Аталған жиында қала күніне орай жоспарланып отырған әдеби жиынның өту барысы сөз болып, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Наримаш Мұхамбеталина, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, жазушы Әлібек Асқар, ақын Несіпбек Айтұлы форумның рухани маңызын тарқатып, өз ойларын ортаға салды. Халықаралық шараның мақсат-міндетін түсіндіре келе: «Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат – Нұр-Сұлтан қаласының әдеби имиджін көтеру, халықтар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, әдеби агенттерді жоспарлау болып отыр», деп атап өтті, мәслихат ұйымдастырушысы Дәулеткерей Кәпұлы.
Сондай-ақ журналистермен болған жиында 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту аясында ақынның 100 өлеңі испан тіліне аударылатыны және алдағы халықаралық жиында испан ақыны Хусто Хорхе Падронмен меморандумға қол қойылатыны хабарланды. Әдеби форумда Абайдың мемлекеттік-қорық мұражайы Абайдың көрмесін халық назарына ұсынбақ.