Қазақстан • 01 Шілде, 2019

«Киелі Қазақстан» экспедициясы Алматы облысына бағыт алды

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алатаудың баурайынан бағыт алған «Киелі Қазақстан» экспедициясы көркем табиғат аясында тіршілік кешкен ауылдарды аралап, Алматы облысының таулы өлкелерінде атты туризмді дамытудың жай-жапсарын зерттеп қайтуды жоспарлап отыр.

«Киелі Қазақстан» экспедициясы Алматы облысына бағыт алды

«Kazakh Tourism» ұйымдастыруымен Алматыдан жасақталған 25 тәжірибелі шабандоз алдағы уақытта арнайы картасын сызып, туристік бағыттарды анықтайтын болады. Алматыдан шыққан экспедиция Батан, Ой-Қарағай шатқалдары, Ассы асуы, Қара-Арша шатқалы, Жіңішке өзені, Аманжол үстірті,  Көлсай, Қайыңды көлдері мен Қайыңды өзені маңындағы аумақтарды аралап, күніне 10-16 шақырымды жүріп өтіп, жол бойы нұсқаулықтар орнатып, суретке, бейне таспаға түсіру жұмыстарын да жүргізетін болады.

Экспедиция мүшесі Үкіжан Манекинаның айтуынша, атты туризм Алматы облысында жақсы жолға қойылған. Экспедицияның бағытынан кеңірек мәлімет беріп өткен маман  туризмді дамыту үшін аймақтарда қандай жұмыстар істеу керектігін, тұрғындардың туризмді дамытудағы үлесі қандай болатындығы, т.б. мәселелерге сараптама жасап, экспедиция жүріп өткен аумақтар бойынша бейне-фотобанк жасақталатындығынан хабардар етті. Адам аяғы сирек баратын аумақтардан тәжірибелі фотографтар түсірген суреттер мен бейне топтамалар Қазақстан туризмінің жарнамасын жасауға ықпал ету мақсатында Kazakh TV каналында Across Central Asia бағдарламасында көрсетілетін болады.  Экспедиция мүшелері таяуда Ақмола облысынан оралды. Ал өткен жылы Шығыс Қазақстан, Сарыарқа, Батыс Қазақстанда, сондай-ақ Алматы облысының бірқатар жерлерін аралап, картасын жасақтаған. Бүгінде Қытайдан, Кувейттен, Еуропа, т.б. елдерден келген туристердің әлеуметтік парақшаларында Қазақстанды насихаттау жұмыстары да қолға қойылып келеді.

«Outdoor Kazakhstan» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Максим Левитин атап өткеніндей, елімізде атты туризмді дамытуға толыққанды жағдай бар. Бүгінде туризм қарқынды дамыған елдердің өзіндік бренді қалыптасқан. Мысалы, Түркия, Тайланд сияқты елдер теңізімен тартымды болса, Қазақстан тауларымен, ғажайып өлкелерімен көрікті. Сан ғасырлық тарихы бар елімізде кез келген таулы өңірде атты туризмді дамыту аса қиындық туғыза қоймайды. Бүгінде Қырғызстан, Монғолия сияқты елдер бәсекелесі болып табылатын қазақстандық атты туризм биік таулы қыраттарды бағындыруға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Максим Левитин Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан тауларында, табиғатында ұқсастық болғанымен, инфрқұрылымы мен логистикада назар аударатын мәселелер бар екендігін айтады. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі турзимді дамытуға да барынша көңіл бөлген жөн.

Солтүстік Тянь-Шаньға қарай бағыт алған экспедиция бірнеше күн бойы ауыл-аймақтардағы тұрғындармен кездесіп, туристерді қабылдау тәртібі жайында ақпарат алмасып,  туризмді дамыту мүмкіндіктерін сараптап қайтатын болады. Бүгінде атты туризмді дамыту тау етегінде орналасқан елді мекендер үшін табыс көзі болып табылады.  Шағын кәсіпкерлік нысандарын дамыту арқылы, туристерге сапалы да қолайлы қызмет түрлерін ұсыну тіптен аймақ экономикасын дамытуға да ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жағдайда жергілікті әкімдіктердің шағын және орта бизнесті қолдаудағы шараларға назар аударуы аса маңызды.