Экономика • 03 Шілде, 2019

Жапония мен ЮНЕСКО Жібек жолы бойындағы туризм картасына өзгеріс енгізбек

1199 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қытай немесе Жапония туристерінің біздің елге қанша уақыт арнайтыны және әрі қарай қай қаланы бетке алатынын енді біліп жүретін боламыз.

Жапония мен ЮНЕСКО Жібек жолы бойындағы туризм картасына өзгеріс енгізбек

Әлемдік туризм картасында Орталық Азиядағы тартылыс нүк­тесі әзірге Самарқан мен Бұхара екен. Бұл факторға олардың бай та­рихтары себеп. Бұл туралы Ал­маты қаласында өткен ЮНЕСКО мен Жапонияның «Орталық Азиядағы Жібек жолын қолдау және басқару стратегияларын әзірлеу» тақы­ры­бында аймақтық семинар кезінде белгілі болды.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғыз­стан, Қытай, Жапония, Өзбекстан жә­не Тәжікстанның мәдениет ми­нистрлігінің өкілдері қатысуда. Не­гізгі мақсат – Жібек жолының Дү­ниежүзілік мұра нысандарын талқылау, ортақ дәліздерін сақтау және басқару стратегияларын қайта пысықтап шығу: үш күнге созылатын халықаралық жиында мына тақырыптар талқыға түсті: Бүкіл әлемдік мұра комитетінің «Жібек жолы және Чаньан-Тянь-Шань дәлізі», «Жібек жолы мұралары дә­ліздері», Орталық Азиядағы Жі­бек жолы дәліздеріндегі табиғатты қор­ғау және басқару жайындағы елдерге шолу жасау. 

«Жапония Үкіметі «Жібек жо­лы: Тянь-Шань дәлізі бағдар­ла­рының желісі» тарихи ескерт­кіш­терінің ЮНЕСКО-ның Дүние­жү­зілік мәдени мұра тізіміне енуіне бай­ланысты шын жүректен құт­тық­тайды», – делінген Жапонияның Қазақ­стандағы елшілігі таратқан ақпаратта. 

Жапония 2011 жылдан бері атал­ған нысандардың Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енуі үшін жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Бұл шараларға ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары нысандарын сақтау жөніндегі Жапон сенімгерлік қоры арқылы шамамен 1 млн АҚШ долларын да бөлген болатын. 

Айта кетерлігі, Жібек жолының Тянь-Шань дәлізіндегі 7 бағдары Қазақстан аумағында орналасқан. 

Семинарға қатысқан Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікмен­стан, Өзбекстан, ЮНЕСКО жә­не ИКОМОС ұйымдарының өкіл­дері Қытай, Өзбекстан және Тә­жік­стан елдерінде табысты өт­кен семинардың жалғасының Жі­­бек жолының бойындағы тарихы терең Алматы қаласында ұйымдастырылғанын жақсылық ны­­шанына балады. Жиынның екінші күні «Тәжірибе алмасу жә­не мәдени ландшафтық туризм» тақырыбымен өткен пленарлы басқосуда Аустралия Батыс уни­вер­ситетінің профессоры, Жібек жолы туристік дәлізі картасы жо­басының үйлестірушісі Тим Вин­тер бізге берген сұхбатында соңғы 1 жылдағы қол жеткен жұ­мыстары туралы айтып берді. Оның пайымдауынша, Ұлы Жібек жолы қашанда тек бір бағытпен өт­пеген және оның көптеген ба­ла­малары мен алғы нұсқалары болған. Бастапқы кезде асыл тас­тар саудасына қатысты «Лазурит жолы», «Нефрит жолы» деп атал­ған. Бұл бағыт Ауғанстанның сол­түстігіндегі Бадахшан тауынан лазу­рит кені және Қашқариядағы Хотан аймағындағы Жаркент өзе­нінің маңайынан нефрит кені ашылуына орай жолға қойылды. Ұлы Жібек жолының алғашқы нұс­қалары мен параллельдері біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ мың­жыл­дақтарда басталған.

Жапонияның қаржыланды­румен жүзеге асып жатқан жоба нә­ти­жесінде туристердің барған ел­деріне қанша уақыт бөлетіні де бел­гілі болыпты. Мысалы, Қытай, Жа­пониядан келген туристер Қа­зақстанға 2-5 сағат аялдап, одан әрі Өзбекстанға өтіп, Самарқан мен Бұхараға тұрақтайды екен. Спикер біздің елге соншалықты аз уақыт бөлуін төмендегідей себептермен түсіндіріп өтті. Біз әлемдік туризм картасында жерімізді-елімізді та­ныстырған кезде оның тарихына соншалықты көңіл бөле қоймайды екенбіз. Қытай мен Самарқанның арасындағы Түркістанды әлемдік қауымдастық тек мінәжат ететін нүкте деп таниды. Әлем тарихында Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықты қамтиды. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. XІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынғаннан кейін Түр­кі әлемінің діни орталығына ай­налды. Түркістандағы Ясауи кесенесі атақты Ақсақ Темірдің бұй­рығымен салынғаны туралы деректер тек аңыз-әспана күйінде. Сол себепті оған соншалықты дең­гейде мән беріле қоймайды екен.

«Түркістан қаласына Қазақстан­дағы халқы ең көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысының ор­талығы мәртебесін және облысқа Түркістан атауын беру оң ше­шім болды. Енді Орталық Азия елдері ортақ виза мәселесін шешсе, Түр­кістан да, оның ар жағындағы Арыстан баб кесенесі де әлем турис­­­­терінің назарын өзіне ауда­рады. Арыстан баб кесенесі, Шың­­ғыс ханның шабуылын жарты жылға тоқтатқан Отырар қала­шығының орны Жібек жолы бо­йындағы туризм картасынан орын алуы тиіс», – дейді Тим Винтер.

ҚХР Тяньцзин университетінің доценті Джи Хе Жібек жолы бойы Қытай және Непаль дәліздерінің ерекшеліктеріне тоқталды. Қы­тай­лық спикердің сөзінен түйге­німіз – әлемде туризмнің күре тамырына күш беріп тұратын философия қалыптасыпты. Оның аламан бәсекесінде туризмге тек ақша көзі деп қарағандардың жо­лы болуы екіталай: «Жеріне табан тіреген туристердің соңғы тиы­нына дейін сыпырып алуды көздейтін жанкештілік кенжелеп дамып келе жатқан елдерде ғана байқалады. Сондықтан кейбір елдерге туризм саясатына қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізетін кез келді. Әлемде туризм дип­ломатиясы» деген жаңа тренд пайда болды», – дейді Джи Хе.