Аймақтар • 06 Шілде, 2019

Елорда күнінде қала тұрғындарына 100 тұрғын үй сертификаты тапсырылды

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда күнін мерекелеу қарсаңында мұғалімдерге, медицина қызметкерлері мен полицейлерге 1 млн теңгеге 100 тұрғын үй сертификаты тапсырылды деп қала әкімдігінің сайты хабарлады.

Елорда күнінде қала тұрғындарына 100 тұрғын үй сертификаты тапсырылды

Астаналықтарға сертификаттарды қала әкімі Алтай Көлгінов тапсырды. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде айтылған «әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» атты бірінші бастамасының міндеттерін іске асыру аясында әзірленген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын іске асыруға елорда белсенді араласқанын айтып өтті. 

Сертификаттар елордада сұранысқа ие сала мамандарына, яғни мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне және полицейлерге берілді. 

Бүгінде қалада 17 мың мұғалім бар, олар балабақшалардың 55 мың тәрбиеленушісі мен 162 мың оқушысына білім береді.  

Сонымен қатар, елордада 20 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 8 мыңы – дәрігер, 12 мыңы – орта медицина қызметкері. 

Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті күн сайын 8 мың полиция қызметкері қамтамасыз етеді.

Аталған сала мамандары қала тұрғындарына көмек көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің қорғалуын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және білім ұрпақты тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Алтай Көлгінов биыл 1500 тұрғын үй сертификатын, оның 500-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, 1000-ы көпбалалы отбасыларға табыс етілетінін мәлім етті.