Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Лисаков қаласында «Атадан балаға жеткен мұра» атты өңірлік фестиваль өтті

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Мәдени мұра» жобасы аясында өткен «Атадан балаға жеткен мұра» атты өңірлік фестивалі қазақ даласын мекендеген түрлі халықтардың мәдениетін жақындастыруды, саламатты өмір салтын насихаттауды, ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуды басты мақсат етіп қойды.

Лисаков қаласында «Атадан балаға жеткен мұра» атты өңірлік фестиваль өтті

Оған Қостанай, Рудный қалалары мен аудандарда тұратын қолөнершілер, суретшілер шақырылып, олардың жасаған түрлі бұйымдарының көрмесі өткізілді. Ағаштан түйін түйетін ағаш шебері Таңатқан Божақовтың есімі республикаға танымал. Ол негізінен халқымыз қолданған ыдыстарды жасайды.

«Бүгінгі ұрпақтың жалпы ағаштан жасалған ыдыстардан түсінігі болғанымен, қай ыдысты қандай ағаштан жасау керктігін, олардың технологиялары туралы біле бермейді. Аталар мұрасын ұмытуға болмайды. Мысалы, қымыз құятын тостаған, кесе, сапыратын шөміштердің бірнеше түрі болған. Бүгінгі заманауи құралдарды пайдалана отырып, ағаш ыдыстарды жаңғыртып, жетілдіре түсуге талпынамын» дейді Таңатқан ағай. Көрмеге қазақтың құрақ көрпешелерінің, қоржындарының түр-түрі,теріден тігілген бұйымдары, сонымен қатар орыс, украин халқының асыл тастан жасалған әшекейлері, ағаштан ойған картиналары да көрерменге рухани әсер берді.

«Мені аталарымыздың теріні өңдегені, одан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасағаны таңқалдырады. Олар қандай технология қолданған? Қазір шеберлер оларды жетілдіріп жасайды. Қамшы, аттың ер-тұрманы ұмытылып кетсе не болады? Олар бүгінге дейін тұрмыста өте қажетті заттар емес пе? Сол үшін осындай фестивальдер өтуі керек. Қолөнершілер еңбегі бағаланса құба құп» дейді Лисаков қаласындағы биылғы мектеп түлегі Мұхаметжан Қадырханов.

Фестиваль көрігін Лисаков қаласындағы «Этностиль» ансамблі қыздырды.

Лисаков қаласы

 Қостанай облысы