Спорт • 04 Шілде, 2019

Кәсіпқой бокс кеші өтеді

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы жұма-сенбі күндері Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қазақстандық боксшылардың қатысуымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Қазақтың мақтанышына айналған Қанат Ислам бастаған тоғыз боксшы Алатаудың баурайында жұдырықтасса, бір күннен кейін Арқа төрінде Жанқош Тұраров бастаған алты боксшымыз кезекті жекпе-жектерін өткізеді.

Кәсіпқой бокс кеші өтеді

Жұма күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін бокс кешін QAZAQ Promotions компания­сы ұйымдастырып жатыр. Шоудың басты жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген отандасымыз Қанат Ислам WBO Inter-Continental белбеуі үшін доминикандық Хулио де Хесуспен жұдырық түйістіреді. Сондай-ақ осы жекпе-жек үшін арнайы АҚШ-тан келген бірінші орта салмақтағы жерлесіміз Мадияр Әшкеев NBA белбеуін эстониялық боксшы Павел Семеновпен сарапқа салады. Дәл осындай белбеу үшін жеңіл салмақтағы Абылайхан Құсайынов армян Гарник Арутюнянмен жұдырықтасады.

Сонымен қатар аталған бокс кешінде аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев, екінші орта салмақтағы Арман Рысбек, орта салмақта жұдырықтасатын Берікбай Нұрымбетов пен Сапарбай Айдаров және жартылай жеңіл салмақтағы Бексұлтан Раушанов өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізсе, аса ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аман­жолов пен бірінші жартылай орта салмақтағы Асқар Еру­бек кәсіпқой бокстағы дебют жек­пе-жегінде шаршы алаңға шыға­ды. Отандастарымыздың қарсы­ластары АҚШ, Беларусь, Украи­на, Ресей, Армения және Әзер­бай­жанның боксшылары болмақ.

Ал 6 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтетін кәсіпқой бокс кешін британиялық MTK Global, MTK Kazakhstan және америкалық Top Rank промоутерлік компания­лары ұйымдастыруда. Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы франциялық Нордин Убаали мен Филиппин елінің боксшысы Артур Вийянуэва арасында өтеді. Отандасымыз Жанқош Тұраров аргентиналық Мау­ро Максимилиано Годоймен WBO Inter-Continental белдігін сарап­­қа салса, тағы бір жерле­сіміз Виктор Коточигов WBC Inter­national белдігі үшін мексикалық Хайро Лопеспен күш сынасады.

Бұдан бөлек бес боксшымыз кезекті рейтингтік жекпе-жектерін өткізеді. Атап айтар болсақ, Әли Балоев, Сұлтан Заурбек, Абылайхан Шерғалиев, Нұртас Әжбенов және Абай Төлеш бокс кешінің көркін қыздырып, жанкүйерлерге қызықты жекпе-жек сыйламақ. Сондай-ақ аталған бокс кешінде ирландиялық Дэвид Оливер Джойс пен ауғанстандық Хасибулла Ахмади де шаршы алаңға шығатын болады.