Саясат • 04 Шілде, 2019

Кәсіподақ жұмысшының мүддесін қорғап жүр ме?

659 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азаматтық қоғам – құқықтары мен еркіндіктері заң жүзінде қамтамасыз етілген, азат ойлы, тәуелсіз адамдардың ортасы. Азаматтық қоғам құруда қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау кәсіподақтар еншісінде. Ал олар сол маңызды миссиясын толық орындап жүр ме?

Кәсіподақ жұмысшының мүддесін қорғап жүр ме?

Халық пен билік диалогын дамыту, байланысын нығайту – қазіргі күннің басты талабы. Пікірлердің алуандығы алауыз­дыққа апармай, керісінше бір мақсат, бір мүдде төңірегінде тоқайласу керек. Азаматтық қо­ғамның алғышарты да – осы. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам институттарының қатарында кәсіптік одақтар аталады. Өйткені халықтың маңызды бөлігін құрайтын жұмысшылардың мүддесін қорғайтын кәсіподақтар еңбек дауларын дабыраға айналдырмай шешуде, түсінбеушілік туған жағдайда тараптарды мә­мілеге келтіруде бітімгерлік қыз­мет атқарады.

Арғы тарихын ақтарсақ, Ан­глияда trade union болып құрылған бұл ұйым жұмысшылардың мүд­десі мен құқығын қорғауды бас­ты мақсаты етіп алды. Содан бері қоғамда зор күшке ие бол­ған кәсіподақ талай түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болды. Жұмыс берушінің алдында жұмысшылардың мәр­тебесін көтеріп, тең дәрежеде санасатындай жағдайға жет­кізді. Тіпті жұмысшылар мен жұ­мыс беруші арасындағы ке­ліс­­­пеушілік пәтуамен аяқтал­ма­са, кәсіподақ наразылық таны­тып, өз мүшелерін ереуілге бас­тап шығудан да тайынбайды. Мәселен, биыл жаһан жұртының құлағын елеңдеткен оқиға SAS авиакомпаниясы пилоттарының ереуілін атауға болады. Швеция, Дания және Норвегияның пилоттары жалақыларын көтеруді талап етіп, 26 сәуірден бас­тап 2 мамырға дейін жұмысқа шық­пай қойған. Авиакомпания қызметкерлерінің еңбекақылары Скандинавияда жоғары табыс екеніне сендіргісі келгенімен, кәсіподақ бұл мәлімдемені жоққа шығарып, алған беттерінен қайтпаған. Сөйтіп SAS авиакомпаниясы 4000 рейсін тоқтатуға мәжбүр болған және екінші тоқ­санда 126 млн доллар шы­ғынға батқан. Содан амалсыздан кәсіподақтың дегеніне кө­ніп, пилоттардың жалақысын 3,5%-ға көтеру туралы жаңа ке­лі­сімшарт жасаған. Дәл осы сияқты Англиядағы метро­по­литен қызметкерлерінің, Ита­лиядағы алыс қашықтыққа жүк тасушы көліктер жүр­гізу­ші­лерінің, АҚШ-тағы мұ­най­шы­лардың ереуілдерін мы­салға келтіруге болады. Бұл ми­­тинг­тердің бәрінің басында жұ­мысшылардың мүддесін қор­ғап, табандылық танытқан кәсіп­одақ көшбасшылары жүрген. 

Халықаралық тәжірибеде кәсіподақтың қандай беделді, азулы ұйым екені көпке аян. Осы өлшеммен алғанда біздің елде халық кәсіподақтың қуа­тын, құдіретін әлі толық тү­сіне қоймаған секілді. Оның бір себебі – Кеңес уақытында кәсіп­одақтарды жұмысшының мүддесін қорғайтын ұйымнан туған күн, мерекелерде ақша жинайтын адам деңгейіне түсіріп жіберуі болар. Өкінішке қарай, көп кәсіпорын, мекемелерде кәсіподақ әлі де сол дәрежеде екені жасырын емес. 

Жұмысшылар алғаусыз сеніп, арқасүйеуі қажет кәсіп­одақ­тар­­дың жұмысы хақында білу үшін Қазақстан Кәсіподақтар фе­де­рациясының өкілі Назгүл Әз­таевадан сұрап көргенімізде, ол кәсіподақ жұмысының бітім­герлік бағытында едәуір ілге­рілеушілік барын алға тартты. Нақ­тырақ айт­қанда, кәсіподақтар ұжымдық еңбек дауларының азаюына ықпал етіп, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы жұмыс бабында туындайтын жанжалдардың саны 2,5 есеге қысқарыпты. Ал жалпы 5 жылда еңбек даулары 14 есеге кеміген екен. 

Жоғарыда әлем елдеріндегі кәсіподақтардың әлеуетіне тоқ­талып, олардың өз мүшелерінің мүддесін қорғауда іс насырға шауып бара жатса, митингтер ұйымдастырудан да тайсалмайтынына мысалдар келтірдік. «Кәсіптік одақтар туралы» заң­ды бір шолып шықсақ, біз­дің кәсіподақтар әлеуеті мол ұйымдар сияқты болуға шамасы барын байқадық. Мәселен, атал­ған заңның 21-бабында «Кәсiподақтар Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңнамасына сәй­кес ереуілдер, бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстра­циялар ұйымдастырады және өткiзеді» деп көрсетілген. Бірақ бізде кәсіподақтар жұмыс­шы қауымның әлеуметтік мәсе­лелерін шешуде айтарлықтай та­бандылық танытқаны шамалы. Әлде, біз байқамай жүр­міз бе? Алысқа кетпей, тек  «Арселормиттал Теміртауды» ал­сақ. Әр еңбек дауы шыққан сайын кәсіподақ шешуі тиіс мәселеге не облыс әкімі, не премьер-министр араласып жүреді. Бәлкім бұл жұмыс берушілердің кәсіподақтарды өзіне тең әріптес санамауының нәтижесі шығар?

Бұдан бөлек, сенбіліктерге, есепке алу шараларына, көптеген жиындарға орта толтыру үшін жұмылдырылатын қарапайым мұғалімдердің мүддесін қорғауда кәсіподақтардың қауқарсыз еке­ні рас. Бұдан басқа да қыз­меткерлер еңбек жағдайын жақ­сарту туралы мәселесін айтып, алдымен кәсіподақтарға емес, бірден облыс әкіміне немесе Үкіметке жүгінеді. Оның бір көрінісі – жақында ғана Аты­раудағы жұмысшылардың жаппай наразылық танытуы. Осы туралы бізге саясаттанушы әрі Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерл­ан Саиров айтып берді. «Бас­тапқы кезде инвесторлармен келісімшарт жасасқанда мемлекеттің кейбір мүдделері ескерілмеген. Шетелдің инвес­торлары, азаматтары жұмыс іс­тейтін компанияларда Қа­зақ­станның кәсіподақтары жоқ. Бұл сондай еңбек ұжым­дарында нәпақасын тауып жүрген қа­зақ­стандықтардың мүд­де­лерінің то­лық қорғалмауына, ең­бек шар­тының дұрыс рет­телмеуіне алып келеді» деді ол.

Кәсіподақтың негізгі миссиясы – әлеуметтік еңбек қаты­настарын реттеу. Бұл – тұрақ­тылықтың, халық пен билік ара­сындағы ынтымақтың маңызды факторы. Егер кәсіподақтар сол миссиясын толық атқарса немесе жұмыс берушілердің алдында мәртебесін жоғары көтере алса, талай еңбек дауының алдын алуға болар еді. Себебі еліміздегі әлеу­меттік зерттеулер көптеген ірі кәсіпорындардың өзінде басшылық кәсіподақты заң талап еткен соң ғана ұстайтынын немесе тілалғыш қызметкерді тағайындайтынын анықтаған.