Сапар барысында Әзербайжан Премьер-Министрі Новруз Мамедовпен кездесу өтті. Г. Әбдіқалықова Қазақстандағы президент сайлауының нәтижелері, жаңа Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясатының басымдылығы және олардың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бағытымен сабақтастығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, «Ұлы даланың жеті қыры» басым бағыттарының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Әзербайжан Үкіметінің басшысы 2019 жылғы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін қалалық туризм бойынша сегізінші Жаһандық саммитке шақырылды.
Сондай-ақ, вице-премьер Әзербайжанның Мәдениет министрі Абульфаз Гараевпен кездесті. Тараптар мәдениетаралық диалог, тарихи-мәдени мұраны сақтау, бірлескен мәдени-рухани жобаларды ілгерілету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Одан әрі вице-премьер Әзербайжанның Жазушылар одағына барып, елдің көрнекті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде Халық жазушысы А. Рзаев, Әзербайжан «Пен» Клубының президенті, Халық жазушысы Ч. Абдуллаев, Халық әртісі, кинорежиссер О. Миркасимов және Г. Алиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамының президенті, профессор Э. Гюнайдын болды.
Г. Әбдіқалықова сұхбаттасушыларды Үшінші жаңғыру аясында Қазақстанда жүріп жатқан өзекті үрдістермен таныстырды. Өзгерулердің негізі қоғамның рухани жаңғыруы болып табылатынын атап өтті. Тілдері мен мәдениеті жақын, ортақ түркі тамыры бар екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамыту бойынша пікір алмасу орын алды.
Сапар аясында вице-премьер 30 маусым мен 10 шілде аралығында Бакуде өтетін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 43-ші сессиясына қатысты.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы Комитет мүшелерін еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды, атап айтқанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғалуы туралы хабардар етті. Вице-премьер Түркістан қаласын дамытудың жаңа жоспары оның облыс орталығы мәртебесін алумен байланысты қабылданғанын және саны артып келе жатқан қала тұрғындарының, туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталғанын атап өтті. Ол құжат ЮНЕСКО талаптарына сәйкес әзірленгенін және кесененің жоғары халықаралық мәртебесін ескеретінін атап өтті.