04 Қаңтар, 2013

Тірек ауылының тірлігі қуантады

350 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тірек ауылының тірлігі қуантады

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:29

Өткен жылы облыстың бірқатар елді мекендері тірек ауылы деп жарияланған-ды. Ондағы мақсат әлгіндей үздік тірек ауылдарының тірліктерін басқаға үлгі-өнеге ретінде таратып, насихаттау болатын.

Ұлылар елінде үш елді мекен осындай тірек ауылының сапына енгізілген екен. Айтты-айтпады, солардың қай-қайсысы болмасын ежелден халқы еңбекқор, шаруашы­лығы шалқыған ауыл. Оның сыртында бұ­лар­дың өткен тарихы өз алдына бір әңгіме. Мәселен, солардың бірі Саржал ауылынан бірқатар Алаш қайраткерлері шыққан болса, екінші бір ауыл – Қасқабұлақ есімі әлемге әйгілі кемеңгер қаламгер Әуезовтің туған жері болып табылады.

 

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:29

Өткен жылы облыстың бірқатар елді мекендері тірек ауылы деп жарияланған-ды. Ондағы мақсат әлгіндей үздік тірек ауылдарының тірліктерін басқаға үлгі-өнеге ретінде таратып, насихаттау болатын.

Ұлылар елінде үш елді мекен осындай тірек ауылының сапына енгізілген екен. Айтты-айтпады, солардың қай-қайсысы болмасын ежелден халқы еңбекқор, шаруашы­лығы шалқыған ауыл. Оның сыртында бұ­лар­дың өткен тарихы өз алдына бір әңгіме. Мәселен, солардың бірі Саржал ауылынан бірқатар Алаш қайраткерлері шыққан болса, екінші бір ауыл – Қасқабұлақ есімі әлемге әйгілі кемеңгер қаламгер Әуезовтің туған жері болып табылады.

Енді бүгін біз сөз еткелі отырған Көкбай ауылына келсек, оның да жөні бөлек. Кешегі кеңес заманында мұнда «Бірлік» деп аталатын шаруашылық болды. Сол «Бірлігіңіз» сол шақта республиканы айтпағанда, одақ­тық жарыстардың жеңімпазы атанып, дүркі­реп тұрды. Сондықтан да болар, осы шаруа­шылықты басқарған Омарбек Әбеуов пар­тия­ның одақтық съезінің делегаты атанса, кейінде басқа шаруашылықты басқаруға ауыс­қан екінші бір басшы Кәбір Қайыр­ха­нов республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Аталған шаруашылық­тың тағы бір үздік басшысы Сайлау Кошкин кейінде ауыл әкімі де болып жемісті еңбек етті. Партия, шаруашылық тараған соң іргелі ауылға хакім Абайдың жанынан табылған сенімді шәкірттерінің бірі Көкбай ақынның есімі берілді. Іле ақынның осындағы мешіт, медресесі мен кесенесі қайта жөнделіп қа­тар­ға қосылды, мұражайы ашылды. Соның бәріне Сайлау ағамыз бір кісідей еңбек сіңірді.

Ақынның 150 жылдығына орай был­тырғы жылы жоғарыда аталған нысандарға тағы да күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Қазірде мұндағы мектеп Көкбай ақын атында. Ауылдың бір көшесіне де ақын есімі берілген. Биыл ауылға кіреберіске қақпа орнатылған. Осы шаруаның бәрі ең алдымен тәуелсіздік жемісі екендігін кім жоққа шығарады. Болмаса кешегі кеңес кезінде өз заманына сай оқыған, тоқығаны бар Көкбай есімі молда ретінде аталмай, ескерусіз қалғаны да рас.

Мал-жанының саны жөнінен бүгінде  аудандағы іргелі ауылды соңғы алты жылдан бері осы өңірдегі тәжірибелі әкімдердің бірі Шәріпқазы Жылқыайдар басқарып келеді. Біз Көкбай ауылына келгенде қалаға кеткен әкім орнында болмады. Ауылдық округтің бас маманы, мамандығы жөнінен құрылыс­шы Гүлғайша Ақшолақова деген қарын­дасымыз әкімді жоқтатпай, барлық сауалда­рымызға тиянақты жауап беріп жатты.

Шындығында «бізде мынадай, мынадай бар» демекші, ақын ауылында оңды өзге­рістер баршылық көрінеді. Айталық, биыл көктем шыға ауыл көшелерін жарықтан­дырып, жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Нақтылап айтсақ, Шәкәрім көшесіне қиыршық тас төселіп, төрт жерден су ағатын құбыр орнатылған. Заманға сай футбол алаңы да биыл қатарға қосылған. Сол алаңға егілген екпе шөп күздің қара суығында жайқалып тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Мұнда футбол өз алдына, оқушылардың дене шынықтыру сабақтары да өтеді екен. Биыл саябақ та осы футбол алаңының жанынан салыныпты. Саябаққа мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Жастар дискотекасы да, басқа да мәдени шаралар осы саябақта, осындағы жазғы сахнада өтіп келе жатқан көрінеді. Саябақтағы «Ұлылар тұғыры» және «Ел ағалары» атты стеллаларды қызыға тамашаладық. Оның алғашқысында Көкбай ақын бастатқан осы өңірден шыққан Тайыр Жомартбаев, Есентай Бердин сынды есімі елге кеңінен танымал қаламгерлермен бірге, ұлағатты ұстаз, Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов, қоғам қайраткері Е.Хасенов сынды тағы басқа ардагерлердің бейнесі мәрмәр тасқа қашап бедерленген. Ал жоға­ры­да есімі аталған, аталмаған ел ағала­рының бейнелері екінші стелладан орын алыпты. Бұл игі шараның ең алдымен кейінгі ұрпаққа берер өнегесі мол ма дейміз.

Келесі кезекте аяңдап мәдениет үйіне соққанбыз. Осы арада сапарлас серіктеріміз аудандық ішкі саясат және мәдениет бө­лімдерінің меңгерушілері Жақсылық Екібаев пен Әсет Мырзақасым бірінен бірі қалыспай әңгімеге араласқан. Бұл екеуі де қарасөзге келгенде, сен тұра тұр, мен айта­йы­н дейтін шешен азаматтар. Сонан соң бұлар біледі, біл­ген соң айтады да. Мәселен, бұл мәдениет үйі осыдан екі жыл бұрын «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліпті. Аудандағы төрт халық театрының біреуі осында. Ол жо­ғарыда есімі аталған, алғашқы қазақ рома­ны­ның авторы Тайыр Жомартбаев атында көрі­не­ді. Сол өнер ұжымы аудандағы басқа халық театры арасынан топ жарып, облыс орталығы Өскеменде өткелі жатқан театр фестиваліне берілетін жолдаманы жеңіп алыпты.

Ауданның басқа ауылдарынан табыла бер­мейтін оркестр де, эстрадалық ансамбль де осы ауылда. Ауыл ардагерлерінің ан­самблі мұның сыртында. Жуырда олар да облыстық байқауға қатысып келіпті. Ауыл­дың мәдениет үйінде алты өнерпаз штатта көрінеді. Ғимарат тенмен жылытылады, яғни іші де сырты сияқты таза. Осының бәрі қосыла келгенде Көкбай ауылы өнерпазда­рының биыл аудан орталығында М.Әуе­зовтің 115 жыл­ды­ғына орай өткізілген «Өркендей бер, ауылым» атты ауыл күндері байқауында бас жүлдені иемденулеріне жол ашыпты.

Осы орайда бұл ауылдағы биылғы тағы бір жаңалық осындағы мектеп, интернат, балабақшаға теплофонның орнатылуы ма дейміз. Былтырғы жылы мұндай қондырғы ауданның Тоқтамыс ауылындағы мектепке орнатылған екен. Бұл өзі жылылыққа да, та­залыққа да тиімді секілді. Егер түпкі нә­тижеде солай болып шықса, алда ауданның басқа мектеп, мекемелеріне осындай қон­дыр­ғылар орнатылмақ. Былтырғы жылы ашыл­ған бұл интернатта қазірде отыз жет­кін­шек білім, тәрбие алып жатқанын көріп білдік. «Интернатта оқып жатқан талай қазақ баласынан» хакім Абай қалайша үміт күтсе, шалғайда тұрып жатқан еңбек­кер­лердің ұрпақтарының болашағынан бізге неге үміт күтпеске!

Сөз соңында Көкбай ауылының экономи­калық жағына да тоқтала кетсек дейміз. Мұн­да жұмыссыздық қысқарып келе жатқа­ны қуантады. Жұмыспен қамту бағдарлама­сы аясында мұнда жеті адам Үкіметтен жеті миллион теңгеден астам несие алып, іске кірісіп кетіпті. Соның барлығы дерлік мал өсірумен шұғылдануда. Қазірде бұл ауылда жүзден астам шаруа қожалығы бар көрінеді. Соның біразы асыл тұқымды қой, сиыр, жылқы өсірумен шұғылдануда. Былтырғы жыл­дың тоғыз айымен салыстырғанда, биыл­ғы жыл­дың осы мерзімінде мал өнім­дерін өндірудің барлық түрі бойынша біршама асыра орын­далған. Нақтылап айтсақ, ет өндіру – 109, сүт – 112, ал жүн өндіру 130 пайызға артқан.

Міне, аудандағы бір тірек ауылының бүгінгі тірлігі осындай. Ал соған орай барды неге бар демеске!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

журналист.

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы.

_____________

Суретте: тірек ауылының тірлігінен көрініс.

Суретті түсірген автор.

Соңғы жаңалықтар