Қазақстан • 28 Маусым, 2019

Құттықтауларда – ізгі тілектер

528 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Құттықтауларда – ізгі тілектер

Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета өзінің хатында Қасым-Жомарт Тоқаевты шын жүректен Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.

«Сізге және Қазақстан халқына бар жақсылықты тілеймін, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастарды жалғастыруды тағатсыздана күтемін», – делінген жеделхатта.

Кувейт мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер Әл Са­бах Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы жеңісімен құт­тықтап, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

«Достас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары баға­лай­тынымызды және оны мемлекеттеріміздің мүддесі үшін дамы­туға ниетті екенімізді айтқым келеді», – деп жазған Кувейт Әмірі.

Алжир Президентінің міндетін атқарушы Әбдел Кадер бен Салих та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хатын жолдаған.

«Екі ел арасында жақсы тарихи байланыстар, өзара қарым-қатынастар орнаған. Елдеріміздің игілігі үшін Сізбен жұмыс істеуге және екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты нығайтуға дайын екенімді білдіремін», делінген жеделхатта.

Ямайканың Премьер-министрі Эндрю Холнесс өз құттықтауында Мемлекет басшысының саяси тәжірибесі бай екенін атап өтіп, Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

«Ямайка мен Қазақстан 24 жыл бұрын дипломатиялық байланыс орнатқан сәттен бері жақсы қарым-қатынастарын жалғастырып келеді. Алдағы уақытта осы байланыстарымызды тереңдете отырып, өзара мүдделерімізді білдіретін мәселелер жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге үміттенемін», деп атап өткен Эндрю Холнесс.

Моңғолияның экс-президенті Намбарын Энхбаяр құттықтау хатында Қазақстанның одан әрі дами беретініне және Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқаты жақсара түсетініне сенім білдірді.

«Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ортақ тарих пен халықтарымыздың жақындығына негізделген әріптестік қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп санаймын», делінген жеделхатта.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресеймен стратегиялық және достық қатынастарды дамытуға бейілдігін университет ұжымы жоғары бағалайтынын атап өтіп, оқу орнының жұмысына көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Швейцариядағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлектері ассоциациясының төрағасы Юрий Назаркин бірлестік атынан Мемлекет басшысын құттықтады.

«Қазақстанның игілігі үшін барлық ауқымды мемлекеттік міндеттерді табысты шешуіңізге тілектеспіз. Сіздің халықаралық деңгейдегі мол тәжірибеңіз жаһандық аренадағы еліңіздің орнын одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенімдіміз», деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев­тың атына Кувейт Премьер-министрі Джа­бер әл-Мүбәрәк әл-Хамад әл Сабах, Кувейт Мемлекеті Әмірінің тақ мұ­ра­гері Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер әл Сабах, Токио губернаторы Юри­ко Коике, Дүниежүзілік кеден ода­ғы­ның Бас хатшысы Кунио Микурия, БҰҰ Чадтағы резидент-үйлестірушісі Сти­вен Тулл, Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Вольфганг Бюхеле, Португалия-Қазақстан сауда палатасының төрағасы Нуно Мигель Афонсо Лопес, Швейцария Федералды Жиналысының «Швейцария-Қазақстан» достық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбарди, «Total» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Пуянне, INPEX CORPORATION президенті Такаюки Уэда, Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер, Бейжің лингвистикалық университетінің ұжымы құттықтауларын жолдады.

Соңғы жаңалықтар