Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Алматыда көлік кортежі полиция қызметкерін қағып кетті

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматылық полицейлер әл-Фараби даңғылында жол ережесін өрескел бұзған көлік кортежін байқап, ізіне түскен. Заңды белшесінен басқан азаматтар тәртіпке бағынбағаны былай тұрсын, тәртіп сақшыларынан із суытпақ болған. Бұл туралы Әкімшілік полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.

Алматыда көлік кортежі полиция қызметкерін қағып кетті

«Алғаш рет полиция оларды Жароков көшесі бойында тоқтатуға тырысады. Бірақ олар оны елемей ызғып өте шығады. Одан соң жол ережесін бұзушыларды ұстау үшін Атакентке шығатын жол жабылады. Алайда бұл шектеу де оларды тоқтата алмады. Осы арада «Тойота Камри» көлігі полиция лейтенанты Мақсат Қилыбаевты қағып өте шыққан. Құдай сақтағанда, ол кері шегініп үлегерген. Осы кортежге тиесілі «Лада Приора» көлігін тоқтатпақ болған полиция капитаны Жандос Бұғалов та зардап шекті. Оның тізесіне қатты зақым келген, бірақ ол ауруханаға барудан бас тартқан. Капитанды қаққанымен қоймай «Лада Приора» полицияның қызметтік көлігін де соғып өте шыққан. Бәрібір олар оның ізіне түсіп, Сахариев көшесінде той көліктерінің үшеуінің де жолын жапты. Көліктердің іші толы «Қыз ұзату» тойынан қайтып келе жатқан жастар болған, оның ішінде қалыңдық та бар», – дейді Алматы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.

«Тойота Камри-70» көлігін 1996 жылғы туған А.Мамытжанов тізгіндеген. Оған қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал «Лада Приора» көлігін тізгіндеген  1998 жылғы Е.Хамзаға 4 әкімшілік хаттама толтырылған.


АЛМАТЫ