Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Бітімгерлік еңбегі жоғары бағаланады

620 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бас­тап ішкі-сыртқы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесіне баса мән берді. Мемлекет басшысының бұл еңбегі зая кеткен жоқ.

Бітімгерлік еңбегі жоғары бағаланады

Бүгінде Қазақстан осы тұ­рақ­тылық пен бейбітшіліктің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, озық инновациялармен сусындаған әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты.

Ең бастысы, Қазақстан ай­мақ­тағы, тіпті халықаралық белдеудегі қа­уіпсіздік пен тұрақтылықтың тал бесігіне айналды. Мәселен, Қа­зақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақтылық еткен кезең­де әлемдік қоғамдастық назарын Ауғанстандағы күрмеуі қиын мәселелерге аудара білді. Ауғанстандағы шынайы ахуалды тереңнен қозғап, жаһандық қауіп-қатерді түйсіне білген Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен игі істер қолға алынды. Қазақстан тарапынан да Ауғанстан еліне ауқымды әлеуметтік көмектің көрсетілуі осының айғағы болып отыр. Өйткені терроризм, есірткі тасымалы мен трансшекаралық қылмыстан зардап шеккен ел әлемдік қоғамдастықтың көмегінің арқасында ғана еңсесін тіктейді. Оның үстіне атал­ған елден бас­тау­ын алатын қауіп-қа­тер­дің ай­мақ­­тағы көршілес мемлекеттерге та­рал­мауына ешқандай кепілдік жоқ.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті Сирия дағдарысын жоюға бағыт­талған келіс­сөздерде де тарап­тарға араағайын­дық қы­лып, жағдайдың ушықпауына, мә­се­ленің бейбіт жолмен шешілуіне елеулі үлес қосты.

Жалпы, бізге Нұрсұлтан Назар­баев­тың әрбір ұсынысы, бастамасы терең сараптаулардан, жан-жағын қамтыған талдаулардан құралатыны айқын сезіледі.

Қазақстан Президентінің табиғи бітімгерлік қасиеті аймақтағы көрші­лер­дің бітіспес мәселелерін оңтайлы шешуге де ықпалын тигізуде. Айталық, бес мемлекет Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне келгенде ұзақ жылдар бойы келісе алмады. Ақыры Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің конституциясы» деп бағалаған құжатқа Ақтау қаласында қол қойылып, тараптар мәмілеге келді. Осы кезде бұрынғы шиеленістердің қалай өрістейтініне әлем елдері сырттай көз тігіп отырған болатын. Мәселе Н.Назарбаевтың күш салуымен оңынан шешілді.

Қазақстанның соңғы отыз жылдағы жетістігін, өркендеуін Нұрсұлтан Назарбаевтан бөле-жара қарауға болмайды. Оған қоса, Қазақстан Президентінің ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы және бас­тамашысы ретіндегі еңбегінің өзі бір төбе.

Сөзімнің соңында еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бас­тап, халықаралық көшбасшы деңгейіне көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыда атап көрсетілген еңбектері тарих парақтарына алтын әріппен жазыларына сенемін. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, еңбектің дәмін білетін адам ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемдік саясаттағы орны тіпті ерекше болып қала береді.


Никита МЕНДКОВИЧ,

Еуразиялық сарапшылар клубының жетекшісі

 Мәскеу