Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Құрышта шыңдалған...

4319 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алар тұста, яғни өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында бастан кешкен оқиғаларды еске алып көрейікші. Экономика қожырап, түрлі ереуілдер мен қантөгістер белең алды. Саясатта баяндылық болмай, бір кездегі «мызғымас одақтың» іргесі шайқалды. Халық ертеңгі күні не боларын білмей абдырап қалды. Міне, осындай қы­сыл­таяң шақта еліміздің сая­­си аренасына Нұрсұлтандай ұлы шығып, туған халқының қо­лын егемендікке, тәуелсіздікке жеткізді.

Құрышта шыңдалған...

1989 жылдың маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ком­му­нистік партиясының тарихында тұңғыш рет жасырын дауыспен пар­тияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Конс­титуция­ның 6-бабына сәйкес Компартия кеңес қоға­мының басқарушы және бағыт беру­ші күші болғандықтан, оның бірінші хатшысы (Одақта – Бас хатшы) іс жүзін­де республиканың бірінші басшысы болып есептелетін. Әрине одақтық бас­шы­лықтан кейін. Осының алдында республика Министрлер Кеңесінің төрағасы, одан бұрын Орталық Комитеттің өнер­кәсіп саласы бойынша хатшысы қыз­мет­терін атқарғандықтан бұл шешім көп­шіліктің қолдауын тапты. Көп ұзамай Қазақ елінің бірінші басшысының басына үлкен ауыртпашылық түсіп, зор сынақтан өтуіне тура келді.

Сол жылы шілде айының 19-21 жұл­дызы аралығында КСРО-дағы жетек­ші көмір бассейндері шахтерлерімен үндесе отырып, Қарағанды кенішінде де кеншілердің үлкен ереуілі бұрқ ете түсті. Шахтерлер экономикалық талап­тар қойып, әлеуметтік-тұрмыстық мәсе­лелерін шешуді талап етті. Жұмыстарын доғарып, қаланың орталық алаңында үш күн бойы жатып алды. Ереуіл комитеті деген құрылып, оның басшылары шешіл­мей жатқан проблемаларды сылтауратып, жұртты дүрліктірді, өздеріне саяси ұпай жинады.

Көмір өнеркәсібі одақтың іргелі саласы болып табылатын. 1988 жылы КСРО-да ең жоғары өнімділікке қол жетіп, 771,8 млн тонна көмір өндірілді, соның ішінде Қазақстан бойынша – 143,1, ал Қарағанды бассейнінде – 52,4 млн тонна. Салада 1,5-2 миллиондай адам жұмыс істеді. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде шахтер еңбегі елде жоғары бағаланды, жалақы бойынша өнеркәсіп салалары арасынан бірінші орынға көтерілді, билік тарапынан көтермеленіп отырды. Алайда, 70-жылдардың басынан көмір өндіруді арттыру экстенсивті жолмен жүзеге асырылды, сөйтіп жоспарлы түрде залалды салаға айналды. Шахта шаруашылықтары тозды, кеншілердің әлеуметтік жағдайы ауырлады.

80-жылдардың ортасында «Қараған­дыкөмір» өндірістік бірлестігінің құра­мында 26 жерасты шахтасы болды. Метан газының мөлшері жөнінен олармен тек ағылшын шахталары ғана теңесе алатын: әр тонна көмірге 19 текше метрден келетін, ал мұның өзі кеншілер үшін қатерлі фактор екені белгілі. Қарағанды шахталары көмір мен газдың кенеттен атылып кетуі жөнінен де қатерлі болып есептелетін, оның үстіне төбенің опырылып құлау қаупін қосыңыз. «Осы шахталардың бәрінде де болып шығу үшін жарты жыл уақытым кетті», деп жазды Н.Назарбаев өзінің «Әділеттің ақ жолы» (1991 ж.) деген тұңғыш өмір­баяндық кітабында.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1973-1977 жыл­дары Қарағанды металлургия комбинаты­ның партком хатшысы болып қызмет атқарған уақытта металлургтердің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жақ­сарту мақсатында КОКП Орталық коми­тетінің хатшылығына шығып, Орта­лық комитеттің арнайы қаулысын қабыл­датуға ықпал жасағанын, сол арқы­лы Теміртау қаласында тұрғын үйлер көптеп салынып, мәдени-тұрмыстық нысандар саны артқандығын тұрғындар әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Облыстық партия комитетінің өнеркәсіп саласына жетекшілік ететін хатшысы, екінші хатшысы болып сайланғанда Нұрсұлтан Әбішұлы өзге де салалармен қатар көмір бассейнінің проблемаларымен белсенді түрде айналысуға тура келді. Жоғарыда айтылғандай барлық шахталарды аралап, кеншілермен жүзбе-жүз кездесті. Проблемалардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге тіреліп тұрғаны айқындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жазғанындай: «... тағы да орталыққа шабуылға шығуға тура келді. Проблемалардың металлургия комбинатындағы өзіме таныс қырсық атаулымен егіз қозыдай ұқсас екеніне көзім жетті». Көлемді жазба дайындалып, КОКП Орталық комитетіне, одақтық үкіметке жолданды. Соның нәтижесінде КСРО Министрлер Кеңесінің 1980 жылғы 6 наурыздағы «Қарағанды облысының қала шаруашылығын одан әрі дамыту, қалалар мен поселкелер тұрғындарының тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы» белгілі қаулысы қабылданды. Қаулының облыс тұрғындарына, әсіресе кеншілерге үлкен пайдасы тиді, облыстың экономикасы мен әлеуметтік салаларының әрі қарай дамуына үлкен әсер етті. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлының есімі Қарағанды кеншілерінің арасында құрметпен аталатын.

«Ең қиыны, шамасы, шахтерлердің сеніміне кіру болды. Шахтерлер өздерін мойындата алған адамдарды ғана мойындайды. Олар сені ең болмаса ашық пікірлесе алатындай дәрежеде мойындасын десең, онда шахтаға түс, лаваға кір. Шахтердің табиғатын, мінез-құлқын түсіне алмаған адам олар үшін жоққа тән. Меніңше, еліміздің көмір өнеркәсібі өндіретін түрлі аймақтарындағы шахтерлер мен өкімет орындары арасын­дағы шиеленісе өршіген жанжалдың негіз­гі себептерінің бірі де осында жатқан сияқты», деп баға береді Нұрсұлтан Назар­баев өзінің жоғарыда аталған еңбе­гінде шахтерлер бойында қалыптас­қан мінез-құлыққа.

Міне, сондықтан да ол барлық шахта­лар­дың өкілдері жиналып, бастарын­дағы каскаларымен жер соғып жатқан ашулы топтың ортасына сескенбей-ақ еніп, бетпе-бет, ашық әңгіме құруға тайсалмайды. Бұл шешімге қалай келгенін Елбасы былай еске алады: «Ереуілдің себептері туралы ойлана келіп, біз кеншілер жиын өткізіп жатқан алаңға бірден барармыз деп, ұшақтың ішінде-ақ шешкен едім. Қонғаннан кейін әуежайда шағын кеңес өткізіп, обком қызметкерлерінің кө­ңілсіз мәліметтерін тыңдадық. Қара­ған­ды обкомының бірінші хатшысы Локо­тунин мені резиденцияға апарып ор­наластырмақшы болды, «шахтер­лер тобыры» тым қызынып тұр, сондық­тан Мәскеудің өкілдерін күтейік, деді. «Шахтерлердің қандай мінез көр­сет­пейтініне кім кепіл? Күте тұрайық, сабаларына түссін, мүмкін үйлеріне тарап кетер», деген сөздері есімде қа­лыпты. Әңгіменің жай митингімен аяқ­тал­май­тынын сездім де, мен облыс әкімші­лігінің ғимаратына кірмей, бірден алаңға баруды ұсындым.

Қаланың орталығындағы Совет прос­пектісінде бізді сол кезде-ақ ашу қысқан шахтерлердің наразы үлкен бір тобы күтіп тұр екен. Шахтер киімдерін киген, көмірдің тозаңынан қап-қара беттері­нен көздері жылтырап қана көрінетін олардың бірталайы ұзақ митингіден шаршап, үн-түнсіз каскаларымен асфальтты даңғырлатып соғып отыр. Кейбір шахтерлер мұнда тура забойдан келген тәрізді, беттеріндегі көмірдің қара ұнтағы митингілік ахуалға одан сайын қаратүнек рең беріп тұр. Жағдай қатты шиеленісіп кеткен, айтары жоқ көрініс. Шахтерлердің кәсіподақ жетекшілері облыс басшыларымен келіссөзден бас тартып, Назарбаевтың өзін талап етеді екен.(«Қазақстан жолы», Астана, 2007, 146-бет).

Назарбаев олардың талаптарынан шыға білді. Алаң толы адамдар сілтідей тына қалды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай ереуілдердің онсыз да қиын экономикалық жағдай қалыптасқан елге үлкен зардап келтіретіндігін мысалдармен түсіндіре білді. Ереуілшілердің сан алуан қитұрқы сұрақтарына жауап беріп, жергілікті билік органдарына қатысты мәселелер­дің дереу шешім табатынына сендір­ді. Ал одақтық көлемдегі мәселелер­ді шешу үшін Мәскеуден КСРО Министр­лер Кеңесі төрағасының орынбасары В.Х.Догужиев, КСРО Көмір өнеркәсібі ми­нистрі­нің орынбасары А.Н.Пухтеев шақы­рылып, олар облыс кеншілерінің талаптарын орындау жөніндегі хаттамаға қол қойды. Ереуілшілер ертеңіне бірі қалмай жұмысқа шықты.

Кеншілер жалақыны өсіру, еңбек демалысын ұзарту, жерастында жұмыс іс­тей­тін адамдардың 20 жыл жалпы өтіл­мен жасына қарамастан, зейнеткерлікке шығуы, өндірілген көмірдің 15 пайызын шахталардың өзі сатуына қалдыру, отынды экспортқа жөнелтуден түскен қар­жы­ның 20 пайызын ұжым мүшелеріне бөліп беру тәрізді және т.б. талаптар қойды. Арада біраз уақыт өткенде бұ­лар­дың біразы орындалғанымен, қо­сымша қысым жасау күшейтіле түсті. Қолынан билік тізгіні сусып бара жатқан Мәскеудің көмір өнеркәсібінде ондаған жылдар бойында қалыптасқан қайшылықтарды түзеуге қауқары шамалы еді, деп атап көрсетеді журналист А.Несіпбаев «Қиюы табылған қиындық» деген мақаласында («Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» жинағы, Астана, 2014, құрастырушы А.Жанғожин).

Бірінші хатшы атанып, ел тізгінін жаңа ғана қолына алған адам үшін алаң толы гуілдеген ереуілшілермен тіл табыса білу, ереуілді доғарып, дереу жұмысқа шығару бір жағынан билік үшін үлкен жеңіс болса, екінші жағынан хатшыға, болашақ Елбасына қиын жағдайда жол табу, диалогты қалай құру, жұртты сөзіне сендіре білу сияқты қасиеттер қалып­тастыруда, сөз жоқ, үлкен мектеп болды.

Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа елдің бірінші басшысы ретінде (1990 жылғы 24 наурызда Жоғарғы Кеңестің сессиясында ел Президенті болып сайланды) талай алқалы жиында, жаңадан өршіген ереуілге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, өз пікірін дәйекті түрде жеткізуге тура келді. Оған тән қасиет – экономика мен саясатта берік бағыт қабылдап, соны табандылықпен жүзеге асыру болды. Сөз бен істің арасында айырмашылық болмауы керек. Сонда ғана халық сенеді, соңыңнан ереді.

КОКП ХХVІІІ съезінде Н.Назарбаев одақтық басшыларды қайта құруды ешқандай айқын жоспарсыз бастаған­дық­тары үшін өткір сынға алды. «Әлемдік нарықтық экономиканы зерттеп жүрміз деген біздің көптеген ғалымдарымыз, тұтас институттарымыз қайда?», деп тосын сұрақ та қойды.

Ал КСРО Халық депутаттарының ІV съезінде: «Мен, мысалы, біздің одақ ыдырай бастады дегенді естіген кезімде үрейге берілуге бейім емеспін. Бұл үшін орталықты тым қатты кінәлауға да бейім емеспін. Неліктен екенін білесіздер ме? Өйткені ерте ме, кеш пе, мұндай нәрсе болуға тиіс еді. Іргесі дұрыс қаланбаған ғимарат ұзақ тұра алмайды», деген мәлімдеме жасады. Бұл сәуегейлік емес еді. Терең талдау, елдің ішкі және сыртқы саясатынан мол мағлұматы бар адамның көзқарасы деп білу керек.

Республика өз құзырындағы мәселе­лерді дереу шешуге күш салғанымен, одақтық үкімет тарапынан қолдау, көмек көрсетуге пейіл көрсетілмеді. Билік жағы­нан да, қаржы жағынан да мүм­кіндігі әлі шектеулі Қазақстан шешімді әре­кеттерді қолдануға шарасыз болды. Сондықтан талаптары толық орындала қоймағандықтан кеншілер бас көтеруі басылмады.1991 жылдың 1-4 наурыз аралығында тағы ереуілге шығу ұйғарылды. Ақыры күтілгендей, 1 нау­рызда шахталардың бірқатары тоқтады. Ал басқа бір тобы ереуілге қосылмады.

Қарағанды осылай буырқанып тұр­ған шақта Н.Назарбаев кеншілермен екінші рет кездесуге келді. Төрт сағатқа созылған ұзақ әңгімеде Президент ашық сөз қозғады, жұрт та көкейдегісін ірікпей айтты. Осы жолы күні өтіп бара жатқан одаққа алаңдамай, түйінді мәсе­лелер қолма-қол шешілді. Атап айт­қанда, «Қарағандыкөмір» бірлестігі респуб­ли­калық бағынысқа көшті. Өндірілген көмірдің 5 пайызын импортқа еркін шы­ғаруға, соның есебінен еңбек ұжым­­дарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қар­жы көздерін іздестіруіне рұқсат берілді. Кәсіпорындардың өзін өзі бас­қаруына қадамдар жасалды. Бұдан кейін толқу басылып, жағдай      қалыпқа түсе бастады. (А.Несіпбаевтың аталған мақаласынан). Бірақ КСРО-ның басқа бассейндерінде кеншілер толқуы толастай қойған жоқ. Президент Н.Назарбаев проблеманы жан-жақты пысықтап, оны шешудің жолын іздеумен болды. Ақыры бір шешімге келді.

Маусымның 14-15 күндері Қараған­ды, Теміртау қалаларында Респуб­лика Президенті Н.Назарбаевтың шақыруы­мен КСРО Көмір өнеркәсібі министрі М.И.Щадов, КСРО Металлургия ми­нистрі О.Н.Сосковец, КСРО Радиоөнер­кәсібі ми­нистрі В.И.Шимко болып, Ор­та­лық Қазақстан еңбекшілерімен кез­десті, көк­т­емде шахтерлер қойған 15 та­лап­­тың орындалу барысы талқыланды. Пре­з­идент пен одақтық көмір министрі Т.Күзембаев атындағы шахтаға түсіп, оның лаваларының бойымен 4-5 километр жүріп өтті, кеншілердің жұмыс жағдайымен егжей-тегжейлі танысқан соң, шахтаның жалпы нарядтық залында бассейннің барлық ұжымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Белгілі пуб­лицист, «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Н.Оразбеков сол кездесуден мынадай көңіл аударарлық жайттар келтіреді: «Көктемде шахтерлермен кездескенде Президент олардың он бес түрлі талабының орындалуына нақты жәрдемдесуге уәде беріп, шахтерлердің жұмысын тоқтатпауды өтінген болатын... Сөзінің соңында Н.Назарбаев тар­мақ-тармағымен шахтерлер талабы­на тоқ­талып, оның 13-і шешілгенін, екеуі шешілу үстінде екенін хабарлады. Шах­терлер Президент тындырған жұ­мысқа ризашылығын білдірді. Бірақ Н.Назар­баев ренішін де жасырған жоқ.      

– Сіздер 66 күн демалыс алатын бола­сыздар. Кәдуілгі демалыс, мейрам күн­дерін қоссақ, жарты жыл ғана жұмыс іс­тейді екенсіздер. Сонда ел байлығы қалай жасалмақ, сіздердің дәулетіңіз қалай артпақ? – деді ол шахтерлерге. Шыны­на келгенде мұндай демалыс ешбір елде жоқ».

«Ең маңызды оқиға түстен кейін, металлургия комбинатының мәжіліс залында болды, – деп жазады онан кейін журналист. – Қарағанды облысының тарихында тұңғыш рет осында Республика Президенті мен одақтық министрліктер басшылары кездесуінің мазмұндамасына қол қойылды. Шындығында мұны тарихи акт деуге болады... Оның тағы бір маңызы мынада – документ республика мен одақтық органдар ынтымақтастығының жаңа үлгісі. Бұрын одақтық басқару органдары тікелей билеп-төстеп келсе, енді республикамен келісіп, ақылдасып істеуге тиіс. Мазмұндамаға қол қойыл­ған­нан кейін Н.Назарбаев елдегі саяси және экономикалық ахуалға шолу жасады. Ол Қазақстан экономикасының проблемаларын бес саусақтай білетін­дігін көрсетіп, дәйекті цифрлар мен фактілер келтірді. Біз 23 миллион тонна мұнай өндіреміз, өзіміз соның 6 миллион тоннасын ғана пайдаланатын елдегі жалғыз республикамыз. 10 миллион тонна астықты басқаларға береміз («пос­тавка» дегені), 30 мың тонна ет, 100 мың тонна жүн, хром рудасының 90 проценті, түсті металдардың 80 проценті экспортқа шығарылады. Мұнымен, әрине республиканың 17 миллион халқы шалқып тұра алады... Қазақстанға жылына 1,5 миллион тонна металл керек. Темір­тау 5,5 миллион тонна береді. Біз одан жар­ты миллион тонна ғана аламыз да, басқасын сырттан тасимыз. Неге олай болуы керек? Немесе Екібастұздың көмірі Ресейдің 87 электр станциясының жемі. Ендеше, Ресей неге кергуге тиіс? Енді бұлай болмайды. Одақтық органдардың қызметі мүлде өзгеруге тиіс. Біздің маз­мұндама сол мақсатқа қызмет етеді».

Әрі қарай газетте ел басшысының қаржы-валюта төңірегіндегі ойларынан мынадай деректер келтіреді: «Екібастұз көмірінің тоннасын 6,5 сомнан емес, бері салғанда 12 сомнан сатайықшы, қалай болар екен? Металды 2100 сомнан алады, ал халықаралық рынокта 3,5 мың доллар, хром рудасының тоннасын 27 сом­нан алып, 110 доллардан сатады, сары фосфордың 90 проценті шетелге сатылады, бізге тиетіні тиын-тебен ғана. Міне, осы әділетсіздікті қайткен күнде де жоямыз. Мен оған бар күшімді жұмсаймын, деді Президент». («Орталық Қазақстан», «Ел мүддесі бәрінен де жоғары». 18 маусым, 1991 ж.).

Сол жылдың 1 желтоқсанында бүкіл халықтың қолдауына ие болып, Прези­дент болып сайланғаннан кейін Н.Назар­баев ел қамы үшін осы ойларын жүзеге асыра бастады. Арайлап тәуелсіздіктің де таңы атып келе жатыр еді...

Ал ел тарихында елеулі із қалдырған «Шахтерлер ереуіліне» биылғы шілде айында 30 жыл толады.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»,

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

 ҚАРАҒАНДЫ