05 Сәуір, 2013

Әділдік арқауы

249 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әділдік арқауы

Жұма, 5 сәуір 2013 2:37

Қазір жұрт: «Сот – әділдік арқауы», деп жиі айтатын болды. Әрине, оның өзіндік себебі де бар екені рас. Өйткені, өзгеден зәбір көрген, шенеуніктердің озбырлығына ұшыраған, нақақтан жала жабылған жандар әділдік іздеп ең соңғы арқауы – Жоғарғы Сотқа жүгінеді. Сол жерде олардың үкілі үміттері ақталып, құқықтары қорғалады. Ең бастысы, шырмалған шындық осы жерде шыңыраудан шығарылып, жария етіледі. Міне, соның бір айғағындай, Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаровтың кезекті қабылдауына келген он адамның шағымы, негізінен, сот актілеріне қатысты болды.

 

Жұма, 5 сәуір 2013 2:37

Қазір жұрт: «Сот – әділдік арқауы», деп жиі айтатын болды. Әрине, оның өзіндік себебі де бар екені рас. Өйткені, өзгеден зәбір көрген, шенеуніктердің озбырлығына ұшыраған, нақақтан жала жабылған жандар әділдік іздеп ең соңғы арқауы – Жоғарғы Сотқа жүгінеді. Сол жерде олардың үкілі үміттері ақталып, құқықтары қорғалады. Ең бастысы, шырмалған шындық осы жерде шыңыраудан шығарылып, жария етіледі. Міне, соның бір айғағындай, Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаровтың кезекті қабылдауына келген он адамның шағымы, негізінен, сот актілеріне қатысты болды.

Мәселен, есірткі таратқаны үшін жазасын өтеп жатқан азаматтың адвокаты оның заңсыз сотталғаны туралы пікірін білдірді. Қорғаушының айтуынша, қылмыс дұрыс сараланбаған, сондай-ақ соттар кейбір куәлердің айғақтарын назарға алмаған. Ал Алматы қаласы тұрғынының мүддесін білдіріп келгендердің бірі талапкерлердің ата-анасы қайтыс болғаннан кейін қалған мұралық мүлікті әділ бөлуге көмектесуді өтінді. Оның айтуынша, соттар осы азаматтық істі дұрыс қарамағандықтан есептеу кезінде қателіктерге жол берілген.
Қабылдауға келгендердің ішінде тағы бір талапкердің өкілі болды. Өңірлік әлеуметтік қорғау департаментінің осы талапкердің мүгедектігіне байланысты зейнетақы тағайындау жөніндегі оның өтінішінен бас тартуын қайта қарау туралы жазған арызы Қостанай облысының соттарында қаралған екен. Арыз иесінің пікірінше, сот талапкердің қазіргі жағдайына дұрыс сипаттама бермеген. Тұрмыстық жарақат алған осы талапкердің қаржылық және денсаулық жағдайы бүгінгі таңда өте мүшкіл көрінеді. Сол сияқты Қарағанды қаласының тұрғыны қайтыс болған күйеуінен мұраға қалған үйдің әділ бөлінуіне көмектесуді өтінді. Оның айтуынша, соттар мұның азаматтық ісін дұрыс қарамаған. Ол үш баласымен бірге далада қалуы мүмкін екен. Ал күйеуінің бұрынғы зайыбы өзіне тиесілі үлесін алса да үйді иеленіп қалатын түрі бар, дейді.
Сонау Алматыдан келген зейнеткер үш баласымен бірге тұрып жатқан пәтерін алаяқ әйелдің иеленіп алғанын айта келіп, өзінің ісі бойынша шығарылған сот актілеріне шағым жасады. Бұған қоса туған ағаларының қайырымсыздығына ренжіген Алматы қаласының тағы бір тұрғыны жоғары сот органы басшысына шағым айтты. Әкелері қайтыс болғаннан кейін, ағалары анасын бағып отырған інілерімен соттаса бастаған. Дау олардың әкесінің үйіне байланысты туған. Кассациялық сот сатысы үйді ағаларына беруге шешім қабылдаған. Олар енді інілерін анасымен бірге үйден қуып шықпақ екен. Бұл айтылған өтініштердің бәрін Жоғарғы Сот басшысы мұқият тыңдап, жазып алды. Содан кейін Бектас Бекназаров Жоғарғы Соттың қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқаларының төрағаларына әрбір өтініш бойынша азаматтардың дәлелдерін мұқият зерттеуді және заңның бұзылғаны анықталған жағдайда олардың құқықтарын қалпына келтіру жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Ал Төрағаның қабылдауына келген Орал қаласының тұрғыны С.Харитонова және оның бұрынғы қамқоршысы О. Долгова азаматтық істі шынайы және жан-жақты қарағаны үшін Орал қалалық сотының судьяларына алғыстарын білдірді. 2000 жылы Светлана бір сәтте әрі үйсіз, әрі тұл жетім боп шыға келген. Қамқоршысы болған туған тәтесі О. Долгова талай қиындықты жеңіп жүріп Светлананың пәтердің ¼ бөлігінің меншік иесі болуына қол жеткізді. Анасы мен әжесі қайтыс болғаннан кейін мұрадағы осы үлес Светланаға тиесілі еді. Алайда, қалай екені белгісіз, осы мүлік Әділет департаментінде Алла деген біреудің атына тіркелген болып шықты. Кезінде Светлананың әкесін адастырып, басқа үй береміз деп, пәтерді інісінің атына қайта жазуға мәжбүр еткен. Содан мәміле жасалғаннан кейін інісін пәтерден қуып жіберген. Сол адам ақыры үйсіз-күйсіз жүріп қайтыс болған. Орал қаласының №2 соты Светлананың отбасы нақты меншік иесі болғандықтан оның осы пәтерге құқығын қалпына келтіріп берді. «Менің ісімді судья А.Ерғалиева әділ қарады. Оның осындай адамгершілік қасиетінің арқасында қарапайым адамдардың заңды құқықтары мен мүдделері қорғалады», деді С. Харитонова ризашылығын жасырмай.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».