04 Мамыр, 2013

Ақша жұмсалды…

345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақша жұмсалды…

Сенбі, 4 мамыр 2013 3:27

Бірақ ауыл әлі таза су іше алмай отыр

Соңғы кездері Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының прокуратурасы күшіне мінді. Бас көтермей бұр­қы­ратып жұмыс істеп жатқаны болар, әйтеуір, елді елең еткізерлік мә­ліметтерді жиі тарататын болды. Жақында Оңтүстіктің ауыз суына­ байланысты ауыр-ауыр сөздер айтылды.

 

Сенбі, 4 мамыр 2013 3:27

Бірақ ауыл әлі таза су іше алмай отыр

Соңғы кездері Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының прокуратурасы күшіне мінді. Бас көтермей бұр­қы­ратып жұмыс істеп жатқаны болар, әйтеуір, елді елең еткізерлік мә­ліметтерді жиі тарататын болды. Жақында Оңтүстіктің ауыз суына­ байланысты ауыр-ауыр сөздер айтылды.

Облыстық прокуратураның бас­қарма прокуроры Қуаныш Ешанқұловтың мәліметіне қара­ғанда, жер асты суларының та­лап­қа сай емес екендігін жауап­ты орган өкілдері жасырып қал­ған көрінеді. Мақтаарал мен Сары­ағаш аудандарында «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуын тексерген кезде біраз ауылдағылар әлі күнге кермек дәмі бар суды тұ­тынып отырғаны мәлім болыпты. Сарыағаш ауданының Қазақстан елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бөлінген 116 миллион теңгенің 10 миллионы қолды болған. Ал, Ордабасы ауданының Мамыр ауылының тұрғындарын таза сумен қамту үшін 185 миллион теңге бөлінген, бұл жұмыс та аяғына жетпеген. Жалпы, прокуратураның араласуымен 37 нысанға берілген сараптама шешімдері қайтарылды. Бұл нысандарда жер асты суларының қоры жіті анықталмаған.

Әрине, ауыр айыптау. Соншама қыруар қаржы шығындап, құбыр тартқан кезде ауыз судың таза болмай шығуы есіл еңбектің бәрін еш қылып тұрған жоқ па?! Сонда желге ұшқан қаржының сұрауы кімде? Неге алдын ала жер асты су қорын зерттеп, сараптап, көз жеткізіп болғаннан кейін тірлікті қолға алмады? Біз мұны облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Батырбек Көшербайдан сұрадық.

– «Ақ бұлақ» бағдарламасы Оң­түстікте қарқынды түрде жү­ріп келеді, – дейді Батырбек Кө­шер­байұлы. – Соңғы екі жылда облыстың 164 елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды. Дәл қазір облыс аумағындағы 929 елді мекеннің 646-сы құбыр суымен қамтамасыз етілген. Әйтсе де, әлі атқарар тірлік көп. 368 ауылға дербес су құбырын салу қажет. Оның ішінде 174 елді мекенге жаңа су құбырларын салу, тағы 194 елді мекендегі ес­кі құбырларды ауыстыру керек. Рас, Сарыағаш ауданының 6 елді мекенінде 2010 жылы ауыз су құрылысы жүріп, пайдалануға берілген болатын. Бірақ, ұң­ғы­малардан шыққан су кермек бол­ған­дықтан ел бүгінгі күнге дейін пай­далана алмай отыр. Дәл осындай жағдай Мақтаарал ауданының 4 ауы­лында да орын алған. Мәселені ше­шу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, су тазалағыш қондырғылар орнатқалы жатыр. Ал, Ордабасы ауданының Мамыр, Семхоз ауылдарындағы ауыз су құбырларының құрылысын жүр­гізген екі компания нысанды пай­далануға уақтылы бере алмады. Оларға айыппұл салынып, іс­тері құқық қорғау органдарына өт­кі­зіл­ген. Дәл қазір құрылыс жұ­мыс­тары аяқталып, шығын қалпына келтіріліп, жұмысшы комиссия ны­санды қабылдап алу шараларын жүргізуде.

Басқарма бастығының айтуынан түсінгеніміз, барлық мәселе жер асты су қорларын дұрыс зерттемеуден келіп туындаған секілді. Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында пайдалануға берілген ауыз су құрылысын кезінде барлық өкілетті органдар тексеріп, ішуге жарамды деп оң қорытындысын берген. Бірақ, уақыт өте келе судың құрамы бұзылып кетті. Рас болса, біздің елдің мамандары қазір жер асты су қорларын зерттеу мәселесінде кешегі кеңес заманынан қалған карталармен жұмыс істейтін көрінеді. Олар осыдан 40 жыл бұрын жасалып, 25 жылға жоспарланған, яғни, кепілдік мерзімі өткен карталар. Осы ескі құжаттың көрсеткеніне се­ніп, су құбырын жүргізген құ­рылыстың құрдымға кеткені анау?! Өткен жылы ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне жер асты су қорын бекіту үшін 174 елді мекеннің тізімі ұсынылған екен. Бірақ, комитет биылғы жылға тек 26 елді мекенге геологиялық іздеу-барлау, 31 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттама жасауға қаржы бөліпті. Осындайда басқа министрлікке қарайтын комитеттің (ҚР Индус­трия және жаңа техно­ло­гия­лар министрлігі) кейбір дұ­рыс зерттелмеген мәліметтері үшін «Ақ бұлақ» бағдарламасына же­тек­ші, яғни ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті, қала берді ай­мақтардағы басшылар жерге қарай­тынын қалай түсінуге болады?

Қайбір күні Мақтаарал, Са­ры­ағаш аудандарына барған кезде біраз ауыл ақсақалдарына амандасып, ашық-жарқын сөйлескенбіз. Қариялар жер асты суының кермек болып кетуінің басқа да се­беп­терін айтып қалды. Бұрын Мақ­таарал ауданында 882 тік дренаж болған екен. Бүгінде оның біреуі де қалмаған. Сосын жаз айларында Сырдарияның суы жағадан «қаш­қан» кезде жер асты суы да ащылана бастайтын көрінеді. Кім білген… Қалай айтсақ та, бұл мәселеге байып­пен қарау керек болып тұр. Қа­шанғы ескі картамен «ойнап», опық жеп қала береміз?

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.