Қоғам • 28 Маусым, 2019

Жалған хабар жарға жығады

447 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халқымызда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген қанатты сөз бар. Мұны Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасының жарылуына байланыс­ты әлеуметтік желілерде алыпқашпа әңгімелерді қарша боратып, сапырып жатқан адамдарға байланыстырып айтуға болады. Себебі отандастарымызды бір үйдің балаларындай жұмылдырған төтенше оқиға салдарына құлақ тігіп, алаңдап отырған ағайынды «сұмдық» ақпараттармен үрейлендірушілерді «етектен тартатын бөрі» демеске лажың жоқтай.

Жалған хабар жарға жығады

Дәйексіз ақпарат таратушылар да көбейе түсті

Арыс қаласындағы жағдайға байланысты дәйексіз деректер аз болған жоқ. Әлбетте, «ауруын жасырған өледі» демекші, бұл жолы ресми ақпарат лек-легімен төгіліп тұрғандықтан, ешқандай да «ақпараттық вакуум» болған жоқ.

Мәселен, Арыстағы қоймада ядролық қару жарылыпты, Шымкентте сұмдық жер сілкінісі болады, қаза тапқандар мен жараланғандар саны жүздеп саналады, бірақ билік жасырып отыр, су қоймасы бұзылады деген сықылды хабарламалар тек құр дақпырт, қисынсыз қауесет деп қараған жөн. Өйткені еліміз – ядролық қарудан ада мемлекет. Оны әлемдік қоғамдастық, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар мойындады. Ал қазіргідей технологияның дамыған заманында өлген адамдар туралы ақпараттарды кім және қалай жасырмақ? Егер, жүздеген адам көз жұмып немесе жоғалып кеткен жағдайда олардың артында іздеушісі жоқ па? Болса, неге үнсіз отыр? Міне, мәселенің ақ-қарасын осыдан ақ біле беріңіз...

Бұған дейінгі брифингтердің бірінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жалған ақпаратқа қатысты пікір білдірген болатын. Дәйексіз ақпаратты қамтитын роликтер көптеп кездесетінін тоқталған министр, осы орайда әрбір адам бұл мәліметтерді ажырата білуі керектігін жеткізді.

– Бұл бағыттағы жұмыстар жетіл­діріліп жатыр. Алайда жалған ақпарат­тарды да жетілдіру деңгейі байқалады, – деген болатын Д.Абаев

Ішкі істер министрлігі қазірдің өзін­де жалған мәлімет таратушылардың ал­ғаш­қыларын анықтап, қылмыстық іс қозғап үлгерді. Атап айтқанда, Шымкент қаласының Полиция департаменті  қуатты бомба жарылысы болады деген жалған ақпаратты таратқандары үшін екі әйелді ұстады.  Ішкі істер органдары ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Соңғы тәуліктерде жазасы Қылмыстық Кодекс­тің 274-ші бабына сай келетін 3 дерек тіркеліп отыр. Осы орайда Ішкі істер министрлігі тұрғындарды  әлеуметтік желілер және түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеулерін және үрейге бой алдырмау­ларын сұрайды. Өйткені ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралады.

– Ішкі істер министрлігі Арыс қала­сында қайтыс болған адамдардың саны  үшеу екендігін ресми түрде растайды. Әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген қауесет ақпараттардың жалған екендігін мәлімдейді. Егер де азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде Ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырамыз, – дейді Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділда Ораз. 

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та жұртты арандатушылық ақпараттарға сенбеу­ге шақырды. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желілерде «Арыста үлкен жарылыс болады, ол Шымкентке де жетеді» деген ақпараттар көптеп таралуда. Әкім бұл хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

– Жағдай оңай емес. Мамандар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Осындай кезде әлеуметтік желілерге арандатушы хабар тарату ол адамдарға да, Арыстан келген зардап шегушілерге де жасаған қиянат деп айтар едім. Әркім өзінің жұмысымен айналыссын. Ал бүгін Шымкенттегі гуманитарлық көмек орталығын тонап жатыр деген видео салынды. Кеше «Шымкентте 10 балдық жер сілкінісі болады» деп хабар тарады. Оның бәрі шындыққа жанаспайды. Сондықтан халықты тек ресми ақпарат­қа сенуге шақырған болар едім, – деді Ғ.Әбдірахымов.

Өз кезегінде еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин Арыс қаласында ешқандай радиация жоғын, қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланатынын, қаладағы ауыз су жүйесі қатаң қадағаланатынын, су құрамы, құбырлар тексерілетінін ресми түрде мәлімдеді.

«Өсек эволюциясы» өршіп тұр

Осы орайда өсек-аяң, дақпырттардың артында кім тұр және елді үрейлендіру кімге тиімді деген заңды сауал туындайды. Өйткені әрбір сөздің, әрбір пікірдің жауапкершілігі болады.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы­ның директоры Талғат Қалиев мұндай құбылысты үш сатыға бөліп айтып берді.

– Біріншіден, жалған ақпараттарды тарату елдің сыртқы жауларының әре­кеті болуы мүмкін. Олар халықты дүр­ліктіру арқылы еліміздің «осал тұсын» анықтауға тырысады. Екіншіден, мұндай істерді әдетте елдің ішкі жаулары да жасауы мүмкін. Мысалы, халықты үрейлендіру арқылы үйінен бездіріп, аман­­дығын ойлап, бас сауғалаған халық­­тың мал-мүлкін тонауға тырысады. Үшіншіден, ақпараттың дұрыс-бұ­рыс­­тығын талдауға, шынайылығын анықтауға сауаты жетпейтін жандар болады. Оған қоса, «өсек эволюциясы» деген көнеден жеткен ұғымды ұмытпайық. Мәселен, егер біреу қаланың шетінен қоян көрдім десе, ауылдың келесі шетіне жеткенше ол қоян түйеге айналады. Ол жануар келесі ауылға піл болып жетеді, – дейді Т.Қалиев.

Ал осы мәселеге байланысты «Нұр-Мүбарак» Мысыр Ислам мәдениеті университеті Діни экстремизмге қарсы орталық директоры, исламтанушы Асқар Сабдин Ниса сүресінің  83-ші аятын сөзбе-сөз келтіріп жауап қатты: «Оларға мұсылмандарға тән аман­дықтың немесе қорқыныштың хабары келе қалса, олар (анық-қанығына жетпей) оны жайып жібереді. Егер, олар ол хабарды пайғамбарға яки өздерінің іс басындағыларына мәлімдесе, олардың ішіндегі байымдай алатындар сол хабар­дың мән-жайын түсінер еді. (Ей, мұсылмандар!) Сендер Алланың кең­ші­лігі мен мейірімі болмаса, аз санды­ларыңнан басқаларың шайтанның жетегінде кетер едіңдер. (4:83)».

Қылмыс кодексін қарап шығу артық емес

Әдепкіде қоймадағы жойқын жарылыстың бейнекадрға ілінуі мұң екен, қазіргі сәнге айналған «диван батырлар» бұл атом бомбасының жарылысы деп шу етті. Әрине, ондағы мақсат түсінікті – виртуалды әлемде «көсем» болу үшін бүйректен сирақ шығаратын ой тастап, «лүпіл» жинау. Бұл, бір сөзбен айтқанда, «атың шықпаса, жер өртенің» кебі.

Алайда, Қылмыс кодексін ашып қарар болсақ,  қоғамдық тәртіпті бұзу, аза­мат­тардың, ұйымдардың құқықтары мен заң­ды мүдделеріне не қоғамның және мемл­екеттің заңмен қорғалатын мүд­де­леріне елеулі зиян келтіру қаупін төн­ді­ретін көрінеу жалған ақпарат тара­ту­дың жазасы ауыр екенін көруге болад­ы. Кодекстің 274-ші бабы  бойын­ша жалған ақпарат таратушылар бір мың айлық есептік көрсеткішке дейін­гі мөл­шерде айыппұл салуға, не сол мөл­шер­­де түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағат­­қа дейінгі мерзімге қоғамдық жұ­мыс­­тарға тартуға, не бір жылға дейінгі мер­з­імге бас бостандығын шектеуге, не сол мер­з­імге бас бостандығынан айы­руға жа­за­ланады. Егер, мұндай қылмыс адам­дар тобының алдын ала сөз байласуымен, адам өзінің қызмет бабын пай­далана отырып және бұқаралық ақ­парат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана оты­рып жасалар болса, жаза, тіпті ауырлай түсіп, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы ақпарат құралдарына күн­делікті қолд­анатын әлеуметтік желі­лердің бар­лығы қосылатынын естен шығар­маған абзал. Ал осы бапта көрсетілген қыл­мыс төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жа­салған іс-әрекет деп танылса, кінәлі адам жеті жылға дейінгі мерзімге соттала­ды. Сон­дықтан да, смартфоныңызға кел­ген ақ­па­ратты ой елегінен өткізіп, оны тара­ту­дың жауапкершілігін ұғыну артықтық етпейді.