Аталған министрліктің дерегіне сүйенсек, елімізде 3640 жекеменшік балабақша бар екен. Бұл біздегі барлық (1134) мектепке дейінгі ұйымның 35 пайызын құрайды. Демек, 3-6 жастағы балалардың осынша үлесі мемлекеттік балабақшаға мұқтаж. Әлі 3 жасқа дейінгі балалар туралы сөз қозғамадық. Баласын балабақшаға бере алмай отырған ата-аналардың көбі – ірі қалалардың тұрғындары. Жеке балабақша мегаполистерде жеткілікті, алайда оның бағасы қолжетімді емес. Мәселен, елордадағы жеке балабақшалар бір балаға 30-50 мыңның арасында ақы алады. Элита санатындағы балабақшада баға бұдан да қымбат. Ал мемлекеттік балабақшаға астаналықтар бір бала үшін жасына қарай 10-14 мың теңге аралығында ақы төлейді. Екі-екі жарым есе арзан болғандықтан, кім де болса баласын мемлекеттік балабақшаға беруді жөн көреді. Бірақ оған кезекке тұруы тиіс. Кезек алады. Алайда ол кері кетеді.
Аманжол Телісжанұлының 2 жарым жастан асқан қызы бар. Кішкентай қызғалдағы елордадағы жекеменшік бақшаға барады. Оған айына 40 мың теңге төлейді. Бұл – тек балабақшаға берілетін сома, оның сыртында баланың киім-кешегі бар. Кейде балабақшаға қажетті құралдар да ата-ананың ақшасына алынады. Сол себепті қызын кезекке қойған. «Қызым дүниеге келген 2017 жылдың басында автоматты түрде кезекке қойылды. Сонда ол тізімге 373-ші болып тіркелді. Біз 2-3 жылдың ішінде кезегіміздің келетініне сенімді жүрдік. Мамандар кезек қоятын www.indigo24.kz сайтын жақында жаңартты. Сол процестен кейін кіріп қарасақ, 983-орынға түсіп қалыппыз. Одан кейін тізім тағы төмендеді. Кезегіміз 3 есеге кері кетті. Ол неге алға емес, артқа жылжиды?», дейді ата-ана. Осы сұрақпен сайттың онлайн қызметкеріне шыққан, бірақ ешкім жауап бермеген. Жауап күтіп жүргенде кезек алатын уақыт та жетеді. Ата-ана амалсыз әкімшілік қызметкерлерінің үстінен шағым жасайтынын, тиісті тексеріс жүргізетін жоғары ведомстволарға арызданатынын айтады. Сонда ғана аталған сайттың хабарлама бөліміндегілер: «Бірінші әскери қызметкердің, одан кейін көп балалы, үшінші мүгедек балалары бар отбасылар балабақша кезегіне қол жеткізеді. Сіздің кезек сондықтан кері кетті», деп түсіндірген. Ал ата-ана: «Жарайды, 100, тіпті 200 орынға шегінсін, бірақ 610 орынға неге кері кетеді? Көмекке мұқтаж отбасының балаларын дәл біз қол жеткізетін уақытта неге алдымызға тіркей салды? Бұдан бұрын, кезекке қоярдың алдында неге соның бәрі ескеріліп барып бөлінбейді?», дейді жанайқайын жеткізген А.Телісжанұлы. Оның ойынша, жауапты тұлғалар қай отбасыдан қанша балаға орын берілетінін, қайсысы қай орынды алғанын айту керек. Өйткені осы жүйенің өзі ақпарат ашық, айқын болу мақсатында құрылған. Бірақ ешкім түсіндіру жұмысын жүргізбейді.
Жүйенің де жүйесі бар
Кері кеткен кезек мәселесінің мәнісін сұрап бас қаланың білім басқармасына хабарластық. Басқарма басшысының орынбасары Дулат Шайкенұлы қандай да бір пікір білдіруден бас тартып, баспасөз қызметіне сілтеді. Сондықтан жоғарыда жанайқайын жеткізген ата-ана А.Телісжанұлының қызы кезекке қойылған №68 «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Қарашаш Қамидоллақызымен байланыстық. Оның айтуынша, балабақша кезегіне жолдама беретін жүйе өте тиімді әрі жемқорлыққа жол бермейді. Оны ата-аналар да растайды екен. Кез келген ата-анаға түсіндіру жұмысын жүргізетінін айтқан балабақша басшысы аталған мектепке дейінгі ұйымға қазірде 2-3 жасқа дейінгі 30 балаға орын барын жеткізді. Ал жоғарыдағы жайтты бұрын жеке кезекте тұрған үш түрлі отбасын (әсери қызметкерлері, көп балалы, мүгедек баласы бар отбасылар) жалпы кезекке қосылуымен байланыстырады. Содан кезек саны 3-4 есеге өсіп кетіпті. Бірақ кезектің берілуі жүйеленген. «Біздегі белгіленген тәртіп бойынша жолдаманы алдымен осы үш отбасының балалары алады, одан кейінгісін кез келген кезектегі отбасының баласына береді. Мәселен, бізде 30 орын бар. 1-орынды әскери, екіншісін көп балалы, сәйкесінше 3-ші жолдаманы мүгедек баласы бар отбасындағы бала алады. Ал 4-ші орынды кезегі келген балаға береді. 5,6,7-орындарды қайтадан жоғарыдағы отбасылардың балалары алса, 8-ші жолдама кезектегі балаға беріледі», деп түсіндірді Қ.Қамидоллақызы. Маманның сөзіне сенсек, Оқушылар сарайында 2-3 аптадан бері белгілі бір кестемен астаналық ата-аналарға кеңес берілуде. Электронды жүйе арқылы жолдама алғаннан кейін балабақшадағы мәселе 5 күн ішінде шешіледі. Құжаттарын толықтырып, келісімшартқа отыруға осынша уақыт берілген-ді. «Балабақшамыз қала маңында орналасқандықтан, одан осы ауданның тұрғындары ғана орын алады. Сол себепті кезек жақсы жүруі мүмкін. Алайда біздің кентте алдыңғы үш кезекті алатын отбасылар біршама көп, осыған орай 4-ші кезекті алатын балалардың жолдамасы кідіруі ықтимал», дейді меңгеруші.
Сылбыр сайттың әлегі
Елорда тұрғыны Мөлдір Маратқызының үлкені 4,5 жаста, ал кішісі 2-ден енді асқан. Екі баласының кезегін көптен бері асыға күтіп жүр. Әкімдік кезек бойынша жолдама беретін күнді маусымның 10-на белгілеген. «Бұл хабарлама көктемде тарады. Содан бері осы датаны күн санап күттік. Жаз жетіп, 10 маусымда таңғы сағат алтыдан бастап компьютердің алдында сайтты күзеттік. Бірақ жүйеге кіре алмадық. Айналып тұрып алады. iKomek-ке хабарласқанда берген техникалық маманы байланыстан тыс жерде. Бүкіл шаруамызды тастап, тағатсыздана тосқанымыз бекерге кетті. Сол күйі сайтқа да қосыла алмадық, жолдамаға да қол жеткізбедік», деп қынжылады. Ата-ананың ойынша, сайттың әлсіздігін мамандар алдын ала тексеріп, қолданушыларға хабар таратуы тиіс еді. Бірақ олар үш сағат бойы күткен бірнеше адамның шағымынан кейін ғана хабарлама таратқан көрінеді. Хабарламада сайт жұмысы уақытша тоқтатылғаны, жүйеге шабуыл жасалып жатқаны айтыла келе: «Бір уақытта 500 мыңнан астам адам жүйеге кіруге талпыныс жасады. Қазір техникалық мамандар жұмыс істеп жатыр. Келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», делінген. Қалалық білім басқармасы сайт қайта іске қосылса, алдын ала хабар тарататынын мәлімдепті.
ІТ маманы Ербол Серікбай бізге ата-ананың «Электронды жүйе жөнді жасалмаған» деген шағымын: «Мемлекеттік мекемелердің сайты жекеменшік компаниялардың тендер ұтып алуы арқылы әзірленеді. Ал сайттың жұмыс істеу жылдамдығы оның ұтқырлығына және техникалық маманға байланысты. Кей компаниялар сайтты басқа бір порталдың шаблонына салып жасай салады. Енді бір сайтта 5 қызметкердің жұмысын бір адам атқарады. Осының нәтижесінде сайттың жұмысы нашарлайды», деп түсіндірді. Қызметкер қай кезде жұмысына салғырт қарайды? Айлығы аз болғанда. Ал компания қандай жағдайда 1 қызметкерге 2-3 адамның айлығын беріп, 5 қызметкердің жұмысын істетеді? Қалған 1-2 адамның жалақысын жымқырғысы келгенде. Оған қоса, аз ақшаға дайындалған қуаттылығы нашар сайтты бұзу да оңай екені белгілі. Бүкіл ата-ана телміріп отырған www.indigo24.kz секілді сайтқа бір мезетте миллиондаған қолданушы қосылуы үшін мейлінше қуатты болуы қажет-ақ. Мемлекет оған лайықты қаржыны бөлген болар, бірақ оның жұмсалуы қаншалықты қадағаланып жатыр? Мәселе – сонда.
Баяғы жартас емес пе?
Балабақшаның кері кететін кезегі туралы осыған дейін де сөз болған еді. «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы 2015 жылы сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына «Бүгінде жас отбасыларға бүлдіршіндері үшін мемлекеттік балабақшадан орын алу үлкен мәселеге айналып отыр» деп басталатын сауал жолдаған. Депутаттық сауалда жоғарыда біз жазған жайттармен қоса мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін ата-аналардың жылдар бойы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келетіні айтылған. «Бұл саладағы орынды бөлудегі бюрократтық бөгеттер мен таусылмайтын тежеулер көпшіліктің наразылығын тудырып, жыл сайын үлкен дау-дамайға айналуда» деген сауалда заңбұзушылықтардың кездесетіні де көрсетілген.
«Жүйе жаңарды, жұмыс жақсарды» деген сөздер жалаң ақпарат емес пе? Өйткені жүйе 4 жылдан бері бір ізге келмеген, көптің көңілінен шықпай тұр. Әлі де сол жанайқай, жолдан қосылатын жандар, бәз-баяғы кері кететін кезек, артқа жылжитын орын. Жұмыс жақсарса, 4 жылдан бері бұл тірлік неге түзеліп кетпейді?..