Аймақтар • 05 Шілде, 2019

Жетісу домбырашылары 24 сағат бойы тоқтаусыз күй шертті

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде биыл «Домбыра күні» екінші жыл қатарынан аталып өтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының аясында бастау алған домбыра мен дәстүрлі өнерге құрмет көрсету шарасы аймақтарда жалғасын тауып жатыр.

Жетісу домбырашылары 24 сағат бойы тоқтаусыз күй шертті

Домбыра күніне орай Талдықорған қаласында айтулы іс-шара өтті. Журналистер үйінің алдына жиналған Қаратал, Ақсу, Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларынан жүзге жуық балбармақ күйшілер тәулік бойына күй тартып, бес жүзге жуық шығарманы алма-кезек орындады. Күмбірлеген күйдің үні қала тұрғындары мен қонақтарын баурап, көрермендер қатары шақырусыз көбейе түсті. Журналистер үйінің алдындағы алып экраннан тікелей эфир арқылы көрсетілген домбырашылар өнері жиналғандардың рухын серпілтіп, құлақ құрышын қандырды.

Айтпақшы, «Домбыра – дала дауысы» атты бүл күй кеші «Қазақстандық Гиннес рекордтар» кітабына енетін болды. Жүзге жуық домбырашының 500 күйді тәулік бойына тоқтаусыз шертуі рекордтар кітабының өкілдерін қызықтырып, ерекше бағалауда лайық деп танылыпты. Жетісулық домбырашылардың рекордтық көрсеткішін мойындау туралы арнайы сертификатты «Қазақстандық Гиннес рекордтар» кітабы департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков шараның ұйымдастырушысы, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевқа табыс етті.

Алматы облысы