Экономика • 04 Шілде, 2019

Азаматтық қоғамның бір тірегі – үкіметтік емес ұйымдар

3075 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары. Өйткені бұл ортақ әрекеттер кезегінде елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

Азаматтық қоғамның бір тірегі – үкіметтік емес ұйымдар
Қоғам дамуының алғышарты

Азаматтық қоғамның бастауын орта ғасырдағы алғашқы гуманистік идеялармен байланыстыра қарастыратын көзқарастар бар. Дегенмен, оның бүгінгі заманғы формасының қалыптасу тарихы үш ғасырдай уақытты қамтиды. Саланың осы аралықтағы даму, же­тілу тарихына зер салсақ, бірінші ке­зекте дамыған мемлекеттердегі аза­маттық қоғамның бет алысы санада жаңғырады. Әсіресе АҚШ, Ұлы­бри­тания, Батыс Еуропа елдерінде аза­­­маттық қоғамның мемлекеттің өркен­­­деуіне тигізіп отырған пайдасы зор. Олардағы азаматтық қоғамға тән, 30-40 жылдық тарихы бар, қор­шаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, адам құқығын сақтау, дамушы мемлекеттерге көмектесу және демократияны дамыту салаларында ықпалды кейбір құрылымдар әлемдік ауқымдағы мәселелерге дейін араласуда.

Жалпы, атқарушы билік пен аза­маттық қоғам – мемлекеттің қос қана­ты. Бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидат­тарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда.

Елдегі саяси партиялар мен қоз­ға­лыстарды, кәсіподақтар мен өзін өзі басқару органдарын былай қой­ғанда, бір ғана үкіметтік емес ұйым­дардың жұмысын жетілдіру ісіндегі түйт­кілдердің өзі азаматтық қоғамның сер­пін алуына қол байлау болып отыр­ғандай. 

Бизнестің қолдауы кемшін
Батыс елдерінің тәжірибесінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен саяси-эко­номикалық, әлеуметтік және мә­дени-рухани әлеуетке ие. Қазақстан да осы бағыттағы ұйымдардың жұмы­сын жандандыруға ниетті. Десек те, бұл салада шешімін күткен түйткілдер баршылық. Ол қандай мәселелер?

Соңғы 10 жылда Қазақстанда тір­келген үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жуықтапты. Маман­дардың айтуынша, олардың 2 мыңдайы жұмыс істеп тұрған көрінеді... Бұл ұйымдардың тағдыры тікелей қар­жыға байланысты екені белгілі. Елі­міздегі ҮЕҰ-лардың донорлары – халықаралық ұйымдар мен елші­ліктер, Үкімет, (грант көлемі 3 млрд теңгедей). Соңғы 15 жыл ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру 65 есеге өскен), ірі компаниялар және өз бизнесін ашқан ҮЕҰ-лар (әлеуметтік бизнес). Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдарға ұсынылатын қаржының басым бөлігі Үкімет пен шетелдік елшіліктерге тиесілі. Ал қалғандарының үлесі мардымсыз. Міне, дәл осы жерде ҮЕҰ-лардың қоғамдағы рөлі күшеймей отырғанының басты себептері ай­қындала түседі. 

Елімізде ірі компаниялар, биз­нес-қауымдастық ҮЕҰ-лардың əлеуметтiк мәні зор бастамаларын қаржылық қолдауы төмен деңгейде. Компаниялар, бизнес саласы бір реттік көмектен аса алмай жүр. Әрине ҮЕҰ-ға бизнесмендер, жеке компаниялар жәрдемдеспейді деп айту қиын, бірақ өте аз. Ал маңызды жобалар мемлекеттік тапсырыстар мен байқаулар арқылы берілген қаржыға жүзеге асырылуда. Яғни, үкіметтік емес ұйым мемлекеттің гранттарына, тап­сырысына, дәлірегі тендерге тел­міруге мәжбүр. Бұл жағдай тапсырыс берушілер емеурінімен уақытша құры­латын ҮЕҰ-лардың пайда болуына әкеледі де, қоғам өміріне белсене аралас­қысы келетін құрылымдар амалсыздан ысырылып қалады. 

Бұл жерде айтпағымыз, үкіметтік емес ұйымдар Үкіметтің қаржысына емес, негізінен бизнестің қолдауына ие болғанда ғана өркендейді. Сонда ҮЕҰ-лар Үкіметтің қаржысына тәуел­діліктен арылып, өз беделін көтерер еді. 

Енді осы арада шетелдердің тәжіри­­бесінен бірер мысал келтірейік. Мәселен, Еуропа елдерінде мұндай ұйым­­дарға ірілі-ұсақты компания­лар, қалталы адамдар көмектесіп оты­рады. Ал Үкімет оларды жанама түрде ғана қолдап, олардың қыз­метін тек бақылаумен шектейді. Бұл арада еуропалық ҮЕҰ-лар мүлде мем­лекеттік тапсырыс алмайды деген ұғым туындамауы керек. Олар да мемлекеттің тапсырысын орындайды. Бірақ бізден бір ерекшелігі Үкімет елдегі ҮЕҰ-лардан өздері көмек сұрап, қар­жысын ұсынады. Өйткені әбден қа­лыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдардың қызметіне Үкіметтің өзі тәуелді болады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға кезінде барынша назар аударғандықтың жемісі осы болса керек. Егер осындай процесс бізде жүзеге асса, «үшінші сектор» – азаматтық қоғам әжептәуір серпіліс алар еді. Бізде компаниялар мен қалталы жандардың азаматтық қоғамды қолдауға қаржы бөлуінің мардымсыздығы ҮЕҰ-ларды Үкіметке тәуелді етіп отыр. 

Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі ҮЕҰ-лардың көпші­лігінің мүшелері де өте аз болып келеді. Шығын қол байлайды. 

 АҚШ-та 6-7 мың, тіпті 10 мыңнан астам мүшесі бар ҮЕҰ-лар бар. Оларда денсаулық сақ­тауға, қоршаған ортаны қор­ғауға, мүгедектерге жә­не басқа да белгілі бір салаларға ар­налған ҮЕҰ-ға қажет деп тапқан кез келген адам мүше бола береді. Ал біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау ұйымына тек экологтар, мүгедектер ұйымына тек науқастар денсаулық сақтау ұйымдарына тек дәрігерлер, мейірбикелер мүше болып жатады. Әрине мұның барлығы азаматтық қоғамға деген түсі­нігіміздің шалағайлығын әлі то­лық қалыптаспағандығын ұқтырады.
ҮЕҰ-лардың белсенділігін арт­тырудың бір жолы ретінде еңбек, табиғат инспекциясы, әлеуметтік қыз­мет, білім баға­лау, мүгедектермен жұмыс және басқа да салалардағы мем­ле­­кеттік қызмет функциясын үкі­мет­тік емес ұйымдарға аутсорсинг шарттары негізінде беру мәселе­сін айтуға болады. Бұдан бөлек, мем­­ле­кеттік мекемелер қызметін баға­лау функциясын ескі арнадан шы­­ғарып, ҮЕҰ-лардың құзыретіне беру мәселесін де қолға алған абзал. Себебі мемлекеттік органдардың өз қызметін өздері бағалауы уақыт сынына жауап бере алмайды.