Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Бүркіт көбейіп келеді

1262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін де 7 жыл бойы Алматыдағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағы бүркіт балапандарын жабайы табиғатқа біртіндеп баулып, еркіндікке жіберіп келгенін, биыл сол құстардың санын алу үшін арнайы экспедиция жолға шыққанын хабарлаған едік.

Бүркіт  көбейіп келеді

Экспедиция бағыты еркін­дікке жіберілген бүркіттер ме­кендейтін Алматы облысының аумағындағы Арқарлы мен Ма­лайсары, Үлкен және Кіші Бұ­ғыты, Сөгеті тауларын, Торай­ғыр мен Шарынның жоғарғы бөлігін қамтыды.

Есеп бойынша бұл аумақта бүгінгі таңда 36 бүркіт бар екен. Ма­мандар 14 тастүлек пен мұз­балақты және 11 жұпты тіркеген.

– Бірінші кезеңде Жоңғар Алатауының сілемдері зерттелді. Сапарымыз басталғаннан кейінгі бірнеше күн ішінде екі бүркіт жұбын анықтадық. Екінші ке­зеңде Іле Алатауы аумағын жә­не алты жыл бойы бүркіттер ер­кін­дікке жіберілген Алматы об­лысының жерлерін қарап шық­тық. Тексерілген телімдерде біз тастүлектерді де, ұя салатын бүр­­кіттерді де кездестірдік, – дейді топ жетекшісі, орнитолог Сергей Шмы­­галев.

Экспедиция Қазақстанда 2012 жылы қолға алынған «Үлесіңді қос. Табиғатты аман сақтап қал» атты «Эфес Қазақстан» компа­ниясы жобасының аралық қоры­тындысын шығарып отыр. Осы аралықта «Сұңқар» тәлімбағында 25 бүркіт балапаны өсіріліп, та­биғат аясына жіберілді.

Қазақстан аумағында мекен­дейтін бүркіттердің санағы соңғы рет 7 жыл бұрын есептелген екен. Есептеу нәтижесі мен орни­то­логтердің бағалауынша 2012 жылы бүркіттердің популя­циясы азайған, Алматы облысының Үл­кен және Кіші Бұғыты айма­ғында бар-жоғы 4-5 жұп қана қалған болатын.

– Көп жыл бойғы еңбе­гі­мізден осындай тамаша нә­тиже шық­қанына аса қуа­ныш­тымыз. 2012 жылмен са­лыс­тырғанда қазір ұя салатын бү­ркіт жұптарының бірнеше есе өскені анықталып отыр. Қа­зақ­станның мемлекеттік бай­рағында бейнеленген ұлттық нышанды сақтап қалу – біздің компанияның корпоративтік әлеу­меттік жауапкершілік сала­сындағы басым міндеттерінің бірі, – дейді «Эфес Қазақстан»  АҚ корпоративтік қатынас­тар департаментінің директоры Шың­ғыс Қаскеев.

Бүркіттерді қорғауға арналған бағдарлама әрі қарай да жүзеге асырыла бермек.

 

АЛМАТЫ