Руханият • 05 Шілде, 2019

Болмысы бөлек «Бекзат»

1082 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жасындай жарқ ете қалған санаулы ғұмырында халық жүрегінен терең орын алған боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы «Хабар» агенттігі түсірген фильмнің тұсаукесері өтті. Бекзаттың өнегелі ғұмырын арқау еткен көркем туынды идеясымен, мазмұнды сюжетімен көңіл қуантты.

Болмысы бөлек «Бекзат»

Фильмде аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спорт­шының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Туындының сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңге тап келген Бекзаттың балалығы көп қиын­дықтармен өтеді. Түркістан қала­сындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қара­пайым тіршілігі бала Бекзаттың кө­зімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады. Туындының режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады. Фильмнің салтанатты тұсаукесеріне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төр­ағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев қатысты.

– Бұл – жиырма жыл ғана өмір сүріп, қазақтың абыройын, қазақ бок­сының мәртебесін асқақтатқан даңқ­ты бокшымызға арналған туынды. Портреттік фильмді көрермен көп күтті. Біз оны білеміз. Алайда осы тақырыпқа асығыс, дайындықсыз келу дұрыс болмайтын еді. Бұл Бек­заттың рухы алдындағы, халық ал­дындағы үлкен жауапкершілік болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдады, «Хабар» агенттігі жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып шықты. Ұлт мақтанышы – Бекзат Саттархановтың есімі, бейнесі елдің жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Көрсетілімге боксшының ата-анасы Түркістаннан арнайы келіп қатысты. Чемпионның анасы Сырлыкүл Адыр­бекқызы журналистерге баласы туралы фильм түсірілгеніне қуанышты екенін жеткізді. «Бүгін – менің ту­ған күнім. Фильмнің тұсаукесері тура осы күнге сәйкес келіпті. Бұл – қуа­нышты жағдай. Кино сәтті түсі­рілді деп ойлаймын. Фильмге бағаны халық береді. Осы киноны түсірген азаматтарға алғыс айтамын» дейді қуанышын жасыра алмаған ана. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, фильм осы жылдың қазан айында ел тұрғындарының назарына ұсы­нылады. Ал алты сериядан тұра­тын толық нұсқасы Тәуелсіздік күні қар­саңында «Хабар» агенттігінің эфи­рінен көрсетіледі.

Шаршы алаңда көк байрағымызды желбіретіп, мерейімізді асырған Бек­заттың жеңіспен оралған бетте «Құдай қаласа, халқыма әлі екі Олимпиада алтынын сыйлаймын. Кубалықтар ғана емес, қазақтар да үш дүркін Олимпиада чемпионы бола алады. Тек соны дәлелдеу ғана қажет. Мен ол үшін барымды саламын!» деген жігерлі сөздері жадымызда. Аз ғұмырында артына өшпес із қалдырған азаматты халқы әлі күнге дейін ардақтайды. Кешегі «Бекзат» фильміне келген көпшілік ықыласы осыған дәлел.