Қазақстан • 02 Шілде, 2019

Уақыт талабымен орайлас шешім

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтары­ның борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жарлығы уақыт талабына сәйкес қабылданған шешім. Ол қоғамдағы әлсіз топтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын біршама жақсартуға тиіс.

Уақыт талабымен орайлас шешім

Қазіргі таңда елдегі халықтың қарыз­дық жүктемесі жоғары деңгейде екендігі байқалуда. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес халыққа тұтыну несиесінің көлемі 2015-2019 жылдар аралығында 38%-ға өсіп, 3,5 трлн теңгеге жеткен. Осы ара­лық­та ұзақ мерзімді несиелер 40%-ға, қыс­қа мерзімді несиелер 15,5%-ға өсіпті. Бұл ретте 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес кепілсіз тұтынушылық несие көлемінің 96%-ын ұзақ мерзімді кредиттер құрап отыр. 3,5 трлн теңгені адам басына шағып есептейтін болсақ, еліміздің әр тұрғынына 193 мың теңгеден келеді екен. Бұл дегеніміз 2018 жылы қалыптасқан орташа айлық жалақының 1, 2 көлемін көрсетеді (2018 жылы орташа айлық жалақы Статистика комитетінің дерегі бойынша 162,7 мың теңгені құрады).

Осының нәтижесінде әлеуметтік жағы­нан қорғалмаған жандардың жағдайы қиын­дай түсті. Аталған санаттағылардың бел­гілі бір бөлігі берешекті қайтаруға қау­қар­сыз. Сондықтан қолға алынған амал халық­тың қарыздық жүктемесін азайтуға біршама ықпал етеді деп ойлаймын.

Қош, сонымен бұл топқа халықтың қандай бөлігі жатады? Атап айтсақ, көп­балалы отбасылар, асыраушысынан айы­рыл­ған жәрдемақы алатын отбасылар, мүге­дек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, мемле­кет­тік атаулы әлеуметтік көмек ала­тындар, жетім балалар, ата-анасынан кә­ме­лет­тік жас­қа дейін айырылған, жиыр­ма тоғыз жас­қа толмаған, ата-ананың қамқор­лы­ғын­сыз қалған балалар. Демек, мемлекет­тің қол­дауы нақты мұқтаж тұлға­ларға бағытталады.

Есеп бойынша 255 мың адам қамты­лады деп болжанған. Ал елдегі бір от­ба­сы­­ның құрамы 3-4 адамнан тұратынын ес­керсек, аталған Жарлық 867 мың адам­ның әлеуметтік жағдайына оң әсерін ти­гі­зе­ді деп ойлаймын. Бұл ел халқының 4,7%-ы.

Қазақстандықтардың қарыздық жүк­темесінің артуы экономикаға да кері динамикасын беруі ықтимал. Берешектің шамадан тыс ұлғайғаны сұраныстың орынсыз өсуіне, импорттың күшеюіне және инфляцияның қарқын алуына ықпал етуі ғажап емес. Сол себепті борыш жүгін азайту бір жағынан эконо­микаға оң әсер ететінін да естен шығармаған дұрыс.

Аталған мақсатқа жұмсалатын қаражат­тың бюджетке түсіретін ауыртпалығы туралы айтсақ, ол соншалықты ауыр емес. Егер 255 мың адамның әрқайсысының қары­зы 300 мың теңге деп бағамдасақ, ша­мамен 76, 5 млрд теңге болады екен. Бұл сома мемлекеттік бюджетке қатты ауырт­палық түсіреді деп ойламаймын.

 

Нұрболат ҚҰРМЕТҰЛЫ,

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары