Қазақстан • 05 Шілде, 2019

Несиеге көлік алу жеңілдейді

4777 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Ұлттық банк отандық жеңіл автокөлік алушыларды несиелеудің жаңа бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама екінші деңгейлі банктердің автонесиелер портфелін кемінде 100 миллиард теңгеге ұлғайтады деген үміт артылып отыр.

Несиеге көлік алу жеңілдейді

Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, жыл басында еліміздегі жеңіл көліктердің жалпы саны 3,8 миллионға жетіпті. Соңғы 10 жылда автомобиль паркі 49 пайызға ұлғайған. Тұрғындардың санына шығар болсақ, әрбір 1000 адамға 211 көліктен келеді. Бір айта кетерлігі, көлік саны көбейгенімен, автопарк ескіріп барады. Елдегі көліктердің 64 пайызы зауыттан 10 жылдан астам уақыт бұрын шыққан.

Былтыр елімізде тіркелген көліктердің 66 пайызы, яғни 512 мыңға жуығының жолда жүргеніне 10 жылдан асыпты. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Ұлттық банк бекіткен жаңа бағдарлама бір жағынан отандық автоиндустрияға серпін берсе, екіншіден, ескі көліктерді азайтып, тұрғындардың жаңа көлікке мінуіне әсер етуге тиіс.

– Автокөліктерді несиелеу ауқымының ұлғаюы­на бұған дейін банктердің өз қаражатынан берген несиесі әсер етті. 11 мың автокөлік алушы­ға 38,8 миллиард теңге несие ұсынылды. Белгілен­ген жылдық сыйақы мөлшерінің 13-26 пайыз ара­лығында, яғни біршама жоғары екеніне қарамастан, аталған категориядағы несиеге деген сұраныс артып келеді,– делінген Ұлттық банк қабылдаған құжатта.

Сонымен жаңа бағдарлама бойынша отандық автокөлікті сатып алушы азаматтарға несие мынадай механизм бойынша берілмек. Біріншіден, Ұлттық банк «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың жарғылық капиталын сатылап ұлғайтады.

Екіншіден, Қазақстан Даму банкі бұл қордан облигация шығару арқылы 20 миллиард теңгеге дейін қарыз алады. Ол 2019-2023 жылдар аралығында теңге валютасымен, жылына 0,15 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен жүргізіледі. Одан кейін ҚДБ отандық автокөліктер тізімі мен оларға берілетін лимиттерді анықтайды. Қарызға алған қаражатты екінші деңгейлі банктердің есепшотына орналастырады. Екінші деңгейлі банктер есепшотқа салынған қаржыны 18 айда несиеге беріп үлгеруге тиіс.

Сатып алынатын көліктерге қойылатын талаптар да белгілі. Мәселен, бағасы 15 миллион теңгеден аспауға тиіс. Несие ең көбі 7 жылға беріледі. Несие­нің жылдық сыйақы мөлшері 4 пайыздан аспайды.

Ұлттық банктің жаңа бағдарламасы отандық автокөліктердің сатылымына және автопарктің жаңаруына ықпал етуге тиіс деп жоғарыда айтып өттік. Оған қоса, жылдық сыйақы мөлшерінің төмендігін ескерсек, автокөлік сатып алушылар үшін де қаржылық жағынан әлдеқайда тиімді болады деп күтілуде.