Аймақтар • 07 Шілде, 2019

Маңғыстауда Ұлттық Домбыра күніне арналған шаралар жалғасуда

961 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 шілдедегі №699 Жарлығымен белгіленген жаңа мереке «Ұлттық Домбыра күнін» мерекелеуге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлттың саз байрағы – Домбыра» акциясын өткізуді жалғастыруда.

Маңғыстауда Ұлттық Домбыра күніне арналған шаралар жалғасуда

ҚХА акциясы ежелгі дәстүр – әр үйде домбыра болуын, оның ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы тарихы мен мәдениетінің сақталуына жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұруын жаңғыртуды көздейді.

7-шілде күні сағат 10:00-де Маңғыстау облысы «Ана мен бала» орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясынан 7 қасиетті домбыра сыйға» байқауы аясында «Ерекше есім», «Домбырашы ана», «Ұлттық Домбыра күні бірінші дүниеге келген сәби» номинациялары бойынша аналар мен сәбилер марапатталып, оларға құрмет көрсетілді, яғни Ақтау қалалық перзентханасында жоғарыда аталған номинациялар бойынша аналар мен сәбилер марапатталды.

Бұл шараға Маңғыстау облысы этномәдени бірлестік өкілдері, атап айтқанда «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігі, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігі, «Сакартвело» грузин этномәдени бірлестігі, «Аналар кеңесі», РЖҚ «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы мүшесі Чигин Артем ерекше үлес қосуда. Ұлты басқа болса да, қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны дәріптеу арқылы қоғамда ұлттық мәдениетті сақтау және жаңғырту идеясын насихаттауда.

Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық Домбыра күніне арналған видео-құттықтаулар, «Қоғамдық келісім» КММ Ұлттық Домбыра күніне арнаған видеолар ресми сайт пен әлеуметтік желілерге салынды.

Маңғыстау облысы