Үміт ақтала ма?
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:57
Күмән көп немесе кәсіби медиаторларды даярлау неге жолға қойылмаған?
2011 жылдың тамыз айынан бастап «Медиация туралы» ҚР Заңы қолданысқа енді. Осы заңнама негізінде елімізде дау-дамайларды шешудің балама жаңа формалары енгізіліп, бітімгершілік арқылы екі жақты да риза ететіндей тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік туғызылып отыр. Әрине, медиаторға судьяның өкілеттігі берілмеген. Ол нақты шешім қабылдай алмайды және тараптарды өз шешімін орындатуға міндеттей алмайды. Бірақ ол келіссөздердің тиімді жүргізілуіне барынша көмектеседі және оларды қажетті арнаға бұра алады.
Сенбі, 20 сәуір 2013 0:57
Күмән көп немесе кәсіби медиаторларды даярлау неге жолға қойылмаған?
2011 жылдың тамыз айынан бастап «Медиация туралы» ҚР Заңы қолданысқа енді. Осы заңнама негізінде елімізде дау-дамайларды шешудің балама жаңа формалары енгізіліп, бітімгершілік арқылы екі жақты да риза ететіндей тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік туғызылып отыр. Әрине, медиаторға судьяның өкілеттігі берілмеген. Ол нақты шешім қабылдай алмайды және тараптарды өз шешімін орындатуға міндеттей алмайды. Бірақ ол келіссөздердің тиімді жүргізілуіне барынша көмектеседі және оларды қажетті арнаға бұра алады.
Сөйтіп, ол өзінің бейтараптығы арқасында дау-дамайдың мән-жайын әділ бағалап, проблеманың оңтайлы шешілуіне нақты ықпал ете алады. Бұл бір жағынан соттардың жұмысын жеңілдетсе, екіншіден, дауласушы жақтардың өзара келісімге келулеріне көмектесіп, олардың қырғи-қабақ болмай, татуласа отырып тарауларына жол ашады.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл заң іс жүзінде орындалмай, одан күткен үміттің ақталмай отырғандығы көңілді алаңдатады. Неге? Біздің ойымызша оның басты себебінің бірі – ол жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 1-тармағында көрсетілген санаттағы істер бойынша сот ісін жүргізу барысында жергілікті жерлердегі соттарда қаралатын дауларды реттеуге қатысатын кәсіби медиаторлардың жоқтығы. Аудандық немесе қалалық соттар мұндай істерге қатысатын медиаторлармен қамтамасыз етілмеген. Ал оларды дайындау мәселесін алға тартып, өз өңірлерінде бастапқы медиаторлар ұйымын құру мақсатында бастама көтеріп отырған қандай да бір мүдделі органдар жоқ секілді.
Ендеше, медиаторларды дайындаудың балама жолдары бар ма, бар болса ол қандай деген сұраққа көңілде жүрген осы бір түйткілді мәселені ортаға салып, ой бөліссек дейміз. Атап айтқанда, кәсіби медиатор боламын десеңіз сіздің міндетті түрде арнайы даярлықтан өткеніңіз туралы сертификатыңыз керек. Ондай құжатты сізге тек қана құқықтық негізде құрылған медиаторлар ұйымы ғана бере алатыны заңмен белгіленген. Ал мұндай ұйым, өз кезегінде, тек арнайы оқу даярлығынан өткен және сертификаты бар кәсіби медиаторлардың бастамасымен ғана құрыла алатынын («медиация туралы заңынан» 13-баптың 1-тармағы) назарға алсақ, бұл мәселенің түйінін шешуде «сиқырланған шеңбер» проблемасының туындалып тұрғандығы анық. Сайып келгенде, кәсіби медиаторларсыз заңды ұйым құра алмайсыз, ал құрылмаған ұйымға, әрине, кәсіби медиатор ретінде тіркеліп кіре алмайсыз. Мүмкін республиканың кейбір өңірлерінде басқадай тәсілмен ашылып, жұмыс істеп жатқан медиаторлар ұйымдары бар да шығар. Мұның сыртында, басқа қалаларға барып, өз есебінен қомақты шығын шығара отырып оқуға ниет білдіретіндер табыла қояр ма екен? Естуімізше, ірі қалалардағы бәсекелестік орталықтарда ашылған оқу нүктелерінің бағдарламалары бойынша дәріс алу үшін ірі мөлшерде қаржы төлеу қажет екен. Оған қоса барып-қайтуға қажетті жолақысы, тамағыңыз, жатын орынға төлейтін шығындарыңыз бар дегендей…
Бұл проблеманы қалай еңсеруге болады? Біздің ойымызша, бұл мәселені, әрине, заңға тиісті өзгеріс енгізе отырып, төмендегідей жолмен шешіп көруге болатын сияқты. Атап айтқанда, әрбір облыстық соттың жанынан ерекше жағдай ретінде қарастыра отырып Үкіметтің 2011 жылғы 3 шілде күнгі «Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидасын бекіту туралы» қаулысын негізге алып, «Жалпы медиация курсы» бағдарламасы бойынша кәсіби медиаторларды даярлайтын алғашқы курс ұйымдастырылу қажет. Ал оның оқу бағдарламасы бойынша тыңдаушылар контингенті қажетті мөлшерде әрбір аудандық немесе қалалық соттардың ұсынысы бойынша жергілікті жерлердегі беделді, абыройлы және өмірлік тәжірибесі мол, мүмкіндігінше бұрын құқық қорғау саласында мінсіз қызмет атқарған әрі кәсіби медиатор болуға ниет білдірген жоғары білімді мамандардан іріктеліп алынуы тиіс. Оларға дәріс беру, практикалық сабақтар мен іскерлік ойындар өткізу міндеттері облыстық соттың мамандандырылған тәжірибелі судьяларына жүктеліп немесе заңды сертификаты бар жаттықтырушы кәсіби медиаторларды әрбір облыс орталықтарына шақыртып оқыту түрінде ұйымдастырылса дұрыс болмақ.
Сөйтіп, оқуды облыстық соттар жанындағы курстан табысты оқып аяқтаған алғашқы толқындағы тыңдаушыларға сертификат беру құқығын шешу мәселесі құзырлы уәкілетті органның алдына қойылса дейміз. Сонда сертификат алған кәсіби медиаторлар өздерінің заңды ұйымдарын құруға құқылы болар еді. Сонымен қатар, оқу мүмкіндігінше ақысыз жүргізілсе деген пікір білдіреміз.
Сейітқұл ҚАЛИБЕКОВ,
заңгер.
Алматы облысы,
Ақсу ауданы,
Жансүгіров кенті.