«Көлік иелеріне келген шығын мөлшері - 7,5 миллионнан 8,5 млн теңгеге дейін. Жәбірленушілердің арызы Әуезов аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 200-бабы және 188-бабы бойынша тіркелді. Қылмыстарды ашу үшін аудан деңгейіндегі детективтер мен біздің бөлімшеден арнайы жедел тергеу тобы құрылды», - дейді Алматы ПД қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Жедел және арнайы іс-шараларды жүргізу арқасында бес адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталған. Олар - Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының тумалары.
«Олардың әрқайсысының рөлі айқын көрсетілген. Мысалы, Алматы аумағындағы автокөліктерді 1985 жылы туған азамат ұрлап, Алматы облысының тумасына берген. Ол ұрланған көлікті Жамбыл облысындағы үш серігіне тапсырып отырған. 1976, 1985 және 1987 жылы туған азаматтар қылмыстық жолмен келген көлікті сатумен айналысқан», - деді Есен Ысқақов.
Ұсталған бес күдіктінің екеуі бұрын бұзақылық пен алаяқтық сынды қылмысы үшін жауапқа тартылғандар. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Ал ұрланған көліктер иелеріне қайтарылған.
АЛМАТЫ