Экономика • 04 Шілде, 2019

Түркі кеңесі елдері инвестициялық қор құрмақ

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығында Түркі кеңесі елдерінің экономика істері жөніндегі министрлерінің 9-шы отырысы өтті.

Түркі кеңесі елдері инвестициялық қор құрмақ

Шараға еліміздің Ұлттық эко­номи­ка вице-министрі Жаслан Мә­диев, Әзербайжан Экономика вице-министрі Сахиб Мамедов, Қыр­ғыз Респуб­ли­касы Экономика вице-министрі Эльдар Абакиров, Түркия Сауда вице-министрі Риза Туна Тура­гай, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысты. 

– Түркі кеңесіне мүше елдердің мемлекет басшыларының жоғары дең­гейдегі қатынастары мемлекет­тер арасындағы байланысты ны­ғай­тып, қазір экономикалық ведомст­волары деңгейінде өрбігені біз үшін үл­кен жетістік. Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баевтың бастамасы­мен құ­рыл­ған «Астана» халықара­лық қаржы орталығы экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтуға және жекешелендіруге мүмкіндік бере­ді. Қаржы орталығы – посткеңес­тік елдерде ағылшын заңымен жұмыс істейтін жалғыз алаң. Осы орайда туысқан түркі елдерінің экономика істері жөніндегі министрлерінің 9-шы отырысын өткізу біздің қаржы орталығымыз үшін де үлкен абырой. Түркі кеңесінің жұмысына өзіміздің тарапымыздан үлесімізді қосуға дайынбыз, – деген «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов түркі елдерінің экономикасы үшін Қазақстан әлемдік және өңірлік нарыққа ашылған есік екенін айтты.

– Он жыл ішінде Түркі кеңесі түркі тілдес елдер арасында инвестиция, сауда, тасымал, кәсіпкерлік, туризм және басқа да салалар бойынша айтулы экономикалық бастамаларды көтеріп келеді. Кеңес құрылғалы бері мүше мемлекеттер арасындағы сауда 3 млрд АҚШ долларынан 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2018 жылы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерден Қазақстан экономикасына 300 млн АҚШ долларына жуық инвестиция тартылса, Қазақстан өз кезегінде мүше мемлекеттерге шамамен 100 млн АҚШ долларын инвестициялады. 2019 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша Қазақстанда Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің 3 мыңнан астам компаниясы жұмыс істеп жатыр. Оның 730-ы бірлескен кәсіпорындар. Өзара инвестиция мен сауданың ұлғаюы Түркі кеңесі елдері арасындағы интеграцияның артып келе жатқанына дәлел. Кеңеске мүше мемлекеттердің экономикалық өсімі жаһандық экономикалық өсім қарқынынан кем емес. Біздің өңірдің еңбек ресурсы да бай. 3,7 млн шаршы шақырым аймақты алып жатқан өңірімізде 17 млн азамат өмір сүреді, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, Қазақстан көлік ин­фрақұрылымы жобаларын қар­қынды қолға алып жатыр. Мәселен, 400 мыңнан астам автокөлік жолы, 30 мыңнан астам темір жол салынды. – Жалпы, біздің өңір Еуропа мен Азияны байланыстыратын дәлізге айналды. Сол себепті көлік әлеуетін дамытудағы жұмысымызды одан әрі жандандыра түсу керек. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мемлекет басшылары деңгейінде бас­та­ма ретінде көтерілген Түркі кеңесі­нің инвестициялық қорын құру туралы идея қазір күн тәртібінде. Өзара инвестициялық қор құру қаржылық және институционалдық ресурстарды жұмылдырып, бірлескен нақты жобаларды қаржыландыруға жол ашпақ, деді вице-министр.

Қазіргі таңда аталған қорды құру туралы келіссөздердің екі раунды өткен. Енді қорды тікелей инве­сти­циялық қор ретінде немесе даму инс­титуты ретінде құру туралы мәселелер пысықталып жатыр. Қордың валютасы, көлемі, құқықтық мәртебесі мен оны басқару жағы да алдағы уақытта талқыға салынбақ. Жалпы, қор құрылғаннан кейін Қазақ­стан тарапы оны «Астана» халықара­лық қаржы орталығына орналастыру туралы ұсыныс тастап отыр. 

Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»