Руханият • 05 Шілде, 2019

Кенен әндерін қалықтатты

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісудың әншілік-жыршылық мектебінің жарқын өкілі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков елордалық тыңдарманға «Шырқа, даусым» атты тамаша жыр кешін тарту етті. Өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресіндей болған әйгілі композитор Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған кеште ақынның эпикалық дәстүрге құрылған толғау-дастандары әуелете шырқалды.

Кенен әндерін қалықтатты

Жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауының халық арасында кең тараған «Ойжайлау», «Базарым-ай, Назарым-ай», «Жас екпін», «Туған жер», «Шырқа, дау­сым» сынды дастандары кеш­тің шырайын кіргізіп, су­саған тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Е.Шалдыбековтің шәкірттері өнер көрсетті.

Бала кезден қолына домбыра ұстап, әнге құмартып өскен Ерболат әншілік өнер­дің нағашы жұртынан дары­ғанын айтады. Ол Алма­тыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк кол­леджін­де оқып, кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әндері» кафедра­сын бітірген. Жетісу өңірін­­дегі жыршылық-жырау­лық, әншілік өнердің қалып­тасуына зор үлес қосқан Әсім­хан Қоспасаров, Әлімқұл Жамбылов, Сәбит Оразбаев, Хамза Екейбайұлы сынды тұлғалардың алдын көрген өнерпаз халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастырып келеді.

– Қазақ деген ұлт тұрғанда дәстүрлі әніміз де, тіліміз бен дініміз де, тарихымыз бен салт-дәстүріміз де өлмейді. Өйткені қазақ халқы қанша қиын кезеңнен, нәубеттен өтті. Соның өзінде дәстүрлі ән ауыз әдебиеті арқылы осы күнге дейін жетті. Қазақтың төл өнері жайлы бізден кейінгі ұрпақ та біледі деп ойлаймын. Қазір кәсіби мамандар, зерттеушілер көбейіп жатыр. Дәстүрлі әншілердің әрқайсысы шәкірт тәрбиелеп отыр. Осындай кезде дәстүрлі өнер неге ақсап қалуы керек деген ой туады. Керісінше, қазақтың төл өнері дамып, кәсіби орындаушылар көбейеді деп сенемін, – дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Ерболат Шалдыбеков.