша жоқ Енес Жансевердің 30 жылға жуық бұрын Алматыда жасаған ерлігі естен кетер емес.

Қазір еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» газетінде үш тілді тілшілер қызмет атқарады десеңіз біреу сенер, біреу сенбес... Пресс- конференциялардағы қазақшаның да мысы басым! Айтпақшы, әлем журналистерінің арасында қағидат боп қалған «Журналист – әлемдегі ең еңбекқор жалқау адам» сөзін қалай топшылар едіңіз?! Шіркін, қазақ журналистерінің мэтрі Шерхан Мұртазаның айтқан «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» деген сөзін ше?!

Мереке, құтты болсын әріптестер!