МАМЫРСҮЙГЕН
Сәуле шашқан, алаулаған
шырайлы,
Мамырсүйген деп атайық бұл айды,
Себебі, бір жамандықтан аулақ боп,
Бір жақсылық болатұғын сыңайлы.
Сирень өскен бақшаларға бір
барып,
Іңкәрдария сезімінде ырғалып,
Жүрейікші, кеудеге ән толтырып,
Жүзімізге нарттай қызыл нұр тамып.
Жағу үшін шырақтардан бір
алау,
Керек шығар тұңғиыққа құламау.
Мүмкін біздің жолымыз да ашылар,
Мүмкін бізге бақ қонатын шығар-ау.
Сәуле шашқан, алаулаған
шырайлы,
Мамырсүйген деп атайық бұл айды,
Себебі, бір жамандықтан аулақ боп,
Бір жақсылық болатұғын сыңайлы.
***
Таныс әуен естігенде құлағым,
Кеудеме орнап қалатындай бір ағын.
Сағындым мен қайтқан қаздың қаңқылын,
Тырналардың тырауын.
Сәулесіне шомылғанда сағым қыр,
Шуағына жылына алсам бағым бұл.
Таудан аққан тас бұлақтың, тәңірім,
Мөлдірлігін сағындыр.
Дала, дала
көкірегін көрік деп,
Жырларыңды,
Жұмбағыңды беріп кет.
Ақ селеуге ұқсаса екен өлеңім,
Ақ жусанға еліктеп.
Сұңғақ атты,
сұлу қызды, сымбатты,
Сағым дала қаншама әнді тыңдатты.
Шешіле бір сыр ақтарсам деп едім,
Шиеге аунап күн батты...
ЖЕҢ
Естеліктер - көңілімді
қозғасын,
Ескі күннің білем енді озбасын.
Бала кезде ойнаған боп,
(шынымен)
жылқылардың сүртіп жүрдім көз жасын.
Сүртіп жүрдім шұбатылған жеңіммен
көз жасы енді ақпайтындай сеніммен.
Ештеңеге мән бермедім, елемей,
ештеңе де байқалмады өңімнен.
Қазір енді салам дəурен
əніме,
Қайраты бар, жігер тұнған жаны де!
Мықтымын ғой!
...Тек баяғы ұзын жең
су-су болым тұрған сынды әлі де.
***
Күміс саусақ.
Алтын кеуде. Ақ білек.
Жыр саулаған бұрымыңнан бақ тілеп.
Сенің көзің қарақаттан қап - қара,
Сенің ернің құлпынайдан тәттірек.
Сезімдердің
аяулысы алғашқы-ай...
Төзім бітіп, сөздерім де жалғаспай.
Өміріңнің қиындығын білмеймін,
Көңіліңнің нәзіктігі рауғаштай.
Алақаның жылуы
мол Күн шығар,
Еркелігің жібектейін түн шығар.
Көз қиығын тастап кетсең тасада,
Жігіт біткен жастығына тұншығар.
Теңей көрме
періштеге, елеске,
Түсірмейді Ләйләні де ол еске.
Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты,
Сұлулықтың өзі дарын емес пе?
***
Мұз құрсанған бұлақты
Жарып шығып сылдыраған су ақты;
Біреу сенің сұрап еді жасыңды,
Сенің жасың –
Көктем еді шуақты.
Бауырында өсіп шығып ауылдың,
Қара көздің құдіретімен ауырдым.
Гүл көмкерген көк көйлекті киіп ап,
Кербез тұрдың,
Құрдасындай сəуірдің.
Мұратына жетпегеннің,
Жеткеннің,
Пейіліне беретінін көп көрдім.
Жақсы адамдар – жылулықтың айнасы,
Жақсы адамдар – көшірмесі көктемнің.
***
Құлатпай жылдарға
еңсені,
Тау болып шыдадың бар сынға.
Нəзік үн естідім
Мен сенің
Мейірімді фатиһа даусыңда.
Білемін өзіңде бақ барын,
Білемін өзіңсіз көңіл-мұң.
Оңаша налыған шақтарың,
Назындай найқалған өмірдің.
Аяулы сəттерім көп еді.
Кеудеме көшіріп əн асыл.
Мен саған ұқсағым келеді,
Ұқсағым келеді,
Анашым…
***
Жаңбырдың астында жүгіріп,
Жып-жылы кеудені толтырды бір үміт.
Жердің де оқалы етегі бүрленді,
Көк бәтес майсамен құлпырып.
"Жүрекпен
сезгенмен, көңілде тарамас"
Жылайды жапырақ, қымталып тал-ағаш,
Жаңбырдың иісі –
Жусаны қазақтың
Француз әтірі аралас.
Қызылды, жасылды жалған-ау,
Өзіңнен үйрендім бояуын талғамау.
...Мен болсам жаңбырдың астында жүрем
деп,
Жанымды шылқытып алғам-ау...