Руханият • 02 Шілде, 2019

Чемпион туралы көркем фильм

870 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Хабар» агенттігі бас­шы­­­лығымен Сидней Олим­­пиадасының чем­пио­­­ны Бекзат Сат­та­р­ха­новтың өмірі мен спорт­тағы жетістігі туралы био­­графиялық көр­кем фильм түсірілді. Туын­ды­ның режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады.

Чемпион туралы көркем фильм

Түсірілім жұмыстары Түркіс­тан, Алматы және Ыстанбұл қалаларында өткен. Фильмде аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спортшының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Туындының сюжет­тік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңге тап келген Бекзаттың балалығы көп қиын­дықтармен өтеді. Түркістан қала­сындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзат­тың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады.

«Бұл бүкіл өмірі емес, өмірін­дегі бір кезең. Боксқа қалай келді, өмірінде қандай қызық оқиғалар болды. Бұл жобадағы ең бастысы – Сиднейдегі оқиға. Картинада осы мәселелер көтеріледі», дейді режиссері Мұрат Бидосов.

Кейіпкерлерді таңдағанда тек актерлік шеберлігі емес, спорт­тық дайындығы да ескерілген. Мәселен, басты рөл Бекзатты жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған.

«Бұл бір адамның өмірі, бір адамның тағдыры. Жалпы, осы фильм арқылы Бекзат ағамызды қайта тірілтіп, артымыздан өсіп келе жатқан жастардың спорт­қа деген құлшынысын арт­тыр­сақ және титтей де бол­сын бір патриоттық сезім ұя­лата ал­сақ, арманымыздың орын­дал­ғаны деп білемін»,  дейді актер Самат Әзімқұлов. Ұйым­дас­тырушылардың айтуын­ша, фильм жалпы прокатқа күзде шығады. Артынша «Хабар» арнасынан бірнеше сериядан тұратын телехикая көрсетілетін болады.