Қазақстан • 28 Маусым, 2019

Сенат басшысы журналистерді төл мерекесімен құттықтады

556 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева журналистерді Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат басшысы журналистерді төл мерекесімен құттықтады

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өсіп-өркендеу мен игілік және мықты денсаулық тіледі, біліктілігі және өз ісін адал атқаратыны үшін алғыс айтты.

Төраға таяуда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, осы саланы дамытудың жаһандық көріністері мен қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелерін талқылаған болатын.

«Біздің елімізде өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы өте жақсы заң бар. Саланың өзін-өзі реттеуі үшін заңда аса маңызды тетіктер бар. Журналистердің кәсіби қоғамдық ұйымы құрылуы және сол арқылы салалық мүдделер қорғалуы керек. Бұл аса маңызды жұмыс. Заңның барлық талаптары бойынша құрылған кәсіби ұйым ғана мемлекеттік бірқатар міндеттерді ала алады және өз мәселелерін өзі реттей алады», - деді Сенат басшысы.

Д.Назарбаева Сенатта тіркелген журналистерге алғыс хат тапсырды және Сенат алдағы жылы Палата жұмысының материалдары бойынша үздік журналистік зерттеу бойынша бәйге өтетінін атап өтті.