Аймақтар • 02 Шілде, 2019

Ауылды кім сақтандырады?

413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы кезде сарапшылар тарапынан Қазақстанның әлеуметтік мәртебесі нарық заңымен дамуына кедергі келтіреді деген пікір айтылып жүр. Шынында да төтеннен келген қандай да бір табиғи апат бола қалса, жұрт мемлекетке жалтақтайды. Мысалы, қазір кейбір әлеуметтік желі белсенділері «Қазақтың байлығын оңды-солды шашып жүрген алпауыттар қайда? Кім қанша қаражат бөлді?» деп қалталылардың қаржысын санауға көшіп, халықтың қайғысын қозғап жүріп, өзінің бәсін көтеріп алуға тырысып жатқаны жасырын емес.

Ауылды кім сақтандырады?

Осыдан бірнеше жыл бұрын жа­по­ниялық саясаттанушы Ока Нацуко табиғи апат болғанда мемлекеттің көмегіне иек артуды нарық заңының дамуын тежейтін консервативті бағытқа теңеген болатын. Ол Жапонияда табиғи апат кезіндегі шығын сақтандыру компаниялары есебінен өтелетінін айтқан еді. Бұл бүгін немесе кешегі жетістік емес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап қолға алынған, әбден жүйеленген дәстүр. Ока Нацуконың пайымдауынша, сақтандыру компанияларының жұмысына балама бола алатын басқа құрылым өмірге келмепті. Басқаша жол – адамның жаратылысында бұғып жатқан масылдықтың жасушаларын қоздырып жіберетін көрі­неді.

Сарапшылар Қызылғаштағы су апаты, кешегі Арыстағы жағ­­дай­дан соң мемлекеттің көз­қа­расы тек көмек берумен ға­на шектеліп қалғанын, ілгері­леу­­шіліктің болмағанын айтып отыр. Яғни, сақтандыру ин­дус­трия­­сының жемісін ел әлі сез­ген жоқ, мемлекет те оның мүм­кін­­дік­­терін ауылға бағыттап үлгір­меді.

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір күндік жалақысын Арысқа көмек қорына аударды. Президент Әкімшілігі де бұл бастамадан қалыс қалмайтынын айтты, Nur Otan партиясы көмек қорын ашты. Әлеуметтік желіде «Арысты қолдайық» деген ыңғайдағы парақшалар пайда болды.

Апаттан қанша шығын келді?

Иә, Арыстағы апаттан келген қаржы­лай шығын көлемін ешкім айта алмады. Тұрғын үй, инфрақұрылымдардың өтем­ақысы мемлекет есебінен өтеледі деген құрғақ ақпараттар пайда болып жатыр. Дүрмек басылып, бір-бірінен адасып қалғандар табысып, көшкен ел Арысқа қайта оралды. Осы тұста «сүйенеріміз де, сенереміз де қашанға дейін мемлекет болмақ?» деген 30 жылдан бері жауабы табылмаған сұрақ қылаң беріп тұр. Біз қашан кез келген уақытта сақтандыру қызметтері арқылы әлеуметтік проблемаларды шеше алатын елге айналамыз.

Иә, халықтың басым бөлігінің жеке мүлкін сақтандыруға құлықсыз немесе шамасы келмейтінін көріп жүрміз. Төтенше жағдайларда мемлекет тарапынан бөлінген қаржы біреулер үшін табыс көзі ме деген қауіп бар ел көңілінде. Мемлекет тарапынан берілетін көмек «бармақ басты, көз қыстыға айналып» «күріштің арқасында күрмек те су ішіп жүр» дейді ауылдағы ағайын.

Журналист Марат Тоқашбаев табиғат апаттарынан зардап шеккендерге халық­тың қолдауы біздің ешбір ұлтқа ұқсамай­тын менталитетімізден туғанын айтады: «Батыс­та күн күркіресе, шығыстағы ағайын сол жерде отырған бауырын уа­йымдап, демі дірілдеп отырады. Мемлекет немесе облыс бюджеттері, жекелеген ауқатты ағайындар тарапынан беріліп жатқан көмек сол ерекшелігімізден туындап жатыр. Бірақ көмек мемлекет немесе жекелеген бизнес өкілдерімен шектеліп қалмауға тиіс. Мемлекет күні бүгінге дейін ортақ бюджеттен бөлінетін көмектің тетіктерін реттеді. Тәжірибе жинады. Бұл жағынан мемлекетке сын айтуға болмайды».

Марат Тоқашбаев Арыстағы жағ­дай­ға қатысты біраз шаруаларды атқару қажет­тігін айтып өтті. «Басылым беттерін­­де «Арыс қирап қалды» деген желсөз­дер айтылып жатыр. Бұзылған есік-тере­зені жөндеу аса қиындық тудырмайды. Жары­лыстың неден болғанын, нақты себе­бін білмеймін. Бұл жағдай алдағы уақыт­та қайталанбауы үшін комиссия дұрыс­тап тексеруі керек. Қандай қателік кетіп отыр? Мүмкін жас отбасыларды еліміз­дің солтүстік облыстарына көшіп бару­ына кеңес берген де дұрыс шығар. Үкі­мет сақтандыру нарығына шын­дап көңіл бөле бастады. Бұл біз­дің нарық заң­ды­лығына бейімделе бастаға­ны­мызды білдіреді. Бірақ мемлекет әлеу­мет­тік мәртебесіне өзгеріс енгізсе де, халық­тың менталитетіне ықпал ете алмайты­­н­ына сенемін», дейді ол.

Ойын тәртібін өзгерту керек

Сақтандыру нарығындағы ойын тәртібін өзгертпесек, олар мегаполистер­дегі ірі нысандарды ғана сақтандырумен айналысып, ауылға беттемей қояды. Марат Тоқашбаевтың пайымдауынша, «ауыл – сақтандыру нарығы үшін тартымсыз» деген қатып қалған көзқарасты өзгертетін кез келді. Мүмкін тек ірі ойыншылар ғана емес, квазисектордағы қаржы институттары тәрізді ұсақ ойын­шы­лардың да ішкі нарықта жұмыс іс­теуіне жағдай жасаған дұрыс шығар.

«Мұндай төтеннен келген апаттар кезін­де мемлекеттің көмегі аштан өлтір­мей­ді. Бірақ қарын да тойғызбайды. Ауыл­да­ғы бауырлар құны 10-30 мың АҚШ дол­­лары тұратын тұрғын үйлерін, дүние-мүлік­терін сақтандырғаны дұрыс. Бұл ауыл­дас­тарға сақтандыру нарығы­ның мүм­кін­дік­терін пайдалануға мүмкін­дік береді. Қиын сәттерде халыққа кө­мек­тің кез келген түрі көптік етпейді», дейді Марат Тоқашбаев.

Сарапшылар 2000-жылдардың бас кезінде сақтандыру нормаларының механизмдері мүлде дұрыс болмағанын, соның салдарынан бұл секторда негізі­нен тәжірибесі жоқ ұйымдар жұмыс істе­генін айтады. 1994-2018 жылдар ара­сын­да олардың саны 900-ге дейін көбейіп, «аты бар, заты жоқ» ұйымдардың қата­рын толық­тырды. Нарық өзі іріктеген  бұл секторда қазір 32 ұйым ғана қалды.

Заңгер Тимур Назханов бұл ретте бізді шетелмен салыстыруға мүлде келмейтінін, айырмашылық жер мен көктей екенін айтады. Дамыған елдерде халық үйін, көлі­гін тұрмақ, тіпті ит-мысығына дейін сақ­тандырады. Өйткені олардың ұйым­дары әлеуетті, капиталы қомақты, қор­ларында миллиардтаған қаржы жатыр. «Шетелдегі сақтандыру компанияларының құқықтық базасы өте күшті дамыған. Адвокат жалдаған клиент бірінші кезекте сақтандыру ұйым­дарымен келісімшартқа отырады. Егер қорғаушының тактикасы дұрыс болмай шықса, сол арқылы ақшасын қайтып өндіріп алуға құқылы. Дүние-мүлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін міндетті сақтандыру келі­сім-шартының барлық тетіктері екі жақ­қа да ұтымды», дейді Тимур Назханов.

Ал жылжымайтын мүлікті сақтан­ды­ру мәселесіне келсек, бұл бізге қажет. Қа­зір оған үлкен дайындық жүріп жатыр.

Ірі компаниялар қалуға тиіс

Бұл бізге жаңалық емес. Себебі халық­тың өмірін, тұрмысын сақтандыруға деген ықыласы нарықтың көңілін көншіт­пейді. Қазақстанның әрбір тұрғынының жеке басын, тұрмысын сақтандыруға жұмсаған шығыны 62 АҚШ доллары. Батыс елдерінде бұл 3500-4000 АҚШ дол­лары болса, Ресейде 162 доллар. Сол себепті Ұлттық банк пен Үкімет нарық­тағы ойыншыларды оңтайлан­дырып, ірі өндірістік-қаржылық топтар­ға айналдырып, тек ірілерін ғана айна­лымға жіберуге ниеттеніп отыр. Сарапшы­лар­дың пайымдауынша, бізге қазіргі қаптаған компаниялар көптік етеді. 15-16-сы қалса да жетеді екен.

Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі Ерлан Бөрібаев сақтандыру нары­ғын қолдан басқаруға болмайтынын ай­та­ды. Әлемдік тәжірибеде бүгін бан­крот­қа ұшыраған компания күні ертең ал­пауыт компанияға айналуы әбден мүм­­кін екенін айтады ол. Ұлттық банк пен Үкі­меттің міндеті олардың жұмы­сын­а ара­ласпай, тек сырттан бақылаумен шек­телуі тиіс. «Қазір шамамен 32 компания бар. Араларында лицензиясынан ай­рылып қалғандары да кездеседі. Сақ­тан­дыру нарығында тәжірибесі бар ком­пания­лардың мүмкіндігін ауылдың мүм­кін­дігіне бейімдеу керек. Мысалы, ауыл­дағы тұрғын үйдің орташа бағасы – 10-15 мың АҚШ доллары дейік. Қол­даныс­тағы заң бойынша 35 шаршы метрді құ­рай­тын тұрғын үйлерді сақтандыруға бола­ды», дейді Ерлан Бөрібаев. Оның пікірінше, бұл фактор ауылдың қар­жы-сақтандыру нарығымен инте­грация­лануын тездетеді. Сақтандыру ком­па­ния­ларының әлеуметтік сектор бойынша мемлекеттің жүгін жеңілдетуге мүмкіндігі бар.

 

АЛМАТЫ