06 Маусым, 2013

Тұйық жолдың дауы тұйыққа тірелді

528 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тұйық жолдың дауы тұйыққа тірелді

Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:19

Сонау 1982 жылы «тұр­ғын­дар­ды отынмен қамтамасыз ету мақсатымен» Шымкент об­лыстық халық депутаттары атқа­ру комитетінің шешімімен Оң­түстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Тассай ауылының шы­ғыс жағынан, Ленин колхо­зы­ның пайлық жерінен, колхоз­шы­лардың рұқсатымен арнайы жер бөлініп, облыстық «Шым­кентотынбазасы» ашылады. Бұл – шаһардан шамамен 8 шақырым жер. База 1984-1985 жылдары кел­ген көмірді қабылдап ала­тын болу үшін өз күшімен, ша­руа­шылық әдіспен,

Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:19

Сонау 1982 жылы «тұр­ғын­дар­ды отынмен қамтамасыз ету мақсатымен» Шымкент об­лыстық халық депутаттары атқа­ру комитетінің шешімімен Оң­түстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Тассай ауылының шы­ғыс жағынан, Ленин колхо­зы­ның пайлық жерінен, колхоз­шы­лардың рұқсатымен арнайы жер бөлініп, облыстық «Шым­кентотынбазасы» ашылады. Бұл – шаһардан шамамен 8 шақырым жер. База 1984-1985 жылдары кел­ген көмірді қабылдап ала­тын болу үшін өз күшімен, ша­руа­шылық әдіспен, Шымкент – Алма­ты магистралды темір жо­лы­нан тартып, отын (көмір) база­ға дейін 2350 м тұйық темір жол (орысша құжаттарда ол «тупико­вый подъездной путь» деп атал­ған) салады. Тұйық жол отын база­сының балансында болады. Қазақ темір жолының Шымкент бөлімшесі 1987 жылы әлгі тұ­йық те­мір жолдан шығарып, өзде­рі­­­­нің трансфор­маторына дейін, ұзын­дығы 700 м ғана «соқырішек» жол қосады.

2010 жылы көмір бағасы қатты көтеріліп, оның әр тоннасы 10 мың теңгеге шығып кетеді. Бұған қиналып, арыз-шағым жазған халықтың мұң-зарына облыстық әкімдік құлақ асып, әкімнің бірінші орынбасары Б.Оспанов мырза Қарағанды облысындағы көмір өндірушілермен келісімге келеді. Сөйтіп, облыста сол жақтың көмірін халыққа жеткізіп беретін, өндірушінің бағасына тек шығынын ғана қосатын, пайда табу үшін үстеме баға қоспайтын мекеме іздестіре бастайды. Об­лыс басшылары көмірдің тон­насы 6000 теңгеден аспасын деген талап қояды. Әрине, бірінші үміткер облыстық отын базасын жекешелендіру негізінде құрылған, қайырымдылыққа дайын тұратындығымен бұрыннан танымал «Шымкентотын» компаниясы қолын созады. Тек осы кезде ол ойламаған жерден өз мекемелеріне қарасты тұ­йық жолдың 602 метр бөлігін Қазақ темір жолының Шымкент бөлімшесі өз балансына алып алғанын және бұл темір жолды 1987-1990 жылдары салдық дегенін естиді. Естиді де таңғалады. Сонда ҚТЖ ҰК АҚ үш жыл бойы дайын жолды бұзып, қайта салумен айналысқаны ма? Мүмкін, сол үш жыл бойы отын база қабылдап алған 7500 вагон 602 м жерді қанат бітіп, әрі-бері ұшып өткен де шығар?..

Бұл жолды я отын базасы, я компания ешкімге өткізген емес, ешкім қабылдап алған да емес. Бір затты, мүлікті екінші қожайын иеленуі үшін «Өткізу-қабылдау акті» деген құжат болатынын, оған екі жақ та қол қоятынын, сол актіде қандай мүлік, қандай мөлшерде, саны, көлемі, жылы мен айы-күні де көрсетіліп барып рәсімделетінін, сонда ғана ол заңды мүлік болып саналатынын бүгінгі нарық заманында бірінші курстың заңгер-студенті де біледі. Мұндай құжат теміржолшыларда атымен жоқ болып шығады. Қайдан болсын, «жоқтан бар болмайды» деген материяның заңы ғой ол.

Міне, енді осындай «қос­қо­­жайындықтан» құты­­лу үшін тұ­йық темір жол­дың шынайы иесі болып саналатын «Сары-Арқа» компаниясының құрамындағы «Дала» ЖШС арыз беріп, ол ауда­наралық мамандандырылған эко­номикалық сотта қаралды. Сот даулы темір жолды арна­йы барып, өз көзімен зерттеп, кө­реді. Сөйтіп, сот қазысы (судья) Л.Тұрғараева әділ шешімін шығарады.

Бірақ, неге екені белгісіз, аталы сөзге «темір жол» тоқтамайды. Қайтадан апелляциялық арыз беріп, оны қайтадан өздері қайта­рып алады. Сөйтіп жүргенде, апел­ляция беретін мерзім бітіп қалады-дағы, олар енді бірінші сатыдағы сотқа «жаңадан ашыл­ған мән-жайға байланысты» деп тағы арыз береді. Оны қараған сот қазысы Л.Тұрғараева «бұл айтып отырғандарыңыз «жаңадан ашылған мән-жай» деген санатқа кірмейді» деп ұйғарым шығарады.

Тыпырлаған темір жол бө­лімшесі не істейді? Ол енді Л.Тұр­ғараеваның демалыс­та жүр­ген кезін пайдаланып бі­рінші сатыдағы сотқа «жаңадан ашылған мән-жайға байланыс­ты» деп тағы арыз береді. Арыз басқа қазыға – Дербісоваға тү­седі. Бірақ, бұл қазы да «айтып отырғандарыңыз «жаңадан ашылған мән-жайға» деген санатқа кірмейді» деп ұйғарым шығарады.

«Артқа шегінер жер жоқ» деп есептеген темір жол Дербісова­ның ұйғарымына апелляциялық арыз түсіреді. Апелляциялық алқа Дербісованың «жаңадан ашылған мән-жай» жоқ деп, істі өз қарауына алмағаны заңсыз деп тауып, қайтадан бірінші сатыдағы сотқа жібереді.

Міне, осы жерге келгенде дүние сиқыршының қо­лын­да­ғыдай теріс айнала бастайды. Ауданаралық экономикалық сот қазысы Адамов бұл жолы «темір-жолдың» пайдасына шешім шығарады. Сондағы дәлелі – дау­лы тұйық жол стратегиялық жол болып саналады-мыс. «Подъезд­­ный путь» қалайша соттың қалауымен «стратегиялық жол» болып шыға келуі мүмкін? ҚР Азаматтық Кодексінің тиісті баптарын қарасаңыз, онда ақ қағазға қара сиямен «тұйық жол стратегиялық нысанға жатпайды» деп жазылып қойылған. Қы­зық-ау өзі, о баста түйе болып жара­тылған жол енді биеге айналып кеткені ме сонда?

«Дала» ЖШС бұл шешімге қарсы кассациялық шағым берді. Оны қараған сот қазысы Серәлиев талапкер жақтың дәйектеріне ешқандай құқықтық баға берместен – беруге тиіс болса да – істің басқа жағынан келіп, «соттың іс-қағазды жүргі­зу тәртібі бұзылған» деп, істі тағы да, екінші рет бірінші саты­дағы сотқа жіберілсін деген шешімге келеді. Шынында да, Л.Тұрғараева бұдан екі жыл бұрын қазақ тілінде шешім шы­ғарған екен. Кейін «жаңадан мәлім болған жағдайларға байланысты» деген уәжбен қарсы жақ шағым бергенде ол орысша жазылған-дағы, алғашқы ше­шім­дегі қолданылған тіл қазақ тілі екенін есінен шығарып алған Л.Тұрғараева да ұйғарымды байқамай орысша беріп жіберген. Әрі қарай барлық іс «орыс тілі» деген даңғыл жолмен жүріп кете берген.

Істі доп сияқты бірінші са­тыдағы сотқа қанша рет лақты­ра беруге болады? «Дала» ЖШС тағы да шағым түсіруге мәж­бүр. Ол шағымды қараған аудан­аралық мамандандырылған эко­номикалық сот төрағасы Ғ.Бек­таевтың өзі. Бектаев мырза: «Бұл жол ешкімге берілмеген, ешқашан иесіздендірілмеген, құқық беруші құжаттарды ешкім дауламаған және ешкім оның күшін жоймаған, сол себепті бұл жолды иелену құқығы тек қана «Дала» ЖШС-іне тиесілі» (осы жерде және әрі қарай аударған, дәлірегі өңшең қазақ қана қатысқан сот мәжілісінің орысша жазылған құжатын аударуға мәжбүр болған біз – Ө.А.) деп дұп-дұрыс келе жатады да, кілт бұрылады: «Дала» ЖШС бұл көрсетілген құқық беруші құжаттары өзінде болғандықтан, өзге де, с.і. «ҚТЖ» «ҰҚ» АҚ секілді тармақты пайдаланушылармен бірге темір жолды пайдаланып отыр. «Дала» ЖШС бұл актілер күші барында өзінің мүлкін өзінің қалауынша иелене және пайдалана беруіне болады.

Талапкер жауапкер №9 те­міржолды өз балансына қабылдап алды дейді. Бұл жағдай «Дала» ЖШС-іне жоғарыда аталған теміржолды иеленуіне, пайдалануына және қожалық жасауына кедергі келтірмейді. Оның үстіне жауапкер өз әрекетімен талапкердің бұл құқықтарын нақты бұзып отырған жоқ.

…Мұндай жағдайда талап­кер­дің тек қана «жауапкер өз балансына темір жолды қабылдап алды» деген негізде бөтеннің иелігінен мүлікті айыру немесе талап ету деген талабы дұрыс емес, мүлдем негізсіз және сол себепті қанағаттандыруға жатпайды».

Төраға дауды былайша шешеді:

«Дала» ЖШС-інің «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясы АҚ-қа бөтеннің заңсыз иеленуіндегі мүлікті айыру туралы талабы толығымен қана­ғат­тандырылмасын».

Мұны енді юриспруден­ция­дағы жаңалық демеске амал жоқ. Осы бетпен кете берсек ертең біреу сіздің көлігіңізді тапа-тал түсте мініп кетсе де, ақшаңызды алып кетсе де сот: «Не жетпейді сізге? Сіздің басқа көлігіңіз де, басқа ақшаңыз да аз емес екен ғой. Одан да мына кісілер заңсыз болса да пайдалана берсін, сізге ешқандай «кедергі келтіріп» немесе «құқығыңызды нақты бұзып отырған жоқ» қой. «Талабыңыз дұрыс емес, мүлдем негізсіз және сол себепті қанағаттандыруға жатпайды» десе де таң қалмауға тиіссіз…

Елбасымыз «тек әділ шешім шығарсын» деп соттардың барлық жағдайын жасап қойды. Әр қазыны асқан жоғары сенімділік білдіріп, өзі тағайындайды. Сот болса бір істі екі жылдан астам уақыт созып келеді. Бұл қалай?

Сот – соңғы инстанция. Қа­зыларға қазылық жасайтын орган еш жерде жоқ. Төртінші билік атанғанымен ақпарат құралдары билік айта алмайды, тек мәселені қоғамның талқысына шығара алады. Шешімін айтатын жоға­рыдағылар болғанымен, істің мән-жайымен төмендегілер таныс болғаны қажет. Батысты ұстап отырған демократия – осы.

Ал, әзірге… келесі сот отырыстарына дайындала бергеннен абзалы жоқ.

Өмірзақ АҚЖІГІТ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.