Қоғам • 05 Шілде, 2019

Елдің есіндегі ер Тәбей

703 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «елінің ерекше елшісі» болған тұлғаларды басқа халықтардың бәрі мақтан тұтатынын айтып, біз де осы үрдістен қалмай ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды ұсынды. Бұл өте орынды ұсыныс екенін айтуға тиіспіз. Әсіресе осыған дейін бізде «ел билеген тұлғалар» біршама шетқақпай болып келген, енді солардың да есімін жаңғыртып, қазіргі және кейінгі ұрпаққа танытатын кез келді. Сондай тұлғаның бірі Солтүстік өңірден шыққан Тәбей Барлыбаев еді.

Елдің есіндегі ер Тәбей

Орта жүзге Абылайдың ұлы Уәли хан болып сайланған заман қазақ рухының басылып, қорғасынмен атылатын отты қарудың және саны көп қалың жауға қарсы шараның жоқ екені ұғыла бастаған кезең болды. 1837 жылдан 1847 жылға дейін болған Кенесары күресі ғана соңғы бас көтеру еді. Онда қазақтың ерлігі мен қаһармандығы көрініс тапса да озық технологиялармен алысу, сол кездің отты қаруларына қылыш, найзамен қарсы тұ­руға еш мүмкіндік жоқ екені айқын сезілді.

 Қазақ арасынан шыққан ақылды адамдар зеңбірегі гүрсілдеп, қылышы жа­лаңдап тұрған Ресей империясына күш­пен қарсы тұрудың мүмкін еместігін түсі­ніп, ендігі жерде дербес саясат ұста­ну­дың мүмкін болмайтынын білді. Сон­дықтан орыс патшасы әкімшілігінің тәр­тібі мен низамын тиімді пайдаланып қана халықты сақтауға болатынын ұқты.

1822 жылы Уәли хан өлгеннен кейін Сібірдің генерал-губернаторы М.Спе­ранскийдің ұсынысымен «Сібір қазақ­тары жөніндегі жарғы» қабылданды. Осы жарғыға сәйкес 1824 жылдан Орта жүзде хан билігі жойылып, әкімшілік округтерге бөлініп жүргізілетін болды. Бұл бөліністер мынадай болған: 50-70 үй – бір әкімшілік ауыл, 10-12 ауыл – бір болыс, 15-20 болыс – бір округ.

Жалпы, Орта жүзде Көкшетау, Қар­қа­ралы, Аманқарағай (кейін Құсмұрын), Ақмола, Аягөз, Үшбұлақ, Баянауыл, Көкпекті сияқты сегіз округ болған. Округті қазақ дуан дейді, оны сайланған аға сұлтандар басқарады және оның орыс және қазақ заседательдері болған. Сонымен бірге аға сұлтандыққа бұрынғы «ақсүйек» хан тұқымдары ғана емес, қарадан шыққан атақты адамдар, билер мен рубасылары да сайланатын болды. Дуан басшылары қазақ жерінде орыстың сауда керуендері мен экспедицияларына шабуыл жасалмауын, қоныстанушы орыс мұжықтарына жер бөліп беру, жасақ салығын жинау және т.б. міндеттерді атқарды. Бірақ ішкі тірлігіндегі сот істерін жүргізу билердің құқында болды. Олар қазақтың ескі әдет-ғұрыптарына, бұрынғы қабылданған заң-жораларға сәйкес биліктерін айтатын.

Міне, Тәбей Барлыбайұлы осы кезең­де қоғамдық өмірдің белсенді аренасына шыққан. Оның ата-қонысы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында. Өзі 1783 жылы туып, 1863 жылы дүниеден өткен.

Қызылжар қаласындағы «Асыл мұра» ор­талығының қызметкерлері көп жыл­дардан бері өлкенің тарихын, атақты адам­дарының өмірін зерттеумен айна­лысып келеді. Осы орталықтың қызмет­кер­лері Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев ағаларымыз Тәбейдің де тарихын зерттеп, біршама деректер мен ел аузындағы әңгімелерді жинаған. Осы дерек­тер Тәбейдің аса шебер дипломат, ел би­лігін жүргізуде шебер саясатшы бол­ғанын айтады. («Бір әулеттің тарихы», Петропавл., 2003 жыл).

Тәбейдің туған жері қарайтын Құс­мұрын дуаны 1824 жылы ашылып, оның алғашқы аға сұлтаны Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов болады. Оның өз заманында орысша білім алғанын жақсы білеміз. Осы кісінің мысалына қарап, сол кездегі қазақ арасында қолы жеткендер орысша оқуды салт қылғанын көруге болады. Тәбей Барлыбаев та орысша оқып, тілді жақсы білетін адам болған.

Шыңғыстан кейін Құсмұрын дуанына Жалбыр Абдуллин аға сұлтан сайланады. Ол да төре тұқымынан. Ал оның қарамағындағы болыс басшыларының бірі Тәбей Барлыбаев болған. Ол Көшебе руының аумағынан ұйымдастырылған екі болыстың бірін басқарады. Тәбей өзінің алғырлығымен, сөзге шешендігімен, іске алымдылығымен ерте танылады. Оның үстіне қолы ашық, жомарттық қасиеттері де елге аңыз болған. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен әңгімелердің бірінде оның ел жігіттеріне бір түнде сірнеге союға 20 қой бергені туралы сөз қалған. Оның қолының ашықтығына бұдан басқа да мысалдар көп. Мәселен, малы жұтқа ұшыраған ағайынға ол ат майын, мал сауырын жиі беріп, көп қарасқан. Берген малын сұрамайды да екен, соның есесін Алла беріп, мал мен басы барынша мол, сол өңірдегі аса бай адамдардың біріне айналады. Бірақ малға ғана байланып қалған қарау бай болмай, молда ұстап, бала оқытады. Қыстауына мешіт те салғызған. Орыстан мұғалім жалдап, ауыл балаларының орысша сауатын ашып, тіл білуге де үйреткен. Сібірдегі каторгадан қашқандар, түрлі қиыншылыққа ұшырап, орыс арасында қуғынға ұшыраған татар, ноғайлар, тау халықтарының өкілдері де Тәбейдің айналасынан пана табады. Жомарт жүректі жан жапа шеккен адамдардың бәріне қамқор бола білген. Сегіз серіден «жайлылығы Тәбейдей болсын» деген сөз қалған.

Тәбей орысша білетіндігінің арқасында патшаның жергілікті әкімшілігіне де жақын болып, олардың арасында да үлкен беделге ие болады. Сол маңдағы ең жақын жер – Пресногорьковтағы орыс әкімшілігінің басшысы подполковник Набоковтың ұсынысымен басқа да бірнеше адамдармен қатар оған да старшина атағы беріледі. Осы ұсыныстан үзінді келтірер болсақ онда: «...по доброму их поведению и значительности в орде прошу Ваше высокое превосходительство выдать им старшинские листы и печати» делінген.

Әрине, Кеңес идеологиясы мұндай адамдардың бәрін «патшаға қызмет еткендер» деп қаралап бақты. Сол кездегі идеологтарымыз оларды патшаның итаршылары, өз халқын сатып, оған қарсы қызмет қылғандар, халықты патшалық езгіге салғандар деп коллаборационис­терден жаман қаралады.

Шын мәнінде солай ма еді? Егер осындай адамдар елді басқарып, тәртіпке, низамға шақырып, иманға ұйытпаса, ха­лық бей-берекеттікке ұшырап, тәр­тіп­ке, мәдениетке үйренер ме еді? Отар­шылардың озбыр әрекеттерінен елді қарулы қарсылықпен емес, заңмен қорғап, іргесін бүтіндеп отырғандар осындай елге тұтқа болған адамдар емес пе? Бұлар болмаса, патша өздері адам тағайындап, олар елдің салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен санаспай, қара күшке салып басқарса не болар едік? Ондай заман болды да ғой. Қызылдар келіп, елдің есті-басты адамдарын, қормалы қорғандарын, құтпан байларын құртып, жыртық тымақ, жарым ақыл «шолақ белсенділер» басқарғанда не болдық? Малдан түгел айрылып, аштық болып, жартымыз қырылып та қалдық емес пе? Егер елді осы Тәбей заманындағыдай білікті, тегі мықты, кемел адамдар басқарған болса, қызылдардың комиссарларына қазақтың малын тегіс жоюға болмайтынын, бар күнкөрісі сол екенін бәлки түсіндірген болар еді. Ал «шаш ал десе бас алатындардың» ондайды дәлелдеуге ой-өрістері жеткен жоқ...

Қазақ даласына қоныс тепкен қылыш­тарын жалаңдатқан казактар озбырлық қылып, шөбі шүйгін жайылымдарды, топырағы құнарлы алаптарды тартып алуға, малдарын барымталап, қуып кетуге құштар болған. Ондайға жергілікті қазақ әкімшілігі қарсы шығып, патшалықтың жоғары билігіне арыз-шағым түсіріп, қайтарып алып отырған. Жоғарыда атал­ған ағаларымыз тапқан сондай шағымның бірін келтіре кетелік. Ол 1831 жылы Тәбейдің қолымен жазылып, дуанның аға сұлтаны Жалбыр Абдуллин, старшындар Есеней Естемісов, Тәбей Барлыбаев, Құндыбай Мамашев, Біркен Малқаров, Тоқсан Мәлгаждаров қолдарын қоюымен Тобыл губерниясының генерал-губернаторы И.Вельяминовтың кеңсесіне түсірілген. (Омбы архиві, 3 фонд, 12 опись, №18681 іс).

Осы шағымды тексеріп, оның рас­ты­ғына көзі жеткен губернатор бәрін айтып келіп: «...относительно же определения к вам казаков для сохранения от барымтачей, по сему предписано мною отрядному начальнику, сотнику Швабскому защищать вас, и воспретить линейным казакам выкашивать траву в местах, принадлежащих киргизцам Аманкарагайского округа, то осем дано распоряжение командиру Сибирского линейного казачьего войска» деп жауап берген.

Ел мен жерді қорғау бағытында Тәбей жазып, басқалар қол қойған осындай жүздеген арыз-шағым губернатордың кеңсесіне жетіп, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданып отырған. Соның арқасында казактар мен басқа да орыстың қарулы бұзықтары Қазақ даласына тізесін батыра алмаған.

 Тәбей Барлыбаев патша әкімшілігіне қызмет істеп жүргенімен, ең алдымен елдің, ағайын-туыстың қамын көбірек ойлайды. Өзінің ағайындарының арасында ағаштан үй салу, арба, шана, үй жиһаз­дарын жасату да Тәбей заманынан бас­талған. Ол монша салдырып, қазақ арасына санитарлық-гигиеналық үлгілерді де алғашқы таратушылардың бірі болған.

Бірде патшалық әкімшілік Кіпитан (орысшасы Преснов) станицасына штаб үйлерін салу үшін ішкі жақтан шебер мұжықтарды әкеледі. Бірақ олар бас көтермей істейтін ауыр жұмыстан қа­шып кетіп, қазақ арасын паналайды. Соның жетеуін жергілікті қазақтар ұстап алып, Тәбейге әкеледі. Сорлылар қа­шып кеткені үшін өздерін патша әкім­дері қатты жазалайтынын, тіпті өлім­ге де бұйыруы мүмкін екенін біліп, Тәбейге құтқара гөр деп жалынады. Пат­шаның қызметінде жүрсе де оларды ұстап бермей, қолдарындағы өнерлерін қазақтарға да үйретсін деп жасырып қалады. Міне, осы шебер орыстардың арқасында қазақтың ісмерлері жоғарыда айтқан заттарды жасауды үйренген екен. Тіпті солардың үйретуімен егін де салып, астық өсіретін жатақтар да шығады. Халық арасында «аузымыз аққа Тәбейдің арқасында жетті» деген сөз қалған.

Тәбейдің Тәштит (Тәшмұхаммед) деген баласы да атақты адам болып, елдің жақ­сысы мен жайсаңына, өнер адамдарына көп көмек қылған, өзі аға сұлтанның советнигі, кейін болыс болып бірнеше рет сайланған.

Тәбейдің інісі Көкеннің Әлти деген­ баласы шаруаға өте мығым болып, астық та егіп, мал да өсіріп, сауда да қылып, қазақтан шыққан алғашқы миллионер атанған адам. Ол туралы С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында «Миллионердің ауылында» деген арнаулы тарау да бар. Міне, халқына қайыры тиген ел билеген адамдардың бірі Тәбейдің қысқаша өмір жолы осындай. Президенттің «Тарихи сананы жаңғырту» талабына сәйкес есімін елге танытатын жанның бірі осы.