Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Жетісулық құрылысшылар Арыс қаласын қалпына келтіруге кірісті

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру ісіне Алматы облысы да белсенді түрде атсалысуды бастап кетті. Бұған дейін Жетісу жұрты қиын жағдайда қалған арыстықтарға алғашықлар қатарында гуманитарлық көмек көрсеткен болатын. Қазір бұл игі іс те жалғасуда.

Жетісулық құрылысшылар Арыс қаласын қалпына келтіруге кірісті

Бүгінде облыс бойынша Арыс қаласына көмек көрсету үшін  гуманитарлық көмек қабылдайтын 53 пункт ашылған. Қандас ағайынды қолдауға жетісулықтар жұдырықтай жұмылып атсалысуда. Мәселен, бұл іске мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар және облыстың қарапайым тұрғындары да үн қосуда.  Бастама аясында Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері мен бюджеттік меекеме өкілдері өз еріктерімен бір күндік еңбек ақыларын көмекке арнап, жалпы соммасы 40 млн теңгені құраған қаржыны арнайы шотқа аударған. Бұдан бөлек, облыстың кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары мен қоғамдық ұйымдары 50 млн. теңге көлемінде қаржыны «Түркістан» әлеуметтік қорының есеп шотына жөнелтіпті. 

- Гуманитарлық көмек қабылдау пунктеріне облыс тұрғындары өз еріктерімен алғашқы қажетті азық-түлік пен заттар және қаражат жинауды ұйымдастыруда. Бүгінгі күні қабылдау пунктері белсенді жұмысқа кіріскен. Нәтижесінде, алғашқы қажетті азық - түлік, құрылыс заттары 26 маусым күні Алматы облысынан Түркістан облысының Арыс қаласына гуманитарлық көмек тиелген құны 56,4 млн. теңге болатын 10 автокөліктен тұратын бірінші керуен жетіп, табысталды. Бүгінде қосымша 17,0 млн. теңгенің заттары жинақталды, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал шаһарды қалпына келтіру бойынша еліміздің әр облысы және респуликалық маңызы бар қалаларға арнайы учаскелер бөлініп берілген болатын. Бүгінде Алматы облысы жасақтаған құрылыс бригадасы еншілеріне тиген  №15 учаскеде жұмысты бастауға әзірленуде.

- Президен Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарымен кездескенде қаланы қалпына келтіруге ел болып жұмылатынмызды айтқан болатын. Қазір Арыста 17 аумаққа бөлінген қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілуде. Алматы облысы да бұл істен шет қалмайды. Өзімізге тиеслі учаскеде жұмыс бастады. Біз жөндейтін ауданда 29 көшеде орналасқан 9 әлеуметтік, 14 коммерциялық нысан мен 854 жекеменшік тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 157 жекеменшік үй облыс тарапынан қалпына келтірілетін болады. Қазір жұмыстың жоспары жасалып, ауқымы анықталуда. Бұйырса, құрылыс жұмыстарны 1 ай ішінде аяқтауды мойнымызға аламыз - дейді Амандық Баталов.

Сондай-ақ, алдағы аптадан бастап Арыс қаласындағы мектептерде оқитын 150 бала жазғы демалысының бір айын жетісудың ең көрікті жерлерінде орналасқан лагерлерде өткізетін болады.

- Арыстық балаларды шілденің 10 жұлдызынан бастап қабылдаймыз. Балалар Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласында орналасқан «Тау Жанашар» және «Күншуақ» лагерлерінде тынығып, қуаттанатын болады. Бұл іске бюджеттен 30 млн. теңге бөлінді. Балдырғандардың демалысын қамтамасыз ету барысында арнайы бағдарлама құрастырылып, балаларды моралді-психологиялық қалпына келтіру мәселесі де қамтылады. Сонымен бірге, жетісу жерінің таңғажайып жерлері де олардың бойына қуат дарытып, демалысы ұмытылмастай әсер қалдыратынына кәміл сенімдіміз - дейді Амандық Баталов.