Руханият • 28 Маусым, 2019

Талдықорғанда қазақ-қырғыз зиялыларының ІІІ форумы өтіп жатыр

467 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғанда халықаралық Түркі академиясы мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақ-қырғыз зиялыларының ІІІ форумы өтіп жатыр. «Ұлы даланың мәңгілік мирасы - Манас» атауымен жалауын көтерген жиынға екі елдің ғалымдары, ақын-жазушылар мен жыршылар қатысуда.

Талдықорғанда қазақ-қырғыз зиялыларының ІІІ форумы өтіп жатыр

Екі күнге ұласатын рухани шараның тұсаукесері І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау сөзімен басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру. Болашаққа бағдар» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеп, жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аймақ басшысы қазақ-қырғыз зиялыларының бас қосуына сәттілік тіледі.

Жиын барасында сөз алған Қырғыз Республикасының Төтенше және Өкілеті елшісі Жээнбек Кулубаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Қырғызстан Президентінің кеңесшісі, жазушы Сұлтан Раев та қазақ-қырғыз зиялыларының ортақ рухани мүдде тұрғысында еңбектеніп, әдебиет пен өнер әлеміндегі сабақтастықты өз сөзіне арқау етті. Осындай жылы лебізді құттықтаулар Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевтер тарапынан да айтылды.

Сондай-ақ, осы жиында халықаралық Түркі академиясы дайындаған «Манас эпосы» кітабының тұсауы кесіліп, зиялы қауым назарына ұсынылды. Мұнан кейін форум жұмысы Алматы облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіндегі зиялылар симпозиумына жалғасты. Шаралар легі ертең Кербұлақ ауданында жалғасып, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық кешенінде өтетін «Манас» фестивалімен түйінделмек. Мұнда қазақ-қырғыз жыршылары «Манас» жырын жатқа айтудан жарысқа түспек.