Азаматтық қоғамның бастауын орта ғасырдағы алғашқы гуманистік идеялармен байланыстыра қарастыратын көзқарастар бар. Дегенмен, оның бүгінгі заманғы формасының қалыптасу тарихы үш ғасырдай уақытты қамтиды. Саланың осы аралықтағы даму, жетілу тарихына зер салсақ, бірінші кезекте дамыған мемлекеттердегі азаматтық қоғамның бет алысы санада жаңғырады. Әсіресе АҚШ, Ұлыбритания, Батыс Еуропа елдерінде азаматтық қоғамның мемлекеттің өркендеуіне тигізіп отырған пайдасы зор. Олардағы азаматтық қоғамға тән, 30-40 жылдық тарихы бар, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, адам құқығын сақтау, дамушы мемлекеттерге көмектесу және демократияны дамыту салаларында ықпалды кейбір құрылымдар әлемдік ауқымдағы мәселелерге дейін араласуда.
Жалпы, атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты. Бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидаттарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда.
Соңғы 10 жылда Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жуықтапты. Мамандардың айтуынша, олардың 2 мыңдайы жұмыс істеп тұрған көрінеді... Бұл ұйымдардың тағдыры тікелей қаржыға байланысты екені белгілі. Еліміздегі ҮЕҰ-лардың донорлары – халықаралық ұйымдар мен елшіліктер, Үкімет, (грант көлемі 3 млрд теңгедей). Соңғы 15 жыл ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру 65 есеге өскен), ірі компаниялар және өз бизнесін ашқан ҮЕҰ-лар (әлеуметтік бизнес). Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдарға ұсынылатын қаржының басым бөлігі Үкімет пен шетелдік елшіліктерге тиесілі. Ал қалғандарының үлесі мардымсыз. Міне, дәл осы жерде ҮЕҰ-лардың қоғамдағы рөлі күшеймей отырғанының басты себептері айқындала түседі.
Елімізде ірі компаниялар, бизнес-қауымдастық ҮЕҰ-лардың əлеуметтiк мәні зор бастамаларын қаржылық қолдауы төмен деңгейде. Компаниялар, бизнес саласы бір реттік көмектен аса алмай жүр. Әрине ҮЕҰ-ға бизнесмендер, жеке компаниялар жәрдемдеспейді деп айту қиын, бірақ өте аз. Ал маңызды жобалар мемлекеттік тапсырыстар мен байқаулар арқылы берілген қаржыға жүзеге асырылуда. Яғни, үкіметтік емес ұйым мемлекеттің гранттарына, тапсырысына, дәлірегі тендерге телміруге мәжбүр. Бұл жағдай тапсырыс берушілер емеурінімен уақытша құрылатын ҮЕҰ-лардың пайда болуына әкеледі де, қоғам өміріне белсене араласқысы келетін құрылымдар амалсыздан ысырылып қалады.
Енді осы арада шетелдердің тәжірибесінен бірер мысал келтірейік. Мәселен, Еуропа елдерінде мұндай ұйымдарға ірілі-ұсақты компаниялар, қалталы адамдар көмектесіп отырады. Ал Үкімет оларды жанама түрде ғана қолдап, олардың қызметін тек бақылаумен шектейді. Бұл арада еуропалық ҮЕҰ-лар мүлде мемлекеттік тапсырыс алмайды деген ұғым туындамауы керек. Олар да мемлекеттің тапсырысын орындайды. Бірақ бізден бір ерекшелігі Үкімет елдегі ҮЕҰ-лардан өздері көмек сұрап, қаржысын ұсынады. Өйткені әбден қалыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдардың қызметіне Үкіметтің өзі тәуелді болады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға кезінде барынша назар аударғандықтың жемісі осы болса керек. Егер осындай процесс бізде жүзеге асса, «үшінші сектор» – азаматтық қоғам әжептәуір серпіліс алар еді. Бізде компаниялар мен қалталы жандардың азаматтық қоғамды қолдауға қаржы бөлуінің мардымсыздығы ҮЕҰ-ларды Үкіметке тәуелді етіп отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі ҮЕҰ-лардың көпшілігінің мүшелері де өте аз болып келеді. Шығын қол байлайды.