Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Түркілер өнері елорда төрінде

708 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көп ғасырлық ортақ тарихы бауырлас түркі жұрты IV халықаралық этнофестиваль «Kóshpendiler álemi» аясында бас қосты. 28-30 мау­сым аралығында өткен кезекті жиынға 10 мемлекеттен 180-нен астам қатысушы атсалысты.

Түркілер өнері елорда төрінде

Заманында мәдени болмысы мен құндылықтар жүйесі тұтас болған Ұлы дала өркениетін қайта жаңғыртуды мақсат еткен фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылды. Жыл сайын халықаралық ауқымды си­пат алып келе жатқан жиын сан ғасырлық тәжірибедегі көшпелі тұрмыс салтын мәдени тұрғыда ортақ бір нәтижеге жеткізуді көз­дейді.

– Өткен жылы 8 елден 90-ға­ жуық өнерпаз келген болса, биыл 10 мемлекеттен 180-нен ас­­­там қа­тысушы бас қосты. Атап айт­қан­да, Әзербайжан, Моң­­ғо­лия, Иран, Оң­түстік Корея, Өз­бекстан сынды елдер. Мұн­дағы мақсат – астанамыздың дамы­­ған бүгінгі келбетін ғана емес, бай мәдениетімізді, тари­хи мұра­ла­ры­мызды көрсету, – дейді «Kazakh Тourism» АҚ төраға­сы­ның орын­ба­сары Тимур Дүй­сенғалиев. Оның ай­туынша, фестивальді дәстүрлі мере­кеге айналдыру ту­рис­тік саланы ғана емес, қомақты табыс әкелу тұрғы­сынан да тиім­ді. Қалалар мен аймақтардағы жергі­лікті өнді­рістердің қосымша дамуына ықпал етеді.

– Былтыр фестивальге 5 мың­­ға жуық қала тұрғындары мен қо­нақтар қатысты. Биыл бағы­мыз­ға орай, 29 маусым күні Ди­маш­тың концертке әлемнің 60 елінен қонақтар ке­лді. Ал олар­­ды мәдени алуандыққа ие осын­дай этно фестиваль неге қы­зықтырмасқа?! Еуразиялық идея экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени бірлес­тікке шақырады,  – деді ол.

Қатысушылар қала көшеле­рінде салтанатты шеруге шығып, қонақтар кәсіби садақшылардың атысына, көкпаршылар мен бүр­кіт­шілердің сайысына, жек­­пе-жек өнеріне куә болды. Әлем­ге танылған этно-музыка орын­дау­шыларының қатысуы­мен нағыз мей­рамға айналды. Соның арасында, таяуда ғана YouTube арнасында танымал болып, рок-музыканы бағалаушылар ғана емес, мәдениеттанушылар мен тарихшыларды таң-тамаша еткен моңғолиялық «The Hu» фолк-метал-тобы өнер көрсетті.

«Қазақстан мен Моңғолия ара­­­сында бірлескен жоспарлар бойын­ша ортақ дүние жеткілікті. Қазір әлемде көшпенділердің этно мәдениетіне қызығушылық та­ны­тып отырғандар көп. Музы­ка­дағы жаңа бағытты ойлап тауып, оны «хунну-рок» деп атап, ішек­ті музыкалық аспаптар мен көмеймен орындауды шебер үйлестіріп жүрген «The Hu» тобы, «The Altai band» сынды этно фолк бағытындағы топтар ән салды. Көшпенділер мәде­ниетін танытуды мақсат еткен мұн­дай фестивальдердің ұлттық тұр­ғыда, әлемдік ауқымда маңызы өте жоғары. Өнер мерекесіне қатысу бізге үлкен қуаныш сыйлайды», дейді Моңғолия командасының жетек­шісі Долгион Балчияв.

 Аталған іс-шараның өтуіне «Kazakh Тourism» АҚ тарапы­нан Туризм индустриясы коми­теті тапсырысы бойынша Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен 130 миллион теңге бө­лінген. Қаржының басым бөлігі шетелдік қонақтардың жүріп-тұруына, оларды орналастыруға жұмсалды. «Kazakh Тourism» АҚ келешекте ішкі туризмнің да­муына оң әсер ететін «Apple fest», «Алтай – өркениет бесігі» атты бір­қатар жиындарды жоғары дең­гейде өткізді.