Руханият • 29 Маусым, 2019

Бүгін елордада Ерболат Шалдыбековтың концерті өтеді

522 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін сағат 19.00-де «Қазақстан» ОКЗ Камералық залында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбековтың «Шырқа, даусым» атты концерті өтеді.

Бүгін елордада Ерболат Шалдыбековтың концерті өтеді

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Ерболат Шалдыбеков – еліміздегі танымал дәстүрлі әншілердің бірі. Сондай-ақ ол Жетісудың әншілік-жыршылық мектебінің жарқын өкілі. Оның орындауындағы құлақ құрышын қандырар әндер әдемі әуезбен, терең мағыналы сөздермен өрнектеліп, тыңдарман қауымның ерекше ықыласына бөленген.

Ерболат Шалдыбековтың «Шырқа, даусым» концерті қазақтың әйгілі композиторы К.Әзірбаевтың 135 жылдығына орай өтпек. Концерттің бағдарламасына көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері, сондай-ақ К.Әзірбаев, Ж.Жабаев, С.Аронұлы, С.Мошанұлы, Т.Момбеков сынды белгілі ақын-композиторлардың туындылары енді.

Концертте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Е.Шалдыбековтың шәкірттері өнер көрсетеді.

Ерекше концерттік бағдарлама елордалық көрермендерге тамаша тарту болары анық.