Руханият • 03 Шілде, 2019

Шұғыла мен Шара ауылда жүр

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шалғай ауылдардағы өнерге таласы бар өрімдей ұл-қыздардың өресін биіктетіп, өрісін өрге сүйрейтін жақсы ұстаздың қажырлы еңбегі екені даусыз. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында тұратын Сәдет Сембай 60-тан аса өскінді би өнеріне баулып жүр.

Шұғыла мен Шара ауылда жүр


Осыдан он жыл бұрын тарихи Отанына табан тіреген С.Сембай – елінде елеулі еңбек етіп жүрген қандасымыздың бірі. Бізді тәнті еткені ауыл бала­ларынан құралған «Садат» және «Ақерке» би топтарының респуб­лика деңгейіндегі көркем­өнер­паздар байқауында көш басынан көрініп, көптеген бәйгелерде жоғары нәтижеге қол жет­кіз­гені. Өзі негізін қалаған қос бірдей би тобына жетекшілік ететін Сәдетпен әңгіме барысында, табанды қыздың бойынан талмас қуаттың тасқынын көргендей болдық. «Мақсатым – қарадомалақ ауыл балаларынан Шара мен Шұғыланың жолын жалғайтын шәкірт тәрбиелеу», – деді ол әңгіме арасында.

– Бимен айналысуға түрткі болған бала кездегі арманым. Бишілік өнер қыз баласын әсемдікке, нәзіктік пен әдемілікке баулиды. Түрлі қимыл-қозғалыс сымбатыңа сән берсе, әсем әуен ырғағы жаныңды сұлуландыра түседі. Жаны сүйген кәсіппен айналысқан жан шаршауды білмейді, шығармашылығы арқылы өзін бақытты сезінеді. Неге ауыл балаларын би өне­ріне баулымасқа деген ойға кел­дім. Ауылдың мәдениет үйінен жеке би үйірмемді аштым. Бұдан бөлек, «Келешек» бөбек­жай балабақшасында ән-би жетекшісі болып жұмыс істеймін. Би әлеміне құлшынып келген шәкірттерімнің бәріне бірдей көңіл бөлуге тырысамын. Дегенмен, үйірме табал­дырығын аттаған балалар уа­қыт өте келе іріктеліп, икемі бар­лары даралана бастайды. Мең­гере алмағандарының өзі көшбасшылық қабілеті дамып, ширай түседі. Бала деген алғаусыз тұнық әлем. Ол бір нәрсеге сенсе, соған жанымен беріледі. Шә­кірттерімнің бойынан сәл де бол­са талант ұшқынын байқасам, соны әрі қарай маздатып әкетуге барымды саламын. Анық көзім жеткені төгілген тер, өтеусіз қалмайды. Оқушыларыммен бірге облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап жақсы нәтижелерден көрініп жүрміз, – дейді С.Сембай.

Мың бұралып билегенде алдына жан салмайтын кәсіби білігі жоғары Сәдетті қалаға да шақырғандар табылған. Алайда ол бар қажыр-қайратын шәкірттеріне арнап, арман-аңсарын ауылға таңыпты. Сөзі мен ісі қабысқан арманшыл қазақ қызының еңбегін ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі деп бағалауға болатындай. Еңбегінің арқасында «Үздік ұстаз», «Шығармашыл ұстаз», «Жаңашыл ұстаз», «Үздік жас маман» сынды төс белгілерін иеленген Сәдетке сарқылмас шабыт тілейміз.