Руханият • 03 Шілде, 2019

Отпан тауға оң көзқарас қажет

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2007 жылы азаматтар бастамасымен Отпан шоқысында бой көтерген «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этномәдени кешені арада екі жыл өткенде «Адай» қоры мен Маңғыстау облыстық әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы ұйғарымымен мемлекет қарауына беріліп, «Отпан» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылды.

Отпан тауға оң көзқарас қажет

Кешеннің ашылу салтанатында Елбасы Н.Назарбаевтың жолдаған құттықтау хаты оқылды. «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жаңалық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақ­та­рымыздың есіне салып, жүрек­теріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол, сондай-ақ Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекенжайына айналады деп үміттенемін» деген болатын. 

Айтқандай-ақ көптеген мәдени, танымдық, патриоттық және рухани көпшілік шаралардың ізгі ордасына айналып үлгерген кешенде қысы-жазы ұрпақты тәрбиелеу, өткенді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Алыс-жа­қын­нан келген туристердің ат басын тірер нүктесіне айналды. Елі­мізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақ­сат-міндетімен үндес шара­лар­дың қызу ордасына айналған. 

Қыста саятшылар мен құсбе­гілерге арналған «Салбурын», көк­темде өлкемізде жаңа жыл боп есептелетін «Амал» мерекесі, Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батыр жерлестердің ерлігіне арнал­ған «Ер есімі өшпейді ел есінен», «Ағадан – ақыл, атадан – бата» атты ақындар кездесуі, жазда жас­тарға ар­налған «Ай астында алты­бақан» атты эт­нографиялық ша­ралар дәс­түр­ге ай­налып, тұрақты өткізіліп келеді.

Келешекке жоспарланған татымды шаралар да аз емес. Солардың бірі – биыл күзде Маңғыстау об­лыс­тық ауылшаруашылық бас­қар­масымен бірігіп егіншілер мен мал­шыларға арналған «Еңбек мерейі» мерекесін өткізу. 

Кешеннің қызметіне Маңғыстау ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп келеді. Кешен басшылығы кейбір шараларды бірлесіп өткізіп жүрген Маңғыстау аудандық «Өрлеу» ұжы­­мына ризашылықтарын айтуда. Алайда, кешенде күні бүгінге дейін шешімін таппай, талай әкім­нің құрғақ уәдесіне айналып кеткен мәселелер де жоқ емес. 

Маңғыстау – туристік әлеуетті арттыруға зор мүмкіндігі бар өлке, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп те келеді. Дала кезіп, Маң­­ғыстаудың табиғатын тамашалап жүрген әрбір турист Отпан тауға кел­мей кетпейді. Шеттен келген туристерге қызмет көр­сетуде олқы соғатын тұстар – құз­ыр­лы орындарға қан­ша айтқанмен, әлі шешімін таппай келе жатыр. 

Келім-кетім қонақтардың жай­ғасуы үшін қажетті шағын қонақүй, намазхана, көлік пен ғаламтор желісі, жол мәселесі, сондай-ақ заманауи әжетхана қазіргі таңда кешен үшін қажетті нысандар болып тұр және кешен басшылығының айтуынша, шешімін таппай келеді. 

Кешеннің керегі шешімін тапса – мәселелермен бірге қордаланған талайғы уәделердің түйіні тарқа­тылары анық.