01 Шілде, 2019

Аудан әкімдері үнемдеген қаржыға тағы да үйлер алына ма?

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тіпті кейбір аудандардағы көпбалалы аналарды аудан әкімінің орынтағына отырғызып, сауалын қойып: «Осы орында жақсы көрініп тұрсыз» деп әзілдеуге де уақыт тапты.

Аудан әкімдері үнемдеген қаржыға тағы да үйлер алына ма?


26 маусымда Өскеменде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өткен еді. Осы жиында облыстағы баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін әр ауданда арнайы комиссия құрылғаны, алдағы уақытта 230 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайтыны туралы айтылды. Бұл мақсатта облыстық «Парыз» қорынан тиісті қаржы бөлініпті. Журналистердің қатысуымен ашық форматта өткен отырыста Даниал Ахметов қарамағындағы аудан әкімдеріне толық сенбеді ме, әлде мәселенің анық-қанығына көзін жеткізейін деді ме, өңірдің барлық аудандарындағы көпбалалы аналармен жеке-жеке сөйлесті. «Үйлерді көрдіңіз бе? Мәселе жоқ па? Ертең ұятқа қалмаймыз ба?» деп комиссия қараған үйлердің сапасын, ол баспаналар көп балалы аналардың көңілінен шыққан-шықпағанын тәптіштеп сұрап: «Жасырмай айтыңыздар. Егер мәселе болса, бірлесе шешуміз керек» деді. Тіпті кейбір аудандардағы көпбалалы аналарды аудан әкімінің орынтағына отырғызып, сауалын қойып: «Осы орында жақсы көрініп тұрсыз» деп әзілдеуге де уақыт тапты. Облыс әкімі сұрақ қойған көпбалалы аналардың барлығы дерлік: «Үйді көрдік. Көңіліміз толады» деп жауап берді. Тек аягөздік көпбалалы ана Әсем Зейноллақызы: «Комиссия мүшелеріне мәшине берілді. Ауылдардың бәрін көлікпен аралап көрдік. Көпбалалы аналар өздері де барды. Соңғы уақытта көпбалалы аналар «баспана беріледі» дегенді бір бірінен естіп, бізге хабарласып, кезекке тұрғысы келетіндіктерін айтып жатыр» деп баспана берілетіндігінен бейхабар көпбалалы аналардың бар екендіктерін еске салды. «Ол кісілер кезекке тұрсын» деді облыс әкімі.

Даниал Ахметовке жеке-жеке есеп берген аудан әкімдерінің бірі ақшаны үнемдеп, 3 үйдің орнына 4 үй сатып алғандығын, екіншісі көпбалалы аналардың барлығынан қолхат жаздырып алғандығын жарыса айтты. «Ақшаны экономдап, 5 миллион үнемдедік. Бұл қаржыға екі үй алуға болады» деді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов. Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қордан бөлінген 11 миллионның 9 миллионына, Күршім әкімі Дулат Қажанов 5 үй алуға бөлінген 15 500 миллион теңгенің 8 миллионына баспана алынғанын жеткізді. Ал Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов 7 үйдің орнына 11 үй сатып алынғанын, Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 23 көпбалалы отбасы үйлерді өздері таңдағанын, қордан бөлінген 73 миллион теңгеден 12 миллион теңге үнемделгенін тілге тиек етті.

Ендігі сұрақ. Аудан әкімдері үнемдеген қаржыға көпбалалы отбасыларға тағы да үйлер алына ма? Мұны уақыт көрсете жатар.  

Айта кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жетекшілік ететін комиссия құрамына көпбалалы аналар, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдері енген.

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген В.Петухов