30 Маусым, 2019

Даниал Ахметов Бесқарағай әкімін демалыста жүрген жерінен жұмысқа шақырды. Неге?

3445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мен аудан әкімдеріне: «Ең кем дегенде үш көпбалалы ана комиссияға кірсін» деп тапсырма бергенмін. Бірде біреуі жоқ» деді ашуға булыққан Даниал Ахметов.

Даниал Ахметов Бесқарағай әкімін демалыста жүрген жерінен жұмысқа шақырды. Неге?


26 маусымда Өскеменде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жетекшілік ететін комиссия құрамына көпбалалы аналар, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдері енген-ді. Қоғамдық комиссияның бұл жолғы отырысында өңірдегі 26 мыңнан астам көпбалалы отбасыларға қатысты бірнеше мәселе қаралды. Жиында облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова алдағы жаңа оқу жылында аймақтағы барлық көпбалалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына (олардың саны - 33 583, оның 23 мыңы көпбалалы, 10 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқушылары) мектеп формасы тегін, яғни мемлекет есебінен сатып әперілетінін айтты. Қазір осы мақсатқа облыс, қала және аудан бюджеттерінен 626 млн. теңге қаржы бөлініп, Шығыс Қазақстандағы мектеп формаларын тігетін 5 тауар өндіруші («Ақтұмар», «УК Юнис», «Семспецснаб», «Ақмаңдай», «Instar») анықталыпты. Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, дәл қазіргі уақытта (26 маусымдағы жағдай бойынша) өңірдегі 580 мектептің 260-сы форма сатып алу жөнінде келісімшарт жасасыпты, 299 мектеп келісімшартты 1 шілдеге дейін аяқтауға уәде беріпті. Абай, Аягөз, Бородулиха, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандары бұл жұмысты 100 процентке жеткізіпті. Ал Бесқарағай ауданындағы 21 мектеп жергілікті тауар өндірушілермен әлі күнге дейін келісімшарт жасаспапты. «Бұл мәселені ақпан айында айтқанбыз. Екі айдан кейін сабақ басталады. Ал сіздер әлі жүрсіздер! Қаражат бар, тауар өндірушілер белгілі. Неге іске кіріспейсіздер? Бір апта уақыт беремін. Мәселе шешілмесе, комиссия отырысында қараймыз» деді Даниал Ахметов.

Айтпақшы, осы жиында Бесқарағай ауданы әкімдігінің көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жөніндегі аудандық комиссия жұмысына салғырт қарағандығы да белгілі болды. Қоғамдық комиссия отырысын журналистердің, өңірдегі бүкіл аудан әкімдерінің қатысуымен бейне режимде өткізген облыс әкімі Даниал Ахметов жиын барысында аудан әкімінен кейін аудандағы комиссия құрамына енген көпбалалы аналардың бірімен міндетті түрде сөйлесіп, қолындағы тізімге қарап, аты-жөнін айтып, баспана мәселесінің жергілікті жерде қалай шешіліп жатқанына көз жеткізуге тырысты. Бір қызығы, Бесқарағай ауданы әкімдігі жиынға комиссия құрамына енген көпбалалы отбасылардың бірде-бірін шақырмапты. «Комиссия мүшесі Татьяна Власова бар ма?» деген облыс әкімінің сұрағына: «оның баласы ауырып қалып, келе алмады» десе, ал аймақ басшысының «Любовь Ивановна қайда?» деген сауалын жауапсыз қалдырды. «Мен аудан әкімдеріне: «Ең кем дегенде үш көпбалалы ана комиссияға кірсін» деп тапсырма бергенмін. Бірде біреуі жоқ» деп ашуға булыққан Даниал Ахметов аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мұхаметрақымұлына еңбек демалысында жүрген Бесқарағай әкімін шұғыл жұмысқа шақырып, осы мәселемен шұғылдануды және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановқа партиялық комиссия құрып, аудандағы көп балалы аналармен кездесуді тапсырды.

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген В.Петухов